Нұрлыбек Нәлібаев ауылдардағы 400-ден астам тұрғынның мәселесін саралады

Опубликовано:

Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен жеке кездесуде
Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен жеке кездесуде. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге әрбір ауданды аралап, тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізуді қолға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қызылорда облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Қызылорда облысында тұратын азаматтардың жаңа форматта облыс әкіміне мәселелерін тікелей жолдай алуына мүмкіндігі туды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев 6 ауданға арнайы барып, халықты алаңдатқан сауалдарға сала басшыларымен бірге жауап берді.

Алдымен Жаңақорған, Арал өңіріндегі тұрғындар мәселесін саралаған облыстың әкімі құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы ауданына да барды. Мұнда 400-ден астам азамат өз мәселесін еш кедергісіз жеткізді.

Жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Серікжан Мырзалы және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов қатысты.

Облыс тұрғындарымен кездесу
Облыс тұрғындарымен кездесу. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жергілікті азаматтар жер телімдерін рәсімдеу, жайылымдық алқапты егістікке ауыстыру, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек алу, тұрғын үйге қол жеткізу, қайтарымсыз грант алу сынды өзекті мәселелер көтерді.

Алдын ала хабарландыруды естіп келген жеке тұрғындар арасында 14 құрсақ көтерген батыр ана, І топ мүгедектігі бар азаматтар да бар.

"14 баланың анасымын. Қабылдауға келіп, жолдасыма жұмыс сұраған болатынмын. Жалғыз өзім еңбек еткеніммен балалардың күнделікті тамағы мен киім-кешегіне ақша қажет. Облыс әкімі мәселеме құлақ түріп, ауданда жаңадан ашылатын әлеуметтік нысанның біріне техникалық қызметкер ретінде алуға жәрдемдесуге ынталы екенін жеткізді", – деді батыр ана.

Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен жеке кездесуде
Облыс тұрғындарымен кездесу. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"Мен Қоғалыкөл ауылы мен Қызылорда қаласы арасындағы жол сапасы мәселесін көтерген едім. Аймақ басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырма берді, мәселемнің маңызды екенін алға тартты. Ендігіде жол сапасын жақсартуға арнайы жоба дайындалып, бұл мәселе шешімін табатын болды", – дейді аудан тұрғыны Дәулет Қырдан.

Аймақ басшысы әрбір мәселені сала мамандарымен бірге мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына келген азаматтар өз мәселесін жеткізіп, заң аясында тиісті түсіндірме алды.

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидатына негізделген мұндай кездесулер жылына екі мәрте ұйымдастыралмақ.

Облыс әкімі президент Жарлығы аясында тұрғындармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді. Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде маңызды әлеуметтік нысандар мен жаңа жобалар сәтті жүзеге асып жатқанын еске салды.

Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындармен жеке кездесуде
Облыс тұрғындарымен кездесу. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

"Мемлекет басшысының қолдауы негізінде өңірімізде жаңа нысандар мен жобалар жүзеге асуда. Барлық салаларда ілгерілеу бар.

Жақында ғана түркиялық беделді "Акса энерджи" компаниясымен бірге құны 215 млрд. теңгеден асатын қала аумағын жылу және электрмен толық қамтамасыз ететін қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының іргетасын қаладық. Келер жылы құны 13,8 млрд.теңге болатын, жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіретін зауыт саламыз.

Өңірде 1,6 млрд. теңгеге Неке сарайы, 3,7 млрд. теңгеге 1000 орындық Өнер орталығы, сол жағалауда 2,7 млрд. теңгеге Қан орталығының іргетасы қаланды.

Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Жаңақорған ауданында құны 790 млн.теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданында, Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн.теңгені құрайтын "Еңбекшілер паркі" бой көтерді. Теңізді өлке Арал ауданында "Балықшылар монументі мен аллеясы" ашылды.

Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын "Аналарға тағзым" орталығының құрылысы басталды.

Жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы салынуда.

Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде.

Балалар жылына тарту ретінде құны демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңын балдырғандарымызға тарту еттік.

"Қазгермұнай" ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі "Оқушылар Сарайының" жобасы басталады.

5-6 айдың ішіндетек жергілікті кәсіпкерлер 9 млрд.теңгеге демеушілік жасап, ауқымды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті", – деді Н.Нәлібаев.

Облыс тұрғындарымен кездесу
Облыс тұрғындарымен кездесу. Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Шыны зауыты алғашқы өнімін шығарып, көрші мемлекетке экспортқа шығаруға мүмкіндік алды.

"Келер жылы денсаулық сақтау саласында 27 нысан салу басталады. Ал, білім беру бағытында "Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 15 мемлекеттік мектеп бой көтереді. Спорт жанашырлары үшін заманауи үлгідегі стадион салуға ниеттіміз", – деді облыс басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995831-nurlybek-nalibaev-auyldardagy-400-den-astam-turgynnyn-maselesin-saralady/