Алтын дән - 2022: Қызылордада үздік шаруалар автокөлік мінді (фото)
Жарияланған күні:
Астықты өлкедегі Сыр елінің шаруалары биыл су тапшылығының қиындығына қарамастан мол өнім алды. Диханшылар 188 500 гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алды. Бүгін аймақта егін жинау науқаны қорытындыланып, "Алтын дән" салтанатты шарасы өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев дала еңбеккерлерін марапаттап, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Қызылорда облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мемлекет басшысының қолдауымен Сырдария өзенінің жоғары ағысында орналасқан мемлекеттер арасындағы келіссөздер нәтижесінде су көлемі былтырғы деңгейден көбейді. Бұл ретте диқан қауымның ұсыныс-тілектерін ескере келе, президентіміздің пәрменімен күріш егісі көлемін 78 600 гектар көлемінде қалдырдық. Даланың дана диханы Ыбырай Жақаев "егініне қарап - қырманы, күтіміне қарап - түсімі" деген.
Күрделі жағдайға қарамастан күріштің әр гектарынан 70 центнерден аса өнім алған "Ақтөбе и к", "Жаңажол", "Абзал и К", "Мағжан и К", "Ақжарма и К", "Ақжарма - 1" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 90-100 центнерден өнім алған күрішші-звеноводтарымызды мақтан тұтамыз. Қамбамыз дәнге, қорамыз малға толып, халқымыздың құт-берекесі арта берсін", - деді облыс әкімі.
Сыр дихандары осы жылы күріш егуді жылдағыдан ерте 15 сәуірде бастап, 10 қазанға дейін аяқтады. Өңірде суды үнемдеу мақсатында Қазалы ауданында жаңбырлатып суару тәсілімен 87 гектар жерге жүгері егілсе, алғаш рет түрік компаниясымен бірлескен құны 13,8 миллиард теңге болатын қызанақ пастасын өндіретін зауыт салынады. Өндіріс жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын шығарады.
Тағы бір атап өтерлігі, биыл аймақта бақша өнімдерін егуге басымдық берілді. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында ірі шаруашылықтар егіс егуге ынталы ауыл халқына 10-15 гектардан жер дайындап, 6802 отбасы 1833 гектарға өнім еккен. Салтанатты шарада ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан қос қайраткер Жарылқасын Шәрiпов пен Имамзада Шағыртаев "Қызылорда облысының Құрметтi азаматы" атанды. Сондай-ақ, "Алтын дән" шарасында бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің "Құрмет" грамотасы, ауыл шаруашылығы министрлігінің "Еңбек ардагері" медалі мен "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Ал, жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинация иеленді. Салтанатты шарада облыс әкімі "Мағжан и К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі үздік қызметкерлеріне "Lada Vesta" жеңіл автокөлікін сыйға тартса, "Жаңажол", "Ақжарма и К" қожалықтарына "Lada Granta" тұлпарын табыстады. Ал, "Таң ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен "Ақжар" шаруа қожалығы озат жұмысшылары "Chevrolet" автокөлігін мінді.
Аудандар арасында "Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы" номинациясы бойынша Қазалы ауданы марапатталса, "Мал шаруашылығы" саласында Арал ауданы үздік болды. Сондай-ақ, "Егін шаруашылығы" номинациясында Шиелі ауданы жеңімпаз атанды. Ал "Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үздік аудан" атағы Сырдария ауданына бұйырды.
Құрмет төрінен орын алған еңбккерлер арасында озат шопан, бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайншы, агроном, бригадир арнайы алғысқа кенелді. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сыр елінің сахна жұлдыздары дала еңбеккерлерінің құрметіне әуезді ән айтып, мерекені думанға бөледі.
Айта кетейік, ертең диқаншылар жиған өнімдерін тоқшылық мерекесі жәрмеңкеге апарады. Сырбойылықтар 1000 тонна өнімді базар бағамынан 15-20 пайыз төмен бағада ала алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992854-altyn-dan-2022-qyzylordada-uzdik-sarualar-avtokolik-mindi-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.