Cтуденттерге бірыңғай киім үлгісін енгізу ұсынылды
Жарияланған күні:
Биылғы оқу жылының басында бірқатар оқу орындары студенттеріне киімге қатысты талап қойып, кейін бұл талапты ескермеген кейбір студенттерін оқу ғимаратының табалдырығынан аттатпай қойды.
Себебі баз бір студенттердің киімі университеттің ішкі тәртібіне сай емес көрінеді. Мәселен, красовка, спорттық киім мен шорты, қысқа юбка киген студенттер дәрістерге кіргізілмеуі керек. Әрине, бұл тыйым өз кезегінде студенттердің де наразылығын туғызды.
Осы орайда "әзірге кейбір университеттердің ғана ішкі тәртібі саналып отырған студенттердің киіну мәдениетін жалпыға ортақ ету керек пе? Жоғары оқу орындарының студенттеріне бірыңғай киім үлгісін енгізу қажет емес пе?" деген сауалдарды ЖОО басшыларының назарына ұсынып көрген едік.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры:
"Иә"
– Өз басым бұл ұсынысты қуана құптаймын. Жоғары оқу орны – студенттердің оқу ордасы ғана емес, тәрбие ошағы. Студенттердің бірыңғай киім үлгісі өзінің мәдениеттілігін танытып қана қоймай, оқу ордасына, ұстаздарына деген құрметінің белгісі саналады.
Сондықтан оқу ордасындағы студенттер білімімен ғана емес, киім кию мәдениетімен де ерекшеленіп тұруы керек. Осы орайда өзім басқарып отырған оқу ордасының студенттері де осы талапқа сай болып киінгенін қалар едім. Мәселен, біз шорты, майка мен жалаң аяғына красовка, кеды кие салып келген студенттерді оқу ордасына кіргізбейміз.
Әрине, жастар өзінше әлем-жәлем киінгісі келетін шығар. Бірақ олар, ең алдымен, өзі білім алып отырған оқу ордасының ішкі тәртібіне бағынуы тиіс.
Бүгінде біздің студенттеріміздің барлығы университеттің бұл ішкі тәртібіне бағынған және бұл бастаманы қолдайды. Сондықтан бүгінде бірен-саран университет қана емес, еліміздегі жаппай жоғары оқу орындары студенттерінің барлығына бірдей бірыңғай киім үлгісі енгізілсе дұрыс болар еді.
Тіпті әр университет оны өздерінің имиджіне сай қалыптастыра алса, тіпті жақсы. Өйткені студенттің киіміне қарап, оның қай университеттің студенті екенін танып алуға да мүмкіндік болар еді. Егер жастар соңғы үлгіге сай әлем-жәлем киінгісі келсе, олай киініп баратын басқа жерлер де жетерлік деп санаймын.
Біз сөз етіп отырған жайт, негізі, бұрыннан тәжірибеде бар нәрсе. Мәселен, батыстың кейбір оқу орындары өз студенттерінің киім үлгісін қалыптастыра алған. Олардағы студент киімі тіпті әр жоғары оқу орнының бренді секілді қалыптасқан. Біз де студенттердің киім үлгісін осындай дәрежеге жеткізе алсақ, керемет болар еді.
Бір жағынан, бұл студенттер арасындағы теңсіздікті де жояр еді. Әйтпесе университетке сән үлгісін көрсетуге келгендей киініп келетін, білімімен емес, киіп жүрген киімімен өзара бәсекеге түсетін студенттер де баршылық. Ал студент оқу ордасында сапалы білім алып, білікті маман болып шығуды ғана ойлауы керек.
Осы орайда жоғары оқу орны студенттеріне бірыңғай киім үлгісін енгізу арқылы біз студенттер арасындағы теңсіздікті жоюға мүмкіндік алар едік. Осыған байланысты Чеховтың "адамның ішкі жан дүниесі де, тәні де, үстіне киген киімі де, ақыл ойы да сұлу болуы керек" деген сөзі де бар. Ендеше, жоғары білім алып жатқан жастарымыз неге барлық жағынан тартымды көрінбеске?!
Осы орайда бұл ережені ЖОО студенттеріне ғана емес, колледж студенттеріне де енгізу артықтық етпес еді. Өйткені білім алу ошақтарының шәкірттері ешқандай теңсіздікті сезінбей, тек білім алуды ғана ойлауы тиіс. Негізі, жалпы студенттерге тән киімге қатысты осындай бір тыйым енгізбесек, бүгінде студенттер ойына келгенін киіп, қалағанын иығына іліп бетімен кетіп бара жатыр.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, Қарағанды "Болашақ" университетінің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор:
"Жоқ"
– Жоқ, бұл дұрыс емес. Өз басым бұл ұсынысты құптамаймын. Онсыз да олар 11 жыл бойына мектепте бірыңғай мектеп формасымен жүреді. Енді кәмелеттік жасқа толған соң тағы да олардың не киіп жүргенін қадағалап, бірыңғай киім үлгісін кигізуге тырысудың қажеті жоқ.
Бұл сөзсіз студенттердің де наразылығын тудырады. Олар инкубатор секілді бірдей болып жүргісі келмейді. Ендеше, олар қаламаған нәрсені тықпалай берудің қажеті жоқ. Студенттердің сапалы білім алуы киіміне тіреліп тұрған жоқ деп санаймын. Білім алғысы келген студент ешкімнің киіміне қарамастан, университет қабырғасында сапалы білім алуға тырысады. Адам болғаннан кейін әртүрлі киініп, соңғы үлгіге сай әдемі болып жүргісі келеді. Ал біз оларға неге шектеу қоюымыз керек?
Осы орайда жастар жасына сай қалағанын кигені дұрыс деп ойлаймын.
Рас, батыста кейбір оқу орындары студенттерінің өз киім үлгілері қалыптасқан. Бірақ олардағы жағдайды бізбен салыстыруға келмейді. Ертеңгі күні жоғары оқу орындарына бірыңғай киім үлгісін енгізгенімізбен, оны алуға бірінің жағдайы жетіп, ал кейбіреуінің мүлдем жағдайы жетпеуі де мүмкін. Оның үстіне аптаның алты күнінде бір киіммен жүру студенттерге де қолайсыздық әкеледі. Осы орайда жоғары оқу орындарында бірыңғай киім кию дұрыс емес деп ойлаймын.
Жоғары оқу орны – мектеп емес, онда кәмелеттік жасқа толған, ақыл-ой санасы қалыптасқан жастар білім алады. Мұндай шектеулер арқылы біз жастардың еркіндігіне қол сұғамыз. Оларды шектемей, керісінше, еркін жүріп тұруға, ойлауға, өз ойын еркін жеткізе білуге үйретуіміз керек. Себебі көп тыйым сала берсек, жастарымыз жасық болып өсуі мүмкін. Сондықтан жоғары оқу орындары студенттеріне арналған бірыңғай киім үлгісін енгізудің мүлдем қажеті жоқ.
Бейтарап пікір
Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, "Еркенұр" сән үйінің директоры, модельер:
– Бұл мені көптен бері ойландырып жүрген нәрсе еді. Сондықтан студенттерге сай жинақы, классикалық үлгідегі кейбір эскиздерді сызып та қойғанмын. Жақында оны кейбір оқу орындары басшыларының назарына ұсыну туралы ойым бар. Мен студенттер киімі ашық-шашық, тым әлем-жәлем болмағаны дұрыс деп санаймын. Және студенттерге арналған киім бағасын қолжетімді етіп жасау туралы да ойланып жүрмін.
Өйткені әншейінде оқытушылардан артық киініп, соңғы сән үлгісінен қалмауды қалайтын студенттер ертеңгі күні арнайы жасалған студент формасы бағасының қымбаттығын сылтауратып, жаңа киім үлгісіне наразылық тудыруы да әбден мүмкін. Осының бәрін ескере отырып, студенттерге арналған киім үлгісінің барлық жағынан сай болуын ойластырудамыз. Айта кетер жайт – студенттерге арналған киім үлгісін тым ашық-шашық етпей, заманға сай сән үлгісімен түрлендіріп отыруға да болады. Сондықтан бұл ұсыныстан шошып, бірыңғай киім үлгісі тым жұтаң, бәрі бір қалыптан шыққандай, жастарды жалықтырарлықтай болады деген ой туындамауы керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/199352-ctudentterge-biryngaj-kiim-ylgisin-engizu-ysynyldy/