Ақтау әуежайының жүк тиеушісі 1 млн теңге болатын алтын бұйымдарды ұрлаған
Опубликовано:

Көлік полициясы 1 млн теңгеге жуық болатын алтын бұйымдарды ұрлаған Ақтау әуежайының жүк тиеушісін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияның хабарлауынша, әуежайдың жүк тиеушісінің заңсыз әрекеттерінен "Ақтау – Анталия" және "Ақтау – Алматы" рейстерінің екі жолаушысы зардап шеккен.
"Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне "Ақтау – Анталия" бағытындағы әуе рейсінің 41 жастағы жолаушысы өзінің жүгінде болған алтын бұйымдардың (екі неке сақинасы, екі сырға, білезік, алқа) ұрланғаны туралы шағымданды", – дейді полиция өкілдері.
Осыған ұқсас өтініш Көлік полициясына Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынынан да келіп түскен. Ол "Ақтау – Алматы" бағытындағы әуе рейсімен үйіне ұшып келгеннен кейін жүгіне салынған алтын бұйымдардың (гауһар тастары бар сары және ақ алтыннан жасалған сырға-сақиналар) жоғалғанын көріп, полицияға арыз берген.
Жәбірленушілерге келтірілген залал сомасы 930 мың теңгені құраған.
"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында көлік сақшылары әуежайдың 30 жастағы жүк тиеушісін анықтап, ұстады. Күдіктінің Маңғыстау облысының тұрғыны екені белгілі болды. Ол өз кінәсін мойындады. Заттай дәлелдемелер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Тергеу жүргізілуде", – деді Көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995836-aqtau-auezaiynyn-zuk-tieusisi-1-mln-tenge-bolatyn-altyn-buiymdardy-urlagan/