Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресеймен шекарада қазақстандықтарға бөлек дәліз бөлінді

Опубликовано:

Бақылау-өткізу пункті
Бақылау-өткізу пункті. Көрнекі фото: pixabay.com

Сенбі, 1 қазанда премьер-министр Әлихан Смайылов көші-қонның өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 21-28 қыркүйек аралығында елде Ресей федерациясынан келген мигранттардың үлкен легі тіркелгенін жеткізді, оның сөзінше, бұл әдеттегіден 2-3 есе көп.

Сонымен қатар, соңғы екі күнде бұл елден келетіндер санының азайғаны байқалған (29 қыркүйекте – 22 мың адам, 30 қыркүйекте – 14 мың адам).

"Осы кезеңде Ресей федерациясының 382 азаматы тұрақты тұруға және 64-і Қазақстан республикасының азаматтығын алуға өтініш білдірді", - деді ІІМ басшысы.

Министрдің айтуынша, бүгінде еліміздегі криминогендік жағдай тұрақты. Мигранттар тарапынан Қазақстан азаматтарына қарсы қылмыстар тіркелмеген.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұмановтың айтуынша, тиісті инфрақұрылымы бар өткізу пункттерінде Қазақстан азаматтарына, жүк көліктеріне және шетелдіктерге бөлек дәліздер бөлінген.

"Бүгінде Қазақстан азаматтары үшін шекарадан өтуде ешқандай проблема жоқ", - деп сендірді ол.

Бұл ретте премьер-министр кейбір өткізу пункттерінде әлі де кезекте тұрғандар көп екенін атап өткен.

"Ресей шекара қызметімен өзара іс-қимылды күшейтіп, екі бағытта да адамдар көп шоғырланбайтындай бірыңғай алгоритм әзірлеу керек, өйткені бұл бизнес пен халықтың теріс реакциясын тудырады", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ кеңесте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ішкі рейстер, автомобиль және теміржол тасымалы санын арттыру туралы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы туралы, Әділет министрі Қанат Мусин тұрғын үйді жалға алу кезінде азаматтардың құқықтары мен кепілдіктерін нақтылау туралы баяндама жасады.

Одан бөлек өңірлер әкімдері аймақтардағы жағдай туралы есеп берді.

Баяндамашыларды тыңдаған премьер-министр жүк және жеңіл көліктердің шекарадан өтуін жеделдету үшін жүктемесі жоғары шекара бекеттерін кеңейту шараларын қабылдау керектігін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1990600-reseimen-sekarada-qazaqstandyqtarga-bolek-daliz-bolindi/

pixel