Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Смайылов қанттың ең төменгі бағасын белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды

Опубликовано:

Қант
Көрнекі сурет: pixabay.com

Премьер-министр Әлихан Смайылов үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігіне алдағы жылдары қант саласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді. Тиісті ведомство қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеген, деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.

Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлауынша, ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Әбілхайыр Тамабек мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қант саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленгенін жеткізген.

Ол қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды, жаңа суармалы жерлерді іске қосуды, суарудың су үнемдеу технологияларын енгізуді, тұқым шаруашылығын дамытуды, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейді.

Министр қызметін уақытша атқарушы Тамабек жоспарды іске асыру 2026 жылға қарай қант импортының үлесін 58-ден 17 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өткен.

Сонымен қатар бұл тақырып бойынша Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та баяндама жасаған.

Талқылауды қорытындылаған премьер-министр қант зауыттарын барынша жаңғыртып, олардың өндірістік қуатын арттыру туралы тапсырма берген. 

Әлихан Смайылов бірінші кезекте қант зауыттарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтқан. Ол үшін егіс алқаптарын 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін, яғни 3 есе арттыру жоспарланып отыр.

"Жалпы қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет", — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспарды толық көлемде орындауды тапсырды.

Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985143-2026-zylga-qarai-qazaqstannyn-qant-importyna-taueldiligi-17-paiyzga-deiin-qysqarmaq/

pixel