"Дәрігерлер қызымның қолын кеспек болды": Түркістандық ана 12 жасар қызын құтқару үшін елден жанұшыра көмек сұрады
Жарияланған күні:
Түркістан қаласының тұрғыны, 12 жастағы Алима Әнуарбек сүйектің қатерлі ісігімен бір жылдан бері күресіп келеді. Қызының қолында ақау барын біліп, дер кезінде дәрігерге көрсеткен ата-анасының өмірі де соңғы уақытта күрт өзгерген. Олар жас жеткіншек қызын құтқару үшін аянып жатқан жоқ. Десе де, дерт күн сайын меңдеп, қымбат оталардың ақысын төлеу қиындап барады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алиманың анасы Мадина Мәмбетқұлованың айтуынша, жасөспірім қызы аты жаман ауруға 2021 жылдың наурызында шалдыққан.
"Былтыр ақпанда қолының ауырғанын айта бергесін, дәрігерге апардық. Олар жаман аурудан секемденіп, биопсия тапсыртты. Өкінішке қарай, өмірімізде естімеген ауыр дерттің қызымызға жабысқанын білдік. Алимаға "Юинг Саркомасы" диагнозы қойылған. Нақтырақ айтар болсам, бұл - сүйектің қатерлі ісігі. Алматылық дәрігерлер Алиманың қолын кесіп тастау керектігін айтты. Біз оған келіспей, бар мал-мүлкімізді сатып, Түркияның Стамбул қаласына келдік. Алғаш келген ауруханамыз алты курс химиотерапиядан кейін емдеуден бас тартты. Содан соң, басқа емханаға келдік. Қуанышқа қарай, бұл жерде қызымыздың қолын кескен жоқ, аман алып қалды. Түрлі химиотерапия мен отаны қосқанда, 100 мың АҚШ долларын төледік", - дейді Мадина Мамбетқұлова.
Түркістандық отбасы дүние-мүлкін сатып, бұған дейін ешкімге қол жаймай, қызын емдеткен. Бірақ жақында тексерілуге барған Алимадан дәрігерлер тағы бір қатерлі дертті тауып отыр.
"2022 жылдың ақпанында қызымызды үйге шығарды. Ал мамырда қайта тексеріліп едік, нәтиже нашар шықты. Ісік қолдан мойынға өтіп, өкпеге метастаз жайылған. Бұл жағдай бізді тағы да есеңгіретіп тастады. Десе де, бар күшімізді жинап, қызымыздың өмірі үшін күресіп жатырмыз. Бізге 8 курс химиотерапия, 30 курс радиотерапия тағайындады. Жалпы есебі 34 мың АҚШ доллары қажет. Осы уақытқа дейін ешкімнен сұрамадық. Қазір басқа амалымыз қалмай тұр. Қайырымды жандар, қызымызды құтқаруға көмектесіңіздерші! Біздің уақыт аз, ал жинайтын қаражат өте көп. Көмектеріңізге мұқтажбыз", - дейді Алиманың анасы.
Алима Әнуарбекке көмектесем деушілер үшін реквизиттер.
Kaspi Gold: +7 702 155 10 55
51 69 49 71 64 92 55 33, Мадина М., анасы
Халық банк: +7 701 871 36 77, Адил Д., әкесі
44 05 63 97 66 97 69 12
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984919-darigerler-qyzymnyn-qolyn-kespek-boldy-turkistandyq-ana-12-zasar-qyzyn-qutqaru-usin-elden-zanusyra-komek-surady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.