Түркістан облысында қаржы пирамидасы ісі бойынша 25 адам сотталды
Жарияланған күні:
Түркістан облысында 1000 томнан тұратын қаржы пирамидасы ісі бойынша сот процесі аяқталып, 25 адамға үкім шықты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомстволық сайттың жазуынша, 7 қазандағы сот отырысында екі мыңнан астам жәбірленушінің ісіне нүкте қойылған.
Нақтырақ айтсақ, жәбірленушілер Evolution Corporation мен "Индиго 24" ЖШС қаржы пирамидасының құрбаны болғанын айтып, 2020 жылдан бастап полицияға арыздана бастаған.
Сол сәтте жасалған қылмыстың ауқымы ескеріліп, ІІМ-нің бұйрығымен қылмыстық іс Түркістан облысы полиция департаментінің базасында жүргізіліп, тәжірибелі тергеушілер тобы құрылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру бір жылдан астам уақыт бойы жалғасқан. Жедел қолға алынған жұмыстар нәтижесінде қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен полиция қызметкерлері 25 адамды анықтап, ұстаған. Олардан компьютерлік техника, жылжымалы және жылжымайтын мүліктер тәркіленген.
Осы уақыт ішінде полицейлер мен прокурорлар дәлелдер жинау бойынша ауқымды жұмыстар атқарған. Сараптаманың 15 түрі тағайындалған.
Нәтижесінде тергеушілер қылмыстық топтың бірнеше жыл бойы салымшыларға ақшалары еселеп қайтатыны бойынша уәде беріп, тұрғындардан алаяқтық жолмен 3 миллиард теңгеден асатын қаражатты иемденгенін анықтаған.
Сондай-ақ қылмыстық топтың ұйымдасқан сипатта болғаны, жоспарланған түрде әрекет еткені және әр қатысушының рөлдері нақты бөлінгені дәлелденген.
Сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң 1000 томдық қылмыстық істі сотқа жолданған.
Бүгін, 7 қазанда осы қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққан.
Атап айтсақ, қаржы пирамидасын ұйымдастырушы және құрылтайшылары болып саналатын 3 адам 12 жылға, ал олардың орынбасарлары болған 5 адам 10 жылға, қалған 17 адам 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сотталушылардың ең үлкені 55 жастағы әйел болса, ең жасы – 31 жаста.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991714-turkistan-oblysynda-qarzy-piramidasy-isi-boiynsa-25-adam-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.