"Сыныптасы көзіне қалам тығып алған": ШҚО-да ұлының көзі шығып кеткен әке халықтан жанұшыра көмек сұрады
Жарияланған күні:
Еркеғали Нұрланның сол көзіне сыныптасы сабақ үстінде қаламсап лақтырып, ауыр жарақаттаған. Оған "көздің мүйізгек қабығы" (язва роговица) деген диагноз қойылған. Барлық мән-жайды бүгінде Алматыда ота жасатып, ем алып жатқан баланың әкесі KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді.
Әкесінің айтуынша, аталған жайттың салдарынан ұлының көзінен тоқтамай қан аққан.
"Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында тұрамыз. Балам осындағы мектептің 4-сыныбында оқып жүрген еді. 2021 жылдың 16 ақпан күні баламды әдеттегідей мектепке шығарып салдым. Түскі сағат 12-де сынып жетекшісі хабарласты.
Барсақ, баламның көзін қан жауып кеткен. Содан дереу Қатонқарағай аудандық ауруханасына апардық.
Сөйтіп, әйелім ауданнан жедел жәрдеммен Өскемендегі "Ана мен бала" орталығына алып кетті. Алғашқы ота төрт сағат жасалды. Он күн жатты. Наурыз айында жібін алғызған кезде көзінің 25 пайызы ғана көреді деген қорытынды шығарды", – дейді баланың әкесі Серік Әкімбаев.
Еркеғали Нұрланның әкесінің айтуынша, осы отадан кейін мектеп ұжымы 66 мың мен ұлының сынып жетекшісі 100 мың теңге ақша жинап берген.
"Балаларымды мектепке апаруға қорқамын. Сап-сау жүрген баламның көзі мынадай болды. Қолымда 80-ге келген әкем мен 76 жастағы анам бар. Шешем көзден, әкем құлақтан қалған.
Ертең ер жеткенде "Әке, ақшаңды аядың ба? Неге емдетпедің?" деп айта ма деп қорқамын. Нан пісірумен айналысатын шағын наубайханамыз бар еді. Баланы емдетеміз деп әрі-бері шапқылап, жұмыс та тоқтап қалды. Қазір әке-шешемнің зейнетақысына ғана күн көріп жүрміз", – дейді ол.
Қазір Еркеғали Алматыдағы көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында жатыр. Өткен аптада ота жасалған. Бұл оның бесінші отасы. Оған дейін Ресейдің Новосібір қаласына екі рет барса да, ота жасауға қаражат жетпей қайта келген. Қазір баланың сол көзі 2 пайыз ғана көреді.
"Ұлымның арманы – "Жас ұлан" мектебінде оқып, әскери маман атану еді. Енді міне, оны әскерге де алмайды. Сап-сау жүрген балам 3-топ мүгедегі болып қалды. Көз ауруларын емдейтін талай орталыққа бардық. Бірақ ешқайсысы кепілдік бермейді. Ендігі бар үміт – Санкт-Петербург қаласының мамандарында. Мұнда бару үшін кем дегенде 7 миллион теңге керек екен. Қайырымды, мейірімді жандар көмектессе, баламның көзінің 50 пайызын сақтап қалсақ деген әкелік арманым бар", – дейді көзіне жас алған әке.
РЕКВИЗИТ:
8778 975 10 26 Серік А. – әкесі
Карта нөмірі: 4400 4302 8874 1397 – Serik Akimbayev
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992669-synyptasy-kozine-kalam-tygyp-algan-sqo-da-ulynyn-kozi-sygyp-ketken-ake-xalyqtan-zanusyra-komek-surady/