Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында кассадан 6 млн теңге қаражаттың ұрланған сәті видеоға түсіп қалды

Опубликовано:

Ер адамның кассадан ақша ұрлау сәті
Оқиға орны. Видеодан кадр: Polisia.kz

Түркістан облысында қойма кассасынан 6 млн теңге ұрланды. Ұрлық жасалған сәт сол жердегі бейнекамераға жазылып қалған. Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта бұл фактіге қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ІІМ ресми сайты Polisia.kz.

Ақпараттық порталдың мәліметінше, Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған.

Ер адамның айтуынша, оның сусындар тұратын қоймасына белгісіз біреу кіріп, кассада тұрған 6 млн теңгесін ұрлап кеткен.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша тіркеуге алып, қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырған.

Олар көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шыққан.

Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар күдікті анықталған. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шыққан.

Анықталғандай, күдікті бұрын сол жерде жүк тасушы болып жұмыс істеген. Ұрлық жасамас бұрын сол күні 16:00 шамасында қойма ішіне кіріп, жұмысшылардың үйіне қайтқанын күтіп, 5 сағаттай жасырынып отырған.

Жұмыс уақыты аяқталып, қоймадағылар үйлеріне тарқаған сәтте ешкімнің қалмағанына көз жеткізіп, ойын іске асырған. Яғни, сағат 21:30 шамасында қойманың терезесінен кассаға өтіп, 6 млн теңгені сөмкесіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Одан айғақты зат ретінде 1,5 млн теңге алынып, иесіне қайтарылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1984961-turkistan-oblysynda-kassadan-6-mln-tenge-qarazattyn-urlangan-sati-videoga-tusip-qaldy/

pixel