"Хаменова 4,5 млн теңгені демеушіліктің ақшасы деп түсінді": Сотталушылардың бірі күтпеген мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Бақытгүл Хаменова сот отырысында
Бақытгүл Хаменова сот отырысында. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бақытгүл Хаменоваға қатысты кезекті сот отырысында сотталушылардың бірі, Атырау облысы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев күтпеген мәлімдеме жасады. Ол өзінің алғашқыда берген жауабын өзгертіп, Хаменованың параға қатысы жоқ екенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Мен осыған дейін көп ойландым. Осыған дейінгі әрекеттерді көріп отырып, қатты шаршадым. Бүгін шындықты айтуды жөн көрдім. Антикор мені ұстаған кезде есеңгіреген күйде болдым. Антикор қызметкерлерінің бірі бұл қаржыны облыс әкімі Хаменоваға арналған деп көрсетуім керек екенін айтты. Егер солай жасасам, бұл үшін жауапкершілікке тартылмайтынымды жеткізді. Олар дайындаған сценарий бойынша әрекет еттім.

Басында бірінші берген жауаптарыммен қаламын деп тырысқанмын. Мені сол нұсқаулықтан өткізген Антикор қызметкерлері "осылай соңына дейін барсаң өзің үшін бәрі жақсы болады, қорғалу құқығына ие болып қаласың, жауапкершілікке тартылмайсың, бәрінен де босатыласың" деген болатын.

Бірақ күні бүгінге дейін олардың тарапынан мені қорғау, қолдау туралы әрекеттер жасалмағандықтан мен шындықты айтуды жөн көрдім. Бұл қаражат демеушілік ақша, ел үшін жасалған жұмыстардың жыртығын жамауға керек болған.

Мен Хаменованың кабинетінде неден бастарымды, қалай жеткізерімді білмедім. Сондықтан "4,500 мың" деп жазып бердім. Басында ол кісі ештеңе түсінбеді, сондықтан маған 2 млн 500-ді Жәнібекке беруді, 2 млн теңгені қалдыра тұруды айтты. Яғни, бұл ақшаны Хаменова демеушіліктің ақшасы деп түсінді. Мұның бәрін мен Антикордың айтуымен жасадым", - дейді Рысқалиев.

Ақылбек Рысқалиев
Ақылбек Рысқалиев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Рысқалиевтың мәлімдемесінен кейін Хаменова сөз алды. 

"Мұсылмандық танытқаныңызға, Антикордан емес, Алладан қорыққаныңызға, 10 ай бойы тар қапаста қамалып отырсам да, бүгін шындықты айтқаныңызға мен рахмет айтамын", - деді ол бұрынғы әріптесіне. 

Айта кету керек, атыраулық экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова "пара алды" деген күдікке ілінген болатын.

Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевтың ісі Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша тергелген. Ал "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігі бойынша тергеуге алынған.

Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992661-xamenova-45-mln-dy-demeusiliktin-aqsasy-dep-tusindi-sottalusylardyn-biri-kutpegen-malimdeme-zasady/