"Король лев" фильмімен танымал әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті туралы не білеміз (видео)

Опубликовано:

"Король лев" фильмімен танылған әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті АҚШ-тағы жұмысы туралы ағынан жарылды
Ахмет Елеукенов. Фото: Жеке мұрағат

Алматы тумасы Ахмет Елеукенов – әлемге әйгілі кинокомпозитор Ханс Циммердің АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан студиясына жұмысқа қабылданған алғашқы қазақ жігіті. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Ахмет "Гладиатор", "Приаты Карибского моря", "Король лев" және т.б фильмдерге музыка жазып, танымал болған Ханс Циммердің студиясындағы жұмысы туралы ағынан жарылды.

- Ахмет, екі рет Оскар жүлдесін алған Циммер секілді әйгілі адамның студиясына жұмысқа тұру қиынға соқпады ма? Композитормен студияда жүздесу мүмкін болды ма?

- Алғашында түйіндемемді студияға жолдадым. Сұхбатқа барынша дайындалып, ақыры жұмысқа қабылдандым. Ханс Циммердің Ремоут Контрол Продакшнс студиясында көп адам жұмыс істейді. Сол себепті онымен студияда жүздесудің жалғыз жолы – кофе құятын орында кездейсоқ кездесіп қалу немесе онымен істес болып жүрген өзге композиторлар арқылы танысу.

Мәселен мен Циммердің дыбыс режиссері, бірнеше Грэммидің иегері Алан Майерсонға "Отель Трансильвания 3" фильміне музыка жазуға әрі Циммердің ассистентінің ассистентіне "Король лев" римейкін жасауға ассистент ретінде көмектескенімде, Циммермен жеке танысу құрметіне ие болдым.

"Король лев" фильмімен танымал әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті туралы не білеміз (фото, видео)
Фото: Жеке мұрағат

- Студиядағы жұмыста сізге бірінші кезекте не ұнады?

Маған ерекше ұнағаны, мұнда сен Циммердің студиясында бөлме жалдап отырған кез келген композиторға бас сұғып, оның қалай музыка жазып жатқанын бақылай аласың, осылайша көп нәрсені үйрене аласың. Мен бұл мүмкіндікті қалт жібермедім, талай танымал композиторға бас сұқтым, солардың бірі – "Оно" хоррорының композиторы Бенджамин Волфиш.

- Студияда қандай қызмет атқардыңыз? Қандай фильмдерге музыка жазуға атсалыстыңыз?

- Мен ол жерде "бір адамнан құралған әскер" іспеттес болдым. Яғни, оркестрлік шеберлік, композиторлық, музыкалық технологияларды білу, фортепианода ойнау және басқа да дағдылар бірдей сұранысқа ие болды. Ассистент ретінде фильмдерге музыка жазуға атсалыстым. Сондай-ақ тәулігіне жиырма төрт сағат жұмыстан қолы босамайтындардан басқаларының бәрі студияның жағдайына бас-көз болып жүруі керек. Мен де студияға қарайлап жүрдім.

- Ол жерде жұмыс істеу біздің елмен салыстырғанда қиынырақ болған болар?

- Жұмыс оңай емес. Циммердің тәулік бойы жұмыс істеймін деген әзілі шындыққа жанасады. Студиядағы адамдар кофе құятын құрылғысыз жұмыс күнін өткізбейді. Үш ғимараттан құралған студия аймағы кофе құйылған шыныларға толы. Ұйқысы қанбаған композиторлар ассистенттерін кеңсеге үш уақыт тағам әкелуге жұмсап отырады. Егер он жыл осындай қарбалас жұмысқа шыдай алсаңыз, табысы жоғары белді композитор атануға мүмкіндігіңіз бар деген сөз.

Десе де бір жақсысы мұнда ең озық технологиялар мен жұмыс тәсілдері қолданылады. Фильмге арналған барша музыка индустриясы осы студияға ілесуге тырысады десем, артық айтпаймын. Студияға көз тіккен фильм шығарушылар композиторларға жоғары талап қояды. Мұнда 30 жыл бұрын композиторларға режиссер үшін фортепианода ойнап, музыканың қай жерде, қалай дыбысталатынын айту жеткілікті болатын, әрі жұмысқа кемінде бір ай уақыт берілетін. Ал бүгінде әр дыбыс барынша табиғи естілуі керек деген талап қойылады, оркестрді тарта отырып, музыканы дайындауға небәрі 1-2 апта уақыт беріледі.

- Циммерді алғаш көргенде қандай әсерде болдыңыз?

- Кішіпейіл адам екені бірден байқалады. Жағымды адам болғанымен, өте талапшыл. Композитор ретінде ноталарды оқи алмайды, бұл кинокомпозиторға нотаны білу міндетті емес екенін тағы бір дәлелдейді. Бастысы барлық клиентінің көңілінен шыға білетін адам.

- АҚШ-та жұмысыңызды тоқтатып, елге оралуыңызға не себеп болды?

- Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, онда күні-түні жұмыс істеу денсаулыққа ауыр тиетіні анық еді. Екіншіден, "Болашақ" бағдарламасы бойынша Лондонда білім алғандықтан, өз еліме оралып, жұмыс істеуім керек болды. Үшіншіден, олардың музыка жазу стилі жаныма жақын келетін Джон Уильямс, Ховард Шор, Эннио Морриконе стилінен өзгешелеу еді.

"Король лев" фильмімен танылған әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті АҚШ-тағы жұмысы туралы ағынан жарылды
Фото: Жеке мұрағат

- Елге оралғаннан кейін шетелдік композиторлармен жұмысыңыз тоқтап қалған жоқ па?

- Жоқ, әлі күнге дейін олармен бірге жұмыс істеп жүрмін. Елге оралмастан бұрын Дэнни Эльфманның студиясына кастингтен өттім. Канадалық Эмми сыйлығының лауреаты, жас композитор Даррен Фангтың маған оң мінездеме бергені студияның мені таңдауына септігін тигізді, бұл үшін оған алғысым шексіз. Бірақ елге оралуым қажет болғандықтан, студияда жұмыс істеу мүмкіндігі болмады. Даррен Фангтің оркестрлеушісі әрі пианисі болып жұмыс істедім және әлі күнге дейін жұмыс істеп келемін. Голливудта үнемі уақыт тапшы, сондықтан композиторлар өз жұмысын жеңілдету үшін өзгенің ақылы көмегіне жүгінеді.

- Басқа қандай танымал тұлғалармен жолыға алдыңыз?

- Джон Дебни ("Страсти Христовы", "Лжец Лжец"), Джон Пауэлл ("Как приручить дракона"), Алан Сильвестри ("Назад в Будущее", "Мстители", "Форест Гамп", "Хищник" және т.б.), екі рет Оскар иеленген Александр Депла, Крис Бек ("Замерзшие") сынды композиторлармен таныстым. Одан бөлек Алекс Хеффес ("Последний Король Шотландии"), Дэнни Лакс ("Анатомия Грэй"), Саймон Франглен ("Аватар 2") және өзге де музыка саласындағы белді тұлғаларды кездестірдім.

"Король лев" фильмімен танымал әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті туралы не білеміз (фото, видео)
Фото: Жеке мұрағат

- Лос-Анджелетен Алматыға қайтып оралғанда қандай әсерде болдыңыз?

- Мен үшін қайда тұрғаным емес, кіммен бірге тұрғаным маңызды. Лос-Анджелесте жұмыс таппасаң, өмір сүру қиын. Ал Алматы туып-өскен жерім болғандықтан, қайтып оралғаныма еш өкінбеймін.

- Алматыда жұмыс таба алдыңыз ба?

- Мұнда музыка нарығының аясы айтарлықтай кең болмағандықтан, жұмыс табу сәл қиынырақ. Себебі Лос-Анджелес тұрғындарының саны бүкіл Қазақстан халқының санымен тең. Мен талай режиссерге жаздым. Бірақ әзірге тек Ахат Ибраев жауап берді. Тамаша жарнама режиссері Паша Каштановпен кездестім. Композитор Артық Тоқсанбаевтың көмегімен Рашид Нұғмановтың "Бату" атты жаңа телехикаясында бірге жұмыс істей алдым.

Авторлық құқық тұрғысынан АҚШ-пен салыстырғанда Алматыда жағдай сәл өзгешелеу. Алматыда бір келісімшартты жасасқанымда, мені он рет авторлық құқықтан айыру сөз етілген құжатты алдыма алып келді. Заңгеріммен бірге келісімшартты әділетті етіп өңдеп, қайта ұсынғанымда, олар түзетулермен тіпті танысқысы келмеді. Бәлкім келісімшартқа мән бермейтін өзге қызметкерді тапқан болар? Десе де АҚШ-та Циммерден бастап барлық танымал композитор келісімшартқа, өзгенің авторлық құқығын сақтауға сыйластықпен қарайды.

"Король лев" фильмімен танымал әйгілі композитордың студиясында қызмет еткен қазақ жігіті туралы не білеміз (фото, видео)
Фото: Жеке мұрағат

- Оркестрлеуші болып жұмыс істейтініңізді айттыңыз, оның қызметіне не кіреді?

- Егер сіз жанды дауыста музыканттар ойнайтын концертте болсаңыз, олардың музыканы оқып отыратынын байқайсыз. Оркестрлеушілер музыканы нотаға түсіріп, оны музыканттар оқи алатындай етеді. Негізінде, оркестрлеу мен фильмдерге музыка жазу бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан Вильямс, Шор, Морриконе сынды музыкалық білімі бар барлық дерлік танымал композитор оркестрлеуді меңгерген.

- Қазақстанда АҚШ-тағыдай студия ашу ойыңызда бар ма? Елдегі кинокомпозиторлық саласының болашағына қандай үлес қосқыңыз келеді?

- Кинокомпозитордың жұмысы өрге жүзуі үшін алдымен елде фильмдер көптеп жарыққа шығуы керек. Егер өз елімде менімен жұмыс істеуге әзір фильм түсірушілер бар болса, оларға көмегімді ұсынудан бас тартпас едім. Ата-бабадан қалған мұрамызды қайта жаңғыртып, музыканы әуелету тұрғысынан өзіндік жоспарларым бар, бұл бағытта еліміздің болашағы зор деп ойлаймын. Бізге тек жоғары бәсекеге төтеп бере алатын команда құрып, бір-бірімізге қолдау көрсете отырып, Батыс нарығын бағындыру қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1986001-korol-lev-filmimen-tanymal-aigili-kompozitordyn-studiyasynda-qyzmet-etken-qazaq-zigiti-turaly-ne-bilemiz-video/