"Қартаймау үшін барымды саламын": Өзінен 8 жас үлкен қызға үйленген жігіт өзін сынағандарға жауап берді

Опубликовано:

Сымбат пен Қуаныш түсірілім алаңында
Сымбат пен Қуаныш. Фото: elarna

Өзінен сегіз жас үлкен қызға үйленген алматылық азамат Қуаныш жұбайы Сымбатпен бірге Жаңа қадам бағдарламасында қонақ болды. Әлеуметтік желіде ұзақ уақыт талқыға түскен ерлі-зайыптылар халық алдына шығып, отбасылық өмірінен хабар берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Айта кетелік, Қуаныш пен Сымбат 2021 жылы шаңырақ көтерді. Олар бір жерде жұмыс істеген. 2000 жылы туылған Қуаныш өзінен сегіз жас үлкен қызды алудан қорыққан жоқ.

"Алғашында ата-анам қарсы болды. "Ол қызбен тұра аласың ба?", "Ел не дейді?" деген сұрақтар болғаны рас. Бізде елдің не дегені маңызды, білесіз ғой... Мен алдымен қызбен танысуды ұсындым. Содан кейін шешім қабылдайтынымды айттым. Ата-анама Сымбат қатты ұнады. Анам шақырып алып: "Үлкендігі білінбейді. Жарасып тұрсыңдар", - деді. Содан кейін алып қашуды ойлай бастадым", - деді Қуаныш.

Қуаныш Сымбат екеуіне қатысты жазылған әлеуметтік желідегі түрлі хейтерлердің пікіріне мүлде назар аудармайтынын айтты.

"Мен ешқандай желіде отырмаймын. Ешкімнің пікірін оқымаймын. Ол маған не үшін керек? Тыңдамаймын. Жазса жаза берсін. Бұл - менің өмірім", - дейді ол.

Өзінен сегіз жас үлкен қызға үйленген жігіт келіншегін "әжеге" теңеген жандарға да жауап берді.

"Ертең әже болса не істейсің деп айтып жатыр. Мейлі, бола берсін. Мен бастысы сүйемін ғой... Әйел адамды қартайту оңай. Егер оны үйде отырғызып қойсаң, дұрыс қарамасаң, көңіл бөлмесең, әрине, қартайып кетеді. Ал мен бұл кісіні қартайтпау үшін барымды саламын. Қыдыртамын, көңілін аулаймын. Тіпті, оның мүлде қартаймағанын қалаймын", - деді Қуаныш.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1991720-qartaimau-usin-barymdy-salamyn-ozinen-8-zas-ulken-qyzga-uilengen-zigit-ozin-synagandarga-zauap-berdi/