Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Нағыз ерлердің жұмысы": Тіс дәрігері болып жүріп, өрт сөндіру қызметіне ауысқан жігіт жайлы не білеміз

Опубликовано:

Андрей Блюменштейн
Андрей Блюменштейн. Фото: Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі

Ақтөбелік Андрей Блюменштейн 2018 жылы тіс дәрігері болып жүріп, Ақтөбе қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші болып ауысқан. Оның басқа мамандықты таңдағаны көп адамды таңғалдырған, деп хабарлайды ТЖМ ресми сайтында.

Ақтөбе облыстық ТЖД-ның мәліметінше, Андрей 1995 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ақкемер ауылында дүниеге келген.

"Қазақ ауылында өскен соң, қазақ халқының батырлығын үлгі тұтуға тырысамын. Күшті рух, мықты жігер, қайсысын алсақ та, дәрігер мен өрт сөндірушілерде бар қасиет. Әсіресе, өрт сөндірушілер сол қасиеттер арқылы құтқару қызметін атқарып, адамзатқа үлкен пайда әкеледі. Сондықтан олар өн бойына үлкен жауапкершілікті жүктеп, қолынан келген барлық мүмкіндікті жасайды", - дейді ақтөбелік өрт сөндіруші.

Андрей неліктен өзі оқыған мамандықты тастап, құтқарушы болу туралы шешімге келгенін айтып берді.

"Біріншіден, өрт сөндірушілер адамдарды құтқарады. Білесіз бе, өрт басталды деп хабар келген кезде бірден оқиға орнынан табылу міндетті дүние. Өйткені, қанша адамның өмірі қыл үстінде болуы мүмкін. Оқиға аумағындағы адамдарды қауіпсіз жерге орналастырып, алғашқы медициналық көмекті де көрсетеміз. Осы тұрғыдан қарағанда, дәргерлік мамандықты меңгеруімнің пайдасы алғашқы медициналық көмек көрсеткенде іске асты.

Бірден іске кірісіп, өрттің көлеміне қарай 10 минут пен 30 минут аралығында сөндіруге тырысамыз. Тіпті ең қауіпті аймақтан кішкентай баланы құтқарған кезім де болды. Меніңше, бұндай әрекетке бару үшін ер-азаматқа тән қасиеттерге ие болу керек. Неге десеңіз, бойыңда қорқыныш пен сенімсіздік болса, басқа адам түгілі, өз өміріңді құтқару мүмкін емес деп есептеймін", - дейді ол.  

Құтқарушылар
Құтқарушылар. Фото: Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі

Андрейдің сөзінше, құтқарушы мамандығын таңдаудағы екінші себебі - өрт сөндірушілер материалдық құндылықты сақтап қала алады.

"Біздің міндетіміз – тек адам өмірін құтқару емес. Қолымыздан келсе, тұрмыстық заттардың да өртке орануына жол бермейміз. Себебі тілсіз жаумен айқасу біздің басты міндетіміз. Тіпті әр минуттың маңызы зор. Менің ойымша, ол төзімділік пен батылдықты талап етеді", - дейді құтқарушы.

Құтқарушы
Құтқарушылар. Фото: Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі

Үшіншіден, Андрейдің айтуынша, өрт сөндірушілер табиғи өрттің алдын алады. Статистикалық мәліметтерден ол осындай өрттердің шығуының 70 пайыз себебі адамдардың өзіне байланысты екенін білгенін айтады.

"Апат айтып келмейді. Дегенмен адамзат баласының табиғатсыз күні жоқ. Сол себепті барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, табиғатқа зиян келтірмеуге тырысу керек деп ойлаймын. Сонда ғана өмір мен өлім арасында жүретін біздің еңбегіміз ақталатыны сөзсіз", - дейді ақтөбелік азамат.

Андрей өз ойын қорытындылай келе, тіс дәрігері бола тұра, өрт  өндіруші мамандығын таңдағанына өкінбейтінін жеткізген.

"Мен үшін бұл үлкен мүмкіндік әрі абырой. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін нағыз ерлердің жұмысын жаныма серік еткеніме қуанамын. Әсіресе бойымдағы қайсарлық пен рухымның биіктігі адамзатқа пайдасын тигізіп жатса, өмірлік мақсатымның орындалғаны деп білемін", - дейді өрт сөндіруші.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993744-nagyz-erlerdin-zumysy-tis-darigeri-bolyp-zurip-ort-sondiru-qyzmetine-auysqan-zigit-zaily-ne-bilemiz/

pixel