Алматы облысының әкімдігі казино ғимаратына көшкені рас па: Ведомство жауап берді (фото)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желілерде Алматы облысы әкімдігі Қонаевтағы казино ғимаратына көшіп барғаны туралы ақпаратты талқылау жалғасуда. Өңір басшысының баспасөз қызметі аталған ақпаратқа қатысты ресми жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Алматы облысы әкімдігі Қапшағай тас жолындағы казинолардың бірінің ғимаратына көшкені туралы әлеуметтік желілердегі видеоны талқылау жалғасуда.
"Ең керемет әкімдік", – деп жазған видео авторы.
Пайдаланушылар видеоға қатысты әзіл-шыны аралас пікірлерін жаудырған.
"Әйтеуір ғимарат екен. Бір нәрсе жасалуда", "Әкімдік казиноға қарағанда көп табыс әкеледі", "Қазақстандағы ең керемет әкімдік. Мұндай басқа еш жерде жоқ", – деп пікір білдірген желі қолданушылары.
Алматы облысы басшысының баспасөз қызметі тарап жатқан ақпаратты жоққа шығарды.
Ведомство әкім аппараты қазір Жамбыл көшесі, 13-үй мекенжайы бойынша орналасқан Қонаев қалалық әкімшілігінің бұрынғы ғимаратына барып жайғасқанын мәлім етті.
"Қонаев қаласының әкімдігі орналасқан дәл осы ғимаратта қазір көптеген облыстық басқарма жайғасқан. Осы жерде өңір басшысының жұмыс кабинеті де бар. Тек білім басқармасының қызметкерлері ғана қалалық мектептердің біріне жайғасқан, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы басқа жерге орналасты. Ал қала әкімдігінің қызметкерлері жергілікті бизнес-орталық ғимаратына көшті", – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Шенеуніктер сөзіне дәлел ретінде Қонаев және Алматы облысы әкімдіктері ғимараттарының фотосуреттерін ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуір айында Алматы облысының әкімдігі казино ғимаратына көшеді деген қауесет тараған еді. Ведомство оның жалған екенін айтқан болатын. Қонаевтағы әр түрлі үй-жайларды қарап шыққан жұмыс комиссиясы да құрылды. Ғимарат туралы мәселе ашық қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1985903-almaty-oblysynyn-akimdigi-qaida-ornalasqany-belgili-boldy-foto/