Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Республика күніне орай Сыр өңірінде өтетін іс-шаралармен таныстырды

Опубликовано:

Нұрымбет Сақтағанов
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

25 қазан – Республика күні орай Сыр елінде өтетін іс-шаралармен халықты ақпараттандыру мақсатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.

Ұлытау төріндегі Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Республика күні мәртебесін қайтаруды ұсынды.

Елдіктің еңселі рухы, бірліктің биік байрағы бар елде егемендік мерекесін Ұлттық мереке ретінде атап өтудің маңызы айрықша. Аталмыш мерекені ұлықтап, елдігімізді ұлықтау мақсатында Президент Әкімшілігімен іс-шаралар тұжырымдамасы әзірленді. Сыр елінде Ұлттық мереке аясында өтетін іс-шаралармен халықты ақпараттандыру мақсатында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді.

баспасөз конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"Облыс көлемінде Ұлттық мереке аясында 1000-ға жуық шара ұйымдастырылады. Бұл күні әрбір азамат мемлекеттің дамуы мен Қазақстанның қалыптасуына қосқан жеке үлесінің маңыздылығын сезінуі тиіс. Аймақтың басты мерекелік салтанатты шарасы 22 қазан күні Н.Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық академиялық драма театрында өтеді. Ел игілігі жолында бірқатар әлеуметтік жаңа нысандар ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, келісім мен бірлікті насихаттайтын, мәдени-бұқаралық, қайырымдылық, экологиялық бағыттағы іс-шаралар да мерекенің маңызын айшықтай түспек", - дейді Нұрымбет Аманұлы.

Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, барлық жергілікті атқарушы органдар мен мекемелерде салтанатты жиындар өткізіледі. Бүгінде Республика күнінің жаңа ұлттық мереке ретінде қоғамдағы тарихи мәртебесін бекіту мақсатында әлеуметтік желілерде "Қыран елім – Қазақстаным!" патриоттық акциясы бастау алды. Акция патриоттық өлеңдер жариялау, көркем суреттер байқауы және ерекше видео құттықтаулар жазу секілді үш бағытты қамтиды. Бұл шараға аймақ тұрғындары да белсене қатыса алады.

Балалар жылы аясындағы атқарылған істердің ауқымдысы ретінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен салынып жатқан ойын алаңдарын айтуға болады. Аталмыш мереке қарсаңында құрылысы жүріп жатқан 80 ойын алаңының 67-сі пайдалануға беріледі.

баспасөз конференция
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Айта кетейік, облыстың волонтерлік, қайырымдылық және ерікті ұйымдары арқылы азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған "Жанашыр Жүрек" халықтық акциясы өткізіледі. Халықтық акциядан жергілікті бизнес-қоғамдастық, демеушілер, меценаттар қалыс қалмайды деп білеміз.

Тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарап, экологиялық тәрбиеге баулу мақсатында "Таза табиғат" атауымен жаппай экологиялық науқан, отбасылық экологиялық дәстүрлерді қалыптастыру мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, ағаш отырғызу, оларды қысқы маусымға дайындау, жақын маңдағы саябақтарда, скверлерді, үй маңындағы учаскелерге күтім жасау бойынша "Менің үйім", "Менің аулам" отбасылық акцияларды, "Таза лайк" жалпыхалықтық сенбіліктерді ұйымдастыру жоспарланған.

Республика күнін мерекелік күнтізбеде қайта жаңғырту тәуелсіздік жолындағы халқымыздың тарихи еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына айналмақ. Жалпы, мерекелік іс-шаралар азаматтардың жағымды көңіл-күйін қалыптастыруға, тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етуге тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993271-qyzylorda-oblysy-akiminin-orynbasary-respublika-kunine-orai-syr-onirinde-otetin-is-saralarmen-tanystyrdy/