Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адам саудасына қатысты қылмыстық іс: ІІМ жаңа деректерді жариялады

Опубликовано:

Полиция әйелдің қолына кісен салуда
Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Шымкент полициясы апалы-сіңлі үш қызды ұстады. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға, жеңгетайлыққа, сондай-ақ жыныстық қанау мақсатында адам саудасына тартқан деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында олардың қылмыстық әрекеттері Шымкент, Түркістан және Тараз қалаларында жүзеге асырылғаны анықталды.

"Топтағы рөлдер нақты бөлінген. Оның ұйымдастырушылары үш апалы-сіңлілі болып шықты. Олар сенімді адамдарымен бірге қылмыстық әрекеттерді үйлестірген. Қорқыту мен бопсалау, “айыппұлдар” арқылы қыздарды синтетикалық есірткі қолдануға және ақылы (кейде әр түрлі тауар үшін де) жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген", – делінген хабарламада.

Құқық қоргаушылардың айтуынша, топтың кейбір мүшелері жас әйелдер мен қыздарды іздеумен айналысқан. Олармен танысып, сеніміне кіре отырып, осы “іске” тартқан.

Белгілі болғандай, қыздарды әлеуметтік желі арқылы Қарағанды, Семей, Атырау, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан тапқан. Билет сатып алу мен тұруға кеткен шығынды қылмыстық топтың ұйымдастырушылары төлеген.

Топтың басқа мүшелері “әкімші” және “кассир” рөлін атқарған. Олар қыздардың тәртібін қадағалап, есеп пен касса жүргізіп, интернеттегі жарнамалар арқылы табылған “клиенттерді” қабылдап отырған.

Қылмыстық топтың тапқан табысы, бүгінгі ақпарат бойынша шамамен 150 миллион теңгені құрайды.

"Жыныстық сауданың құрбандары арасында 17 мен 25 жас аралығындағы 14 қыз бар, оның ішінде 6-ы кәмелетке толмағандар. Қыздарды жалдамалы пәтерлерде ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бірқатар жағдайларда күдіктілер қыздарды өзімен бірге ертіп, қонақүйлер мен сауналарға апарған", – дейді полициядағылар.

Ал қыздар туған-туыстарын тыныштандыру үшін ата-аналарына бала күтуші болып жұмыс істейтіндерін айтқан.

"Кейбір жағдайларда ұйымдастырушылар қыздардың ата-аналарымен кездесуге барып, өздерін “бала күтушіге жұмыс беруші” сияқты көрсеткен", – дейді құқық қорғау мамандары.

Барлығы 11 адам ұсталды, олар қазір Шымкенттегі тергеу изоляторында қамауда.

"Осы факті бойынша 18 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде: 2 дерек Қылмыстық кодекстің 262-бабының 1, 2-бөлігі (Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу), 5 дерек Қылмыстық кодекстің 128-бабы (Адам саудасы), 5 дерек Қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі (Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту), 2 дерек Қылмыстық кодекстің 308-бабы (Жезөкшелікке тарту), 3 дерек Қылмыстық кодекстің 309-бабы (Притон ұстау мен жеңгетайлық), 1 дерек Қылмыстық кодекстің 297-бабы (Есірткі заттарын алу, сақтау, тасымалдау) бойынша тіркелді", – делінген ресми хабарламада.

Ведомстволық медиа-порталдың хабарлауынша, тергеу жалғасуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1987906-adam-saudasyna-qatysty-qylmystyq-is-iim-zana-derekterdi-zariyalady/

pixel