Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрігерлер қызымның басын ашамыз деді": Қызылордалық алты жасар бүлдіршін сирек кездесетін дертпен күресуде

Опубликовано:

Азиза Болатбекке шұғыл көмек керек
Азиза Болатбек: жеке мұрағат

Қызылорда қаласының алты жасар тұрғыны Азиза Болатбек үшін биылғы жаз өте ауыр өтті. Дені сау туылып, ата-анасының көз қуанышы болған бүлдіршін биыл мектепке баруға тиіс еді. Алайда алғыр балақай қыркүйекке санаулы айлар қалғанда ауыр дертке ұшырады. Бүгінде ата-анасы Азизаны аман алып қалу үшін бар дүние-мүлкін сатып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Азиза Нұрсұлтанқызы өте алғыр, білімді әрі көңілді бүлдіршін болып өсіп келеді. Жан-жануарларды ерекше жақсы көретін бауырмал балақай қазір тосыннан келген дертпен арпалысуда. Азизаның анасы Балнұрдың айтуынша, маусым айында қызы аяқ астынан құсып, басының қатты ауыратынын айтып жылай бастаған.

"Күнделікті қарбалас тіршілік болатын. Қызым аяқ астынан құсып, басы ауыратынын айтты. Біз дереу жедел жәрдем шақырып, ауруханаға бардық. Бірақ дәрігерлер қазір балалар арасында құсу, бас ауыру көп екенін, кәдуілгі вирустардан екенін айтып, бізді шығарып салды. Көңілге алған жоқпыз. Бірақ қызым мүлде тамақ ішпеді, ертесіне таңда Азизаның түрі ұнаған жоқ өзіме. Бірге алып кетпек болып, машинаға сала бергенімде, аузынан көбік атып, аяқ-қолы тартылып қалды. Содан бері аурухана жағалап жүрміз. Жергілікті мамандар көпке дейін қызымның диагнозын таба алмады. Тек МРТ түсірген соң ғана, қызымның басында қан ұйып тұрғанын байқадық", - дейді Балнұр.

Бүгінге дейін кішкентай Азизаға Нұр-Сұлтан қаласында ота жасалды. Отадан соң қан көлемі азайғанымен, бастағы көктамыр мен күретамырдың бір-біріне оратылып қалған тұсы әлі жазылар емес.

"Нұр-Сұлтандағы нейрохирургиялық орталықта ота жасаттық. Тамырлар кішкентай болғандықтан, екінші отаны басын ашып жасау керектігін айтты. Бірақ басын ашып жасаған соң қызымның мүгедек болып, көзі көрмей, аяқ-қолы тартылып қалу мүмкіндігі көп екен. Біз бұған келіспей, Түркиядан мықты дәрігер таптық. Ол қызымыздың 100 пайыз емделетінін айтып отыр. Себебі ісік зиянсыз, бірақ осылай ем жасамай, отыра берсек, өміріне қауіп төнеді.

Дәл осындай диагноз қойылған 14 жасар жерлесіміз қазір аман-есен ота жасатып келді. Қазір мектепке барып жүр. Біз де осылай қызымыздың алаңсыз мектепке барғанын қалаймыз. Жалпы есебі 20 миллион теңге керек. Қолымызда көлікті сатқаннан түскен 6 миллион теңге ғана бар. Осы орайда, барлық мейірімді жаннан Азиза қызымызды құтқаруға көмектесуді жалынып сұраймыз. Отадан кейін қызым көп нәрсені ұмытып қалды. Әжесінің, өзінің атын білмей, ұзақ уақыт есіне түсіре алмай қиналды. Сөйлеген кезде де тосылып қалады. Басындағы дерт бұған кедергі болып тұрғаны анық. Қызымның аман-есен жазылуына қол ұшын беріңіздерші", - дейді бүлдіршіннің анасы.

Азиза Болатбек, 6 жаста. Диагноз: бастағы көктамыр мен күретамырдың оратылуы (АВМ)

Реквизит:

Kaspi картасы: 4400 4301 2203 0569 Нұрсұлтан.А

Kaspi Gold: +7 700 242 70 00 Нұрсұлтан. А (әкесі)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987312-darigerler-qyzymnyn-basyn-asamyz-dedi-qyzylordalyq-alty-zasar-buldirsin-sirek-kezdesetin-dertpen-kuresude/

pixel