"Шешімді сот қабылдайды": Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Хаменованың айыптауына пікір білдірді

Опубликовано:

Хаменова
Сот отырысы. Фото: NUR.KZ/Әйгерім Сайқын

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Telegram-каналында Бақытгүл Хаменованың оны ведомство тарапынан негізсіз қудалау туралы мәлімдемесіне пікір білдірді.

Атырау облысында бірнеше күннен бері облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот процесі жүріп жатыр. Ол жемқорлық жасады деген күдікке ілінген. Сот отырыстарының бірінде Хаменова өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген.

Сотталушының сөзін "Мой город" басылымы жазған.

"Қазір мықтылар заманы. Антикор заманы. Антикор оларға тек Хаменова керек деп айтқан", - деген еді экс-шенеунік.

Сотталушының сөзіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пікір білдірді.

"Өткен жылдың желтоқсан айында Хаменова Мәдениет басқармасының басшысы А.Рысқалиевпен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны және міндеттемелерді орындау барысында жалпы қамқорлығы үшін "Балқыту" ЖШС директоры У. Адамовтан алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында 4,5 млн. теңге сомасында пара алғаны үшін әшкереленгенін хабарлаймыз.

Оның әрекеттері жиналған дәлелдемелерді, оның ішінде жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін, сондай-ақ күдіктілер мен куәлардың тікелей айғақтарын ескере отырып сараланады.

Тағылған айыптың негізділігі мен заңдылығы прокурормен расталды. Хаменованың және басқа адамдардың кінәсі туралы қорытынды шешімді сот қабылдайды", - делінген қызмет хабарламасында.

Еске сала кетейік, кеше Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өткенін хабарлаған едік. Сотталушы өзіне тағылған ешбір айыпты мойындамайтынын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987197-qorytyndy-sesimdi-sot-qabyldaidy-sybailas-zemqorlyqqa-qarsy-qyzmet-xamenovanyn-aiyptauyna-pikir-bildirdi/