Атырау облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылмақ
Жарияланған күні:
Атырау облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Ол 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Отбасы банктің" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Отбасы банктің" мәліметінше, "Атырау жастары" деп аталатын бағдарламаға дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, журналистер, әлеуметтік сала және коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері, сондай-ақ "жетім балалар" санаты бойынша үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады.
Бағдарлама бойынша әлеуетті несие алушылардың тізімін жергілікті әкімдік жасайды. Өтініштердің қалай қабылданаты және байқау кезеңі туралы әкімдік қосымша хабарлайды.
"Қатысушылар пулы құрылғаннан кейін, олардың барлығы "Отбасы банктен" несие алуға жолдама алады. Үміткерлер өздерінің төлем қабілеттілігін растап, жылдық 5 пайызбен заем ала алады. Мұнда алғашқы жарна 10 пайыз болады. Бағдарлама қатысушыларына берілетін несиенің ең жоғары сомасы – Атырау қаласында үй сатып алу үшін 18 млн теңге, Атырау облысында үй сатып алу үшін 13 млн теңгеге дейін. Несие мерзімі – 25 жыл", - дейді "Отбасы банктің" өкілдері.
"Атырау жастары" бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:
- Өтінім берген кезде қатысушының жасы 35 жастан (қоса алғанда) аспауы керек;
- Қатысушы Атырау облысында немесе Атырау қаласында кемінде соңғы бір жыл аралығында тұрақты тіркеуде тұруы тиіс және өтініш берген кезде өзімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Атырау облысында тіркеуде тұрғанын растау қажет;
- Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйі немесе меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы тиіс;
- Қатысушының Атырау қаласында немесе Атырау облысында таңдаған мамандығы бойынша ресми жұмыс өтілі болу керек;
- Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.
Айта кетейік, Атырау облысы жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы қолға алынған жетінші өңір. Жоба бұған дейін Алматы, Астана, Қарағанды, Тараз, Қостанай және Алматы облысында жүзеге асырылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995403-atyrau-oblysynda-zastarga-arnalgan-turgyn-ui-bagdarlamasy-iske-qosylmaq/