Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов: Көне шаһардың кемелденер шағы алда

Жарияланған күні:

кездесу
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Қызылорда қаласының көнеден көшіп, бүгінге жеткен бай мұрасының кескін-келбеті көптің көз алдында. Аймақтың айнасы кейінгі бір айдың бедерінде "Қала күнін" тойлады. Қарапайым, жаттанды дағды жоқ. Уақыттың сұранысын сәт-сәтімен алдыңа тоса салғандай әсер қалдырды осы жолы. Міне, сол әр тараптан, әр мазмұнда елдің рухын көтеруге үндеген игі шаралар күні кеше мәресіне жетті. Осы мәрелі мезетте аймақтың алты бірдей басты-басты баспасөз өкілдері қала әкімі Асылбек Шәменовпен дидарласуға мүмкіндік алды.

Газет өкілдерінің өз ұстанымы бар. Өйткені бұл желінің сөзі не өсек-аяңның арнасы емес. Сонысымен қатар, сықиған цифр, қадалып қаузайтын қағаз жүзіндегі судырма сөз еркін пікір алмасуға ат қоса алған жоқ. Ашық, жариялы талқы таразысында тәп-тәуір әңгіме өрбіді.

"Президенттің, Үкіметтің, жергілікті атқарушы органның барлық мәселеде жаңалығын елге жеткізіп, мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуде дәстүрлі БАҚ-тың атқаратын қызметі зор. Сондықтан бірлесіп, түсінісіп жұмыс жасаудың пайдасы көп. Өздеріңіз бір ай бойы "Қала күніне" ақпараттық қолдау таныттыңыздар. Әрине, қаланың жетістігі де, кемшілігі де бар. Бір коммуналдық жүйенің өзі неге тұрады? Осы сәтті пайдалана өздеріңізбен ой бөліссек деймін", – деді әуелгі сөзде Асылбек Өмірбекұлы.

Кездесудің келесі сөзін "Ұстаз мәртебесі" газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы жалғады. Алдағы уақытта "Қала күні" аясында баспасөз саласы қызметкерлерінің арасында спорттық турнир, әдеби-мәдени іс-шара өткізу қаперге алынса деген ұсыныс айтты. Сондай-ақ, "Қаламгерлер аллеясын" жаңғыртуды, алда 100 жылдығы келетін Ақмешіттің астана болуына орай ұлт қайраткерлерін дәріптеуде құрмет тақталарын орнату жөнінде ой қосты.

Әрине, биылғы "Қала күнін" өткізу туралы арнайы бағдарлама бекітілген. Соның ішінде балаларға, спорттық шараларға, әсіресе жастарға басты назар ауып отыр. Қамбаға дән құйылып, диқан қауымы да еңбек көрігін қыздырып жатқан шақ бұл. Ал осы іс-шаралардың ауқым аясы Қызылорданың дамуына жаңа леп әкелетінін де тануға болады. Осы ойдың орайында "Ендігі бес жылда Қызылорданың дамуын қалай елестетеміз?" деп сауал тастадық.

"Былайғыда өзгерістерді күнделікті араласып жүріп өзіміз байқамайды екенбіз, – деді қала әкім тосылмастан. – "Сырт көз – сыншы" деген ғой. Кейде сол өзгерістерді сырттан келген қонақтар айтқанда елең ете қалатынымызды жасырмаймын. Қаланың сол жағалауы сәулеттеніп келеді. Онан қалды қаншама әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Кәсіпкерлік орындар, сәулетті ғимараттар – бәрі-бәрі бүгін мен ертеңгі күннің игілігі. Ал осындай өзгерістің өмірге келуі кәсіпкерлікке тікелей байланысты.

Мысалы, азулы АҚШ қалай дамыды? Қалалар қайдан салынды? Теңдессіз ғимараттар, қайталанбас сәулет үлгісі, керемет көшелер, көркейту, міне, осының бәрінде кәсіпкерлердің қолтаңбасы бар. Мемлекет суын, жолын, жарығын не газын жеткізген шығар, бірақ ондағы өркениет кәсіпкерліктің ықпалымен келді", - деп толықтыра түсті шаһар басшысы.

"Әлемдік тәжірибе осылай. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдауға әркез демеу беріп, жеңілдіктер қарастырып отыр. Бұл мақсат-міндет үдесінде облысымызда да үлкен бетбұрыс басталды. Демек, қаланың тынысы ашыла түседі деген сөз.

Сырт елде көп болдым. Сұраймыз, тарихымен танысамыз. Сонда көздің жауын алатындай шағын ауданды сұрай қалсаңыз, кәсіпкерлер салған дейді. Бізде де үлкен бетбұрыс жасалып жатыр. Бұл – біріншіден – инвестиция, екіншіден – жұмыс көзі, үшінші түпкі нәтиже – осы жердің сәулеті мен дәулеті. Инвестиция екінің-біріне келе бермейтінін жақсы білесіздер. Қаламызды соған сай етуіміз керек. Саласыз, қолдаймыз, қастарыңызда боламыз. Міне, осылай табанды түрде жұмыс істеу үшін аянбаймыз", – деді ендігі сөзінде қала әкімі.

Нұрлыбек Машбекұлы облысқа басшы болып келгелі қаланың инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Биылдың өзінде 6 млрд теңгеге қаланың жарық, жол, су мәселелерін реттеуге қаржы бөлінген. Қала әкімінің айтуынша, 17 млрд теңгеге жоба жасалып отыр. Биыл жыл аяғына дейін 10 тұрғын үй пайдалануға берілсе, келер жылы тағы 10 үй салуға 10 млрд теңге қаржының көзі бар.

"Бұл ауқымды жұмыстар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Осының бәрін үйлестіріп, үлгертуіміз керек. Ол жолда кәсіпкерлікпен қатар қыруар еңбек жасалуы тиіс. Қысқасы, алдағы жылдардағы қаланың дамуы, жаңаруы осылай айқындала түседі", – деді Асылбек Өмірбекұлы.

"Ақмешіт ақшамы" газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Биқожа: "Алдағы уақытта кәсіпкерлік қай бағытта дамиды? Өндіріс, халыққа жұмыс керек" деп тақырыпты тереңдете сауал қойды.

"Расында, бұл – бүгінгі нарықтық қатынаста өткір мәселе. Алып-сатумен жан бағып отыра беруге болмайды. Біздің ортамыз әлі қалыптасқан жоқ. Бір затты өндіру үшін оның жан-жақты қажеттілігі ескерілуі тиіс. Мысалы, қарапайым шеге шығару үшін металл қажет. Бірақ ол бізде жоқ деп қарап отыруға болмайды ғой. Ізденіс, жан-жақтылық қалыптаспай тұр. Қазіргідей нарықтық қатынаста қандайда бір кәсіп көзі ашылса, оның құрал-сайманы ілесе келетініне де сеніммен қараған жөн. Өйткені, барлық кеңістік ашық, ғылым да, технология да дамып барады.

Көп ұзамай шыны зауыты ашылады, оның жан-жағына кәсіпкерлік көздері ілесе келеді. Бұл – үлкен әлеуетті зауыт. Шыныдан не жасалмайды дейсіз, нарықтық кеңістік қажетін өзі тартып алады. Бәрі де осылай басталған. Дамыған елдердің өзі осындай жолдан өткен.

Асығыстық көп жағдайда жеңіліске әкеледі. Біз кәсіп бастасақ, еселеп пайда табуды көздейміз. Бүгін бір теңге жұмсап, ертең он теңге болып қайтуын қалаймыз. Түрлі жобаларын алып, кәсіп бастауға құлшынып келетіндер бар. Шағын несие көздерімен көмектесіп, жарты жылдан кейін сұрасаңыз "мынаның пайдасы жоқ" дейді. Бұлай болмайды ғой. Қараңызшы, қазір табысты еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер кеше бастап, бүгін байып кеткен жоқ. Олар кемі 20-30 жыл осы жолға бар жігерін салды. Қалада белгілі құрылысшыларды, олардың компаниясында қызмет жасайтын қаншама азаматтарды білеміз. Көбі енді үй салып, енді көлік мініп жатыр. Бәрінің өлшемі бар. Мұны дұрыс түсінген жөн.

Бір анығы, біздің халық жалқау емес. Жастардың жаңа толқыны өсіп келеді. Сондықтан, алдағы бесжылдықта жақсы жетістіктер болатынына көзім жетеді", – деді қала әкімі сөзін салмақтай түсіп.

Әкіммен әңгімеде кадр мәселесі айтылды. "Бәрі кадрға байланысты. Командаңызға көңіліңіз тола ма?" деді "Халық" газетінің бас редакторы Нұржан Әбжанұлы.

"Әрине. Мен осында әкім орынбасары болдым. Жалағашқа барып, қайта келсем бұрынғы азаматтардың бәрі жүр. Шынымды айтайын, қатты қуандым. Сол кездегі жас мамандар қазір бөлімдерге басшы болды. Қаланың қайнаған тіршілігін білесіздер. Қайсыбір мәселенің шешімі сол істің көзін танитын, өз қызметіне ысылған мамандармен бірлесе жасалады. Сондықтан, көңілім толады. Жаңа, жас мамандарды алып жатырмыз. Орталық органдарда тәжірибе жинаған қызметкерлерге де ұсыныс айтылуда. Меніңше, мемлекеттік қызмет білікті, әділ әрі тәрбиелі маманды өзі өсіреді", – деп нақтылады шаһар басшысы.

"Кызылординские вести" газетінің бас редакторы Жәнібек Исаев туризм және қала ішіндегі көлік қозғалысына байланысты сұрады. Алматы секілді ірі қалаларда көлік кептелісіне қатысты енгізілген тәжірибелер туралы ұсынысын айтты.

А.Шәменовтің сөзінше, жол-көлік қозғалысына қатысты тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп отыр. Аз уақыттың ішінде 10 көшеге бағдаршамдар қойылған. Ендігі бір маңызды бастама – "Ескі переезден" жерасты өткелін салу. Облыс әкімінің басшылығымен қолға алынған жұмыстың жоба-сметасы жасалып, тиісті орындарға берілмек.

"Ал, туризм үшін бірінші – табиғат, екінші – сервис. Табиғаты келмейтін жерде де туризмді түлеткендер бар. Себебі, сервисті дамытқан. Осы жерде айналып тағы кәсіпкерлікке тірелеміз. Жақсы ғимарат, керемет демалыс орны, қонақүйлер салынса, туристерді тартуға жол ашық. Бізде аң-құс, балық аулау жағын дамытуға болады. Байқоңыр, Қамбаш, Қорқыт ата кешені секілді туристерді қызықтыратын орындарымыз бар. Ал оның бәріне қаламыз арқылы шығу, ол үшін әлгі айтқандай сервистік қызметімізді, тарихи орындарымызды жандандыру маңызды деп ойлаймын", – деді Асылбек Өмірбекұлы.

Осы арада "Ақмешіт апталығы" газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков Ақмешітті алғашқы астана ретінде де көпті қызықтыруға болатыны туралы ой бөлісті.

"Алаш арыстарының ең өнімді және ең жемісті еңбек еткен жері – Қызылорда" дегенді тарихшылар жиі айтып жүр. Талай тарихи құндылықтар басылып шыққан бұл көне шаһарда ұлт театрының негізі қаланған. Өткенді жаңғырту үшін Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық драма театрынан бұрыш ашуға ұсыныс айтар едім", - деді ол.

Қала әкімі бастамаға себепші болуға шақырып, қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.

Сондай ақ, кездесудің қорытынды сәтінде: "Қала күніне" орай өткізілетін іс-шаралар алдын ала жоспарланып, бекітілген. Бірақ, болып жатқан барлық салтанаттарды сол бекітілген жоспар деп қарауға болмайды. Қырық қазан палау пісіру, "Бала барысы", өзге де мәдени-көпшілік іс-шаралар демеушілердің қолдауымен өтіп жатыр. Көп мәселені ақылдастық. Кәсіпкерлердің өздерінен ұсыныс түсті. Бірқатар идеяны өздері берді. "Әншілерді кім шақырып жатыр?" дегендей пікір бар. Осыны шегелеп тұрып айтайын, кейбір іс-шараларға мәдениет бөлімі жоспарға сай мұрындық болғаны рас, ал қалғанына бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Әншілерді де кәсіпкерлердің өздері шақырып отыр. Сондықтан, негізсіз сөзге ұран қоспай, нақты ақпаратқа жүгінген жөн" деп түйіндеді Асылбек Шәменов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994607-qyzylorda-qalasynyn-akimi-asylbek-samenov-kone-sahardyn-kemeldener-sagy-alda/