"Талып қалдым": Ақтөбедегі әскери бөлім сарбазы жел шығарып қойғаны үшін басынан қатты соққы алған

Опубликовано:

Алдияр Кеңесбек
Алдияр Кеңесбек. Видеодан кадр: КТК арнасы

Ақтөбедегі әскери бөлімде борышын өтеп жатқан сарбаз жел шығарып қойғаны үшін басынан қатты соққы алғанын айтады. Енді ата-анасы әскерге сау кеткен ұлына қиянат жасаған адамды жазалауды сұрайды, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, қазір Алдияр үйінде емделіп жатыр.

Телеарнаға сұхбат берген сарбаздың туыстары оның Ақтөбедегі 6655 әскери бөлім сержантының соққысынан денсаулығына зиян келгенін алға тартады.

Алдияр маусым айында Тараздан Ақтөбеге әскери борышын өтеуге барған. Жәбірленушінің сөзінше, ол жатар алдында казармада жел жіберіп қойған. Сол үшін сержанттан таяқ жегенін айтады.

"Жай жел жіберіп қойғаным үшін бәрі жиіркеніп кетті. Басқа жаққа барып тұрғанмын. Жағымсыз иістің кімнен шыққанын сұрағанда мен екенімді айттым. Ана жерде тұрған, сонымен басымнан ұрды. Ары қарай есімді білмеймін, талып қалдым. Санитарлық бөлімге апарды, сол жерден есімді жидым", - дейді Алдияр Кеңесбек.

Телеарна тілшілеріне белгілі болғандай, сарбаз денсаулығына шағымданып екі ай жүріп, ақыры ауруханаға жатқызылған. Сол жерден белгісіз біреу науқастың туыстарына хабар берген. Ақтөбеге шұғыл жеткен әкесі ұлын Таразға алып қайтқан.

7 қазанда емдеуге берілген демалыс мерзімі аяқталып, Алдияр қайта әскерге оралуға тиіс. Бірақ әкесі ұлын жібергісі жоқ. 

"Қайтіп жіберемін? Өткенде мен бармағанда баланың өлігін әкеледі екенмін", - дейді сарбаздың әкесі Кеңесбек Әбдірайымов.

Ақтөбедегі 6655 әскери бөлімі жағдайға қатысты БАҚ-қа ресми пікір білдірмеген. Әскери прокуратура болса "қызмет бабын асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғалғанын мәлім еткен.

"Әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімімен Қылмыстық кодекстің 451-бабы, 1-бөлігі бойынша тергеп-тексеру басталды. Қазір тиісті шұғыл тергеу жүргізіліп жатыр. Медициналық сараптама тағайындалды", - дейді Ақтөбе гарнизонының әскери прокуроры Жандарбек Спан.

Ал сержанттың кесірінен ұлының денсаулығына зиян келгенін айтқан ата-ана баласына қиянат жасаған әскери қызметкерді қатаң жазалауды сұрайды.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1988816-talyp-qaldym-aqtobedegi-askeri-bolim-sarbazy-zel-sygaryp-qoigany-usin-basynan-qatty-soqqy-algan/