Қазақстанда "Марапатталған аналар" жаңа мәртебесі енгізілуде
Жарияланған күні:
Қазақстанда «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі енгізілуде. Оған алты және одан да көп бала туып өсірген аналар ие болады. Мұндай мәртебе мемлекеттік жәрдемақыға құқық береді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Еңбек министрлігінің мамандары түсіндіргендей, бүгінде алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген аналар «Күміс алқа» алқасымен марапатталады; жеті бала туып, өсірген аналар «Алтын алқа» алқасын таққанымен, бірдей жәрдемақы алады. Сондықтан әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері сараланатын болады.
Осылайша «Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері тапсырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі беріледі.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту тұрғысында кешенді шаралар әзірленді. Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Оның үстіне бұл шара жұмыс істейтін ата-аналарға да, жұмыс істемейтіндерге де әсер етеді.
Бұдан тыс, келесі жылдан бастап, елімізде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік пакетті монетизациялау енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңдай балаға қатысты болмақ. Монетизация ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.
Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасына қазірдің өзінде енгізілген. Бұл құжат мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын болады. Кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады.
Анықтама үшін: 2022 жылдың басынан бері орта есеппен 496,9 мың отбасы жалпы сомасы 283,7 млрд теңгеге көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды. Оның ішінде, қазан айында, жәрдемақының бұл түрін 494 мың отбасы жалпы сомасы 29,9 млрд теңгеге алды.
Бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа толмаған студент балалары бар отбасылар, табысына қарамастан, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға иек арта алады.
Төлемдердің мөлшері балалардың санына байланысты сараланады және 2022 жылы олар: 50 975 теңгеден бастап (4 бала), 63 727 теңгеден бастап (5 бала), 76 479 теңгеден бастап (6 бала), 89 231 теңгеден бастап (7 бала), 8 баламен және одан көп – 4 айлық есептік көрсеткіш немесе әр балаға 12 720 теңге.
Қазақстанда, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа түрлерінде көзделген аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында, көпбалалы отбасыларға олардың табыстарын есепке алмайтын мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995107-qazaqstanda-2023-zyldan-bastap-marapattalgan-analar-degen-zana-martebe-engiziledi/