B2B Jewelry қаржы пирамидасының салымшыларына 123 млн теңге қайтарылды

Опубликовано:

Ақша
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде B2B Jewelry қаржылық пирамидасының 197 салымшысына 123 миллион теңге қайтарылған. Бұл туралы агенттік Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті B2B Jewelry зергерлік дүкендер желісінің атын жамылып, қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастыру ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған.

Іс сотқа жолданған. Нәтижесінде сот үкімімен қаржы пирамидасын ұйымдастырды деп айыпталған адам кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ оған 5 жыл мерзімге қаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Бұдан бөлек, ҚМА бұл іс бойынша қалған айыпталушыларға қатысты сотқа дейінгі іс жүргізу аяқталуға жақын екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, B2B Jewelry қаржылық пирамидасының қылмыстық әрекеті 2020 жылдың тамыз айында ашылған болатын. Бұл туралы бірінші болып Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) хабарлады. Кейін ұйымның Қазақстанда да жұмыс істеген анықталды.

2020 жылдың қазан айында 10 мыңнан астам қазақстандық осы қаржы пирамидасының құрбаны болғаны хабарланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995975-b2b-jewelry-qarzy-piramidasynyn-salymsylaryna-123-mln-tenge-qaitaryldy/