Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол дем алып жатты": алматылық полицейлер жаңа туған нәрестені құтқарып қалды

Опубликовано:

Нәресте
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматылық полицейлер жаңа туған нәрестені құтқарып қалды. Оқиға 24 тамыз күні түнде қаланың Түрксіб ауданында болған, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түрксіб аудандық ПБ-ның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатуновтың айтуынша, полицияға түнгі сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағаны туралы қоңырау келіп түскен.

Бұл сәттен жас ана қаладағы ауруханалардың біріне жатқызылған. Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін Нұржан Шатунов оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрген.

Ол қыздың анасынан болған жайтқа дейін оның сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білген. Дәретхананы тексере келе ішінен қан іздерін байқап, шұңқырда жатқан баланы көрген.

"Ол дем алып жатты. Осы кезде тергеу-жедел тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Біз дәретхананың еденінен тақтайларын тез алып, әріптесім Ғазиз төмен түсті. Сөйтіп баланы қызметтік көйлегіне орап, шығарып алды. Сол кезде нәресте жылады. Баланы тез арада дәрігерлерге тапсырдық", – дейді оқиғаны баяндаған Нұржан Шатунов.

Ал 17 жастағы жасөспірімнің анасы қызының аяғы ауыр екенін білмегенін айтқан. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

Нұржан Шатуновтың сөзінше, олар сәбидің жағдайын біліп қайтқан. Қазір нәресте жансақтау бөлімінде жатыр, дегенмен өз бетінше дем алуда.

"Бұл жаңалыққа баланы құтқаруға қатысқан барлық әріптесім қатты қуанды. Ол туғаннан бері өмірі үшін күресті. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты болып өсе берсін. Мен үш ұлдың әкесімін. Сондықтан бұл оқиға мені бей-жай қалдырмады", – дейді Нұржан Шатунов.

Полиция қызметкері әріптестерімен бірге алдағы уақытта да баланың тағдырын бақылайтынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984815-ol-dem-alyp-zatty-almatylyq-policeiler-zana-tugan-naresteni-qutqaryp-qaldy/

pixel