Павлодар облысында алдағы үш жылда 10 мектеп салынады

Опубликовано:

Мектеп
Көрнекі фото: Ақорда

Павлодар жұртшылығымен кездесуінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір жастарының білім алуына жағдай жасап, ғылыми қызметкерлердің абырой-беделін көтеру қажет екенін баса айтты, деп хабарлайды БОРТN1 Telegram арнасы.

"Осы өңірдің әйгілі перзенттері туралы айтқанда Мәшһүр Жүсіпті айналып өте алмаймыз. Оның терең ой-тұжырымдары ұрпақты ілім-білімге ұмтылуға, жаңашылдыққа жақын болуға үндейді. Ғұлама ойшылдың озық идеялары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан бүгін ғылым мен білімнің ордасы болған өлкеден бүкіл елге білімпаздық туралы ойларымды жеткізгім келеді.

Біз Жаңа Әділетті Қазақстанды құрамыз. Ал бұл мақсатқа елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана жетеміз", - деді президент.

Осы орайда мемлекет басшысы барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасалуы керек екенін айта келе, Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынатынын жеткізді.

"Құрылысты сапалы салып, уақытылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс.

Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ президент ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға назар аударылуы қажет екенін айтқан.

"Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады.

Сонымен бірге, "Жас ғалым" жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді", - деп атап өтті президент.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991236-pavlodar-oblysynda-aldagy-us-zylda-10-mektep-salynady/