Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысының тұрғыны қызының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр

Опубликовано:

Кішкентай қыз самокат айдап барады
Қыз бала. Көрнекі фото: Pexels.com

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны қаршадай қызынан дәрігерлердің салғырттығынан айырылғанын айтты. Кінәлілер анықталсын деп шырылдаған ана аудандық прокуратураға да арыз жазған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Телеарна дерегіне сүйенсек, Әсел Даниярова қызының қызуы аяқ-асты көтерілгенде аудандық ауруханаға жеткізген. Үш күн өткен соң Іле ауданына қарасты Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға апарған. Қыз сол күні көз жұмған. Алайда арызданушы ана баласының өліміне алғашқы медициналық көмек көрсеткен Еңбекшіқазақ аудандық аурухана мамандарын кінәлап отыр.

"Келген кезде менен анализ алған жоқ. Мына карта әлі менің қолымда картаны ашып қараған жоқ. Осыны ашып қарағанда қызымды аман алып қалуға болар ма еді? Кінәларын мойындап тұр. Үндемейді", – дейді Есік қаласының тұрғыны Әсел Даниярова.

Қызының топырағы қатпай тұрып әділдікке жетсем деген ана басқаларға сабақ болсын деп арыз жазған. Алайда осы күнге дейін дәрігерлерден мардымды жауап ала алмаған.

"Анасы мен қызы бізге қабылдау бөліміне қаралған, түскені рас. Үш рет келіп қабылдау бөліміне түсті. Қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Одан кейін қорытындысын айтамыз", – деді Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Әлия Омарбекова.

Белгілі болғандай, қызын қараған медициналық қызметкерлер қазір жұмыстан шеттетіліпті. Мән-жайды аудандық прокуратура бақылауға алған екен.

"Біз сол арызды Алматы облыстық Медициналық фармацевтикалық бақылау департаментіне жолдадық. Мемлекеттік орган тексеру жүргізіп жатыр. Прокуратура органдарының қатаң бақылауында. Егер медициналық қызметкерлердің салғырттығы дәлелденсе, Қылмыстық кодекске сәйкес қатаң жазаға тартылады. Бес жылға дейін сотталуы мүмкін", – дейді Еңбекшіқазақ ауданы прокуратурасының аға прокуроры Медет Қабылқайыров.

Бауыр еті баласын жоғалтқан ана істің түлкі бұлаңға салынбағанын қалайды. Ал құзырлы органдар тергеу нәтижесін алдағы бір айда жария етуі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993875-analiz-algan-zoq-almaty-oblysynyn-turgyny-qyzynyn-olimine-darigerlerdi-kinalap-otyr/

pixel