Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Басшылар төсек тартып қалған даңқты бапкерге "Құрмет" орденін үйіне апарып табыстады (видео)

Опубликовано:

Самат Ерғалиев Аманжол Бұғыбаевьы марапаттауда
Самат Ерғалиев пен Аманжол Бұғыбаев: instagram/committee_sport

Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында ел дамуына үлес қосқан бірқатар тұлғаларды марапаттады. Олардың қатарында еркін күрес бапкері Аманжол Бұғыбаев та бар. Ол сырқатына байланысты Астанаға келе алмаған, деп хабарлайды Спорт комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Талай балуанды жарысқа қосқан жаттықтырушының жүлдесін Спорт комитетінің басшысы Самат Ерғалиев үйіне апарып табыстады. Жұбайының айтуынша, Аманжол Бұғыбаев науқастанып қалған. Ал видеодан бапкердің төсек тартып жатқанын байқауға болады.

"Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Бұғыбаев Аманжол Күнболатұлы "Құрмет" төсбелгісімен марапатталды.

Мемлекеттік награданы Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев спорт ардагерінің үйіне барып арнайы табыстады", - делінген жазбада.

Бұғыбаев Аманжол Күнболатұлы 1944 жылы 5 сәуірде Талдықорған облысы, Сарқан ауданында Новопокровка ауылында дүниеге келген.

1970 жылдан бастап КСРО мен Қазақстанның 50-ден астам спорт шеберлерін дайындады, олардың арасында ҚР чемпиондары мен жүлдегерлері, халықаралық және бүкілодақтық турнирлердің жеңімпаздары бар.

1966 жылдан 2004 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы болды.

1996 жылы Атлантадағы (АҚШ) Олимпиада ойындарында оның жеке оқушысы Мәулен Мамыров қола медальға ие болды, ал 1997 жылы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды (Крсаноярск қ.).

Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" құрметті атағы берілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993848-bassylar-tosek-tartyp-qalgan-danqty-bapkerge-qurmet-ordenin-uiine-aparyp-tabystady-video/

pixel