Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында дизель отынының тапшылығынан автобустар тоқтап қалған

Опубликовано:

автобус
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы облысы Іле ауданы Қараой ауылының тұрғындары үшін қалаға қатынау қиындаған. Себебі күнделікті жүріп тұрған қоғамдық көлік екі аптадан бері тоқтап қалған, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Қараой ауылы тұрғындарының қоғамдық көлік мәселесін көтеріп жүргеніне 4 жылдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында ауыл жұрты тұрақты қатынайтын автобусқа жарымаған. Бірде сынып тұрса, енді бірде жанармай жоқ болады. Мұндағы 80 пайыз халық Алматы қаласына барып жұмыс істейтін көрінеді. Соңғы екі аптадан бері автобус мүлде тоқтап қалған. Халық тапқан-таянғанының таскиге кетіп жатқанына ашулы.

"Байсеркеден 250 теңге,  ал Саяхатқа дейін 500 теңге алады. Саяхаттан ары қарай да қатынап істейтіндер бар", – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Досжанова.

Телеарна мәлім еткендей, күнделікті жүріп тұрған автобустардың өзі ауыл округі әкімдігіне қарамайды, жекеменшік көліктер. Кәсіпкер бұл жобаны мемлекеттік сатып алулармен тендер арқылы ұтып алған көрінеді. Сондықтан жол ақысының бекітілген нақты бағасы жоқ.

"Менің қызым 7-сынып оқиды. Байсеркеге дейін 100 теңге қызымнан толық алыпты. "Ағай, мен оқушымын ғой, 7-сынып оқимын" десе, қазір демалыс екенін айтыпты", – деді Қараой ауылдық округінің тұрғыны Назира Жексенбаева.

Ауыл мен қала арасына бар болғаны 10 автобус қатынайды. Олардың жүру интервалы 30 минут. Ауыл әкімдігі бастапқыда қоғамдық көліктің тоқтап қалу себебін дизель отынының тапшылығымен түсіндірген. Десе де, қазір жанар-жағармай мәселесі тұрақталды. Соған қарамастан, жекеменшік компания иесі қоғамдық көліктерін әлі күнге дейін шығармай отыр.  

"Қазір дизель отыны мәселесі бойынша проблема жоқ. Біз тиісті компанияға көлікті шығарыңдар деп өз тарапымнан талап қойып жатырмыз", – деді Қараой ауылдық округінің әкімі Айдос Тәженов.

Ауыл әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы келісімшарт дұрыс орындалмауынан ортада қараша халық зардап шеккен. Тұрғындар бәрінен бұрын балалары үшін алаңдайды. Себебі оқу жылының басталуына небәрі бір апта қалды. Оқушылар мектепке де сол автобуспен барады.

Телеарна тілшілері Қараой ауылдық округі мен қала арасында қатынайтын автобустардың неліктен қаңтарылып тұрғанын білу үшін автотұраққа барған. Бірақ басшылықтан телеарнаға жауап беретін ешкім болмаған. Халықтың ендігі бар үміті ауыл әкімдігінің қандай шешім қабылдайтынына байланысты болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984725-almaty-oblysynda-dizel-otynynyn-tapsylygynan-avtobustar-toqtap-qalgan/

pixel