Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мәдениеттің рухани ордасы": Қызылордада қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды

Опубликовано:

Қызылорда қаласы
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Мемлекет қолдауын жүйелі түрде үйлестіруді қолға алған Қызылорда қаласының басшылығы мәдениет саласын дамыту жолында шаһарда бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырды.

Атап айтар болсақ, осы уақытқа дейін заманауи үлгіде дыбыс жазу студиясы, дыбыс күшейткіш аппаратурасы, фольклорлық, вокалды аспапты ансамбльдер мен би топтары, көркемөнерпаздар үйірмелеріне инструменттер, сахналық киімдер тігіліп, қолдау көрсетілді. Ал қаланың шығармашыл жастарын біріктірген Жастар театры көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер ұсынып, өз көрермендерін тауып үлгерді. Алдағы уақытта, аталған ұжым кәсіби мекеме ретінде құрылатын болады.

Осы ретте, өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз екенін айта кеткен жөн.

Елдің рухани дамуы мен кемелденуі жолында ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына себепкер болып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі орасан.

Қызылорда қаласы
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

Бүгінгі күні Қызылорда қаласы көлемінде 84 тарихи-мәдени мұра объектілері мемлекет қорғауына алынған, олардың 4-і республикалық, 34-і жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері. 46 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне енгізілген.

"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288 Заңына сәйкес, ескерткіштер 5 түрге бөлінген. Олар: археологиялық, қала құрылысы және сәулет (38), ансамбльдер мен кешендер, монументті өнер құрылысы (46), киелі объектілер.

Жаңадан ескерткіштер мен мүсіндерді орнату тәртібі Заңның 11-бабына және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларына сәйкес реттеледі.

2021 жылы Қызылорда қаласында КСРО және Қазақстанның Халық қаһарманы Роза Бағлановаға ескерткіш орнатылды.

2021 жылы Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан республикалық бюджет есебінен Айтбай мешітіне реставрациялық жұмыстар жүргізілді.

2018-2022 жылдар аралығында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және олар туралы желі қолданушыларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджет тарапынан 2 жоба жүзеге асырылды.

Оның бірі Қызылорда облысы бойынша тарихи-мәдени мұралардың 3D форматтағы интерактивті картасы енгізілген сайт (virtualmap.xyz). Қала бойынша 21 тарих-мәдени мұра объектілері енгізілген.

Балалар
Фото: Қызылорда қаласының әкімдігі

2 тарих және мәдениет ескерткіштеріне QR-код орнатылып, қонақтар мен туристерге тарихи орындар туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік жасалды. Қала бойынша 52 тарихи-мәдени мұра объектілеріне QR-код тақтайшалары орнатылған.

Бүгінгі күнге Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бойынша барлығы 92 үйірме жұмыс жасап, оған 1073 көркемөнерпаз қамтылған. Жыл басынан бері мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары түрлі деңгейдегі 181 байқауға қатысса, оның ішінде: 15 халықаралық: Бас жүлде – 6, І орын – 5, ІІ орын – 2; 48 республикалық: Бас жүлде – 15, І орын – 22, ІІ орын – 6, ІІІ орын – 4, Арнайы жүлде – 2; 1 Аймақтық: І орын – 1; 30 облыстық: Бас жүлде – 3, І орын – 9, ІІ орын – 5, ІІІ орын – 5, Алғыс хат – 11; 77 қалалық: Бас жүлде – 8, І орын – 13, ІІ орын – 16, ІІІ орын – 29, Алғыс хат – 27.

Сонымен қатар облыс бойынша мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында (подушевое) Қызылорда қаласы бойынша artsport.edu.kz порталына 43 кәсіпкер өнім беруші ретінде тіркеліп, бүгінгі таңда – 280 мәдениет үйірмесі жұмыс жасап, оған 11 701 бала 197 әр түрлі жанр (үйірме түрі) бойынша қамтылуда (Ақпарат ретінде 2022 жылдың шілде айына дейінгі толық қаржысы шешіліп, қалған айлары үкіметтің резервіне шешілу жоспарланып отыр).

Биылғы жылдың 10 айында 1139 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізіліп, оған 173 770 көрермен тартылған. Оның ішінде, онлайн форматта өткізілген мәдени іс-шаралар саны 141-ді құраса, қаралым саны 8244 болып отыр.

Ақпарат ретінде:

Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындары есепті мерзімде 646 мәдени іс-шара өткізіп, оған 149 257 көрермен тартылған. Оның ішінде, онлайн форматта өткізілген мәдени іс-шаралар саны 67-құраса, қаралым саны 56 841 болып отыр. Ауылдық жерде өткізілген шаралар саны 412 болса, қамтылған көрермен саны – 45 998. Онлайн форматта өткізілген мәдени іс-шаралар саны 30-ды құраса, қаралым саны 1874 болып отыр.

Ал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 402 (17 онлайн) шара өткізіп, 22110 (1110 онлайн) көрермен қамтылды.

Сонымен қатар қалалық тарихи музейде түрлі форматта өткізілген 91 (44 онлайн) шарада 2403 (1450 онлайн) көрермен қамтылған.

Жоғарыдағы мәдени көпшілік іс-шараларға тоқтала кетсек, 5 наурыз күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында 2022 - Балалар жылының салтанатты ашылуына арналған "Балдәурен шақ - бал ғұмыр" атты мерекелік концерт өтті.

Мерекелік концертте Оқушылар сарайы, М. Қалауов атындағы өнер мектебінің, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған үйірмелердің сондай-ақ, "Самұрық-Kids", "Бегім-ай" өнер орталықтарының талантты балалары өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді.

Балалар жылының ашылуына арналған мерекелік шара соңы мәдениет үйінің фойесінде балалар үшін арнайы дайындалған ойын-сауық бағдарламасына ұласты.

Мүмкіндігі шектеулі балалар, шет аймақтарда орналасқан мектептердің үздік оқушылары, сонымен қатар түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген үйірме өнерпаздары "Ит пен мысық, тышқан дос" атты балаларға арналған қойылымды тамашалады.

Сондай-ақ қойылымды қызықтаған балаларға базарлық таратылды.

14 наурыз күні А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен "Наурыз шуағы" атты қайырымдылық концерті өтті.

Аталмыш концерт құдіретті өнер тілі арқылы адамдардың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыта отырып, мұқтаж жандарға бір реттік қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. "Адамдарға жүрек жылуын сыйлау үшін тек қана іс - әрекет емес, жылы сөз де керек" демекші, белгілі жырау Руслан Ахметов өз шәкірттері Б.Орынбасаров, Ә.Ерболқызымен бірге жырдан шашу шашып Сыр сүлейлерінің ізгілікке үндейтін терме-толғауларын орындаса, "Мереке-Думан" халықтық әзіл-сықақ отауының әртістері жиылған көпшілікті күлкіге қарық қылды.

21 наурыз күні А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында "Балалар жылына" арналған "Атадан балаға мұра" атты балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық қолөнершілер байқауы өтті. 2 кезеңде өткен байқаудың іріктеу сынына 60-тан астам жас қолөнерші қатысып, ақтық кезеңде 21 оқушы өз бақтарын сынады.

Жас шеберлердің байқауға ұсынған көрмесін тамашалаған аймақ басшысы балалардың қолынан шыққан бұйымдар жөнінде сұрап, емен-жарқын пікірлесіп, талабына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, байқау барысында облысымызға танымал қолөнер шеберлері жас талап ісмерлерге шеберлік сағатын өткізіп, бай тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар дәл осы күні А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Балалар жылына тарту ретінде Сыр елінің бас шаһарында республикалық оқушылар айтысы ұйымдастырылды. "Көктем нұры" атауымен айшықталған дода әз-Наурыз мерекесінің ажарын ашты.

Айтыста еліміздің 5 өңірі мен Қызылорда қаласынан және Сырдария, Шиелі аудандарынан келген 10 жас ақын бақ сынады. Айтысқа сусап келген тұрғындар сөзден қамшы өрген арқалы жас ақындардың өнеріне тәнті болды.

Сөздің құнын жоғары қойған жас ақындардың өнеріне мемлекеттік "Дарын" сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков, үш дүркін "Алтын домбыра" иегері, Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов және белгілі жыршы-термеші, халықаралық конкурстардың лауреаты, халықаралық ақын-жыраулар Одағының мүшесі Амандық Бүрлібаев төрелік етті.

Байқау қорытындысымен халық ақыны Манап Көкенов атындағы бас жүлде мен ақшалай сыйлық қызылордалық Мейіржан Қартбайға табысталды.

І орын маңғыстаулық Ерсұлтан Аушановқа, ІІ орын шиелілік Әмірхан Эльдарға бұйырды. Сондай-ақ Тараз қаласының тумасы Алихан Яшар мен ақтөбелік Нұрадин Арай ІІІ орынды өзара бөлісті.

Мұнан бөлек, арнайы номинация жеңімпаздарына 100 мың теңгеден 5 жүлде табысталды.

22 наурыз Орталық алаңда табиғат ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын сырбойылықтар бар сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда ақшаңқан 18 киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, мереке нышаны саналатын наурыз көже әзірленіп, әсерлі ән мен жыр төгілді.

Күн мен түннің теңеліп, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күнінде өңір басшысы сырбойылықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Думанды шарада мәртебелі қонақ болған Қазақстан парламенті сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова және мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева елмен бірге Наурыз тойын тойлап, Сыр халқына бақ-береке тіледі.

Өңір басшысы алаңда тігілген киіз үйлерге кіріп, қазақы дәстүрмен бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, жыр-термешілердің өнерін көріп, жұртшылықпен бірге Әз-Наурызды қарсы алды.

Мерекеге жиналған тұрғындар да тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты.

Тұрғындар 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін зор ықыласпен, сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңнан бастау алған думанды іс-шарада түрлі ұлт өкілдерінің әні мен биі, салты мен дәстүрі қатар өрбіп, мызғымас бірліктің айқын көрінісі сезілді.

Орталық алаң аумағы мерекелік нышанды сипаттайтын атрибуттармен әрленіп, әуе шары мен жер шары бірліктің символын айшықтады.

Мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр халқын бірлік күнімен құттықтап, ақжарма тілегін арнап, тұрғындарды тәуелсіздік, татулық пен тұрақтылық сынды баға жетпес құндылықтарды сақтауға шақырды.

Орталық алаңдағы негізгі шара концерттік бағдарламаға ұласты. Думанды мерекеде қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы Серік Ибрагимов Сыр еліне мерекелік ән-шашуын алып келді.

Сондай-ақ өзге де танымал өнер иелері көрермен көңіл-күйін көтеріп, елге қуаныш сыйлады.

Мұнан кейін облыс әкімі елмен бірге түрлі ұлт өкілдерінің қолөнер бұйымдары қойылған көрмені аралап, балалар шығармашылығын топтастырған шағын қойылымды көріп, түрлі спорттық ойындарды тамашалады.

9 мамыр күні Жеңістің 77 жылдығына арналған "Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат" атты салтанатты іс-шара өткізілді. Тағзым алаңында майдангерлердің ерлігін еске алатын ескі әуендерден шағын топтамасы мен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің үрмелі аспаптар оркестрінің концерті ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын мерекемен құттықтап, Жеңіс қаһармандарының ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.

"Ардақты ардагердер, бүгінгі бейбіт өміріміз бен тыныш тіршілігіміз үшін өздеріңізге кейінгі ұрпақ атынан мың мәрте алғыс айтамыз. Сіздер сияқты жеңімпаз жауынгерлер ұрпағы, достық пен ауызбіршілікті ту еткен аға буынның жалғасы екенімізді әрдайым мақтан етеміз.

Мемлекет басшысы, жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай: "Аға буынның теңдессіз ерлігін құрметтеп, зұлмат соғыстың зардаптарын ұмытпау – біздің қастерлі борышымыз!". Осынау ерлікке толы Күн тарихымыздың мәңгі ұмытылмас парағы болып қала бермек", - деді аймақ басшысы.

Сыр жұртшылығы атынан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қала әкімі Асылбек Шәменов және құқық қорғау органдарының басшылары ескерткішке гүл қойып, бейбіт өмір жолында шейіт болған майдангерлердің рухына тағзым етті.

2022 жылдың 1 маусым күні Сыр елінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған "Бақ Орданың бақытты балалары" салтанатты шарасы өткізілді. 6000-ға жуық бала қамтылып, Орталық стадионда ұйымдастырылған іс-шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, балалардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары қойылған арнайы көрмені аралап көрді. Сондай-ақ оқушылар үйінен ашылған арнайы студияда журналистикаға машықтанып жүрген балаларға да сұхбат беріп, тілдесті.

Мерекелік іс-шараның негізгі бөлігі – балаларға сыйлықтарды үлестірумен жалғасты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықаралық, республикалық білім додаларында жеңімпаз атанған 10 балаға ноутбук сыйға тартты. Ал ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 балаға велосипед табыстады. Сондай-ақ әр ауданда 50 балаға велосипед берілді.

Мұнан бөлек, түрлі әлеуметтік санаттағы отбасылардан шыққан, оқуда үздік атанған 20 оқушыға Көкшетау қаласындағы лагерьге жолдама алынды.

Айта кетейік, жыл соңына дейін атаулы дата аясында 408 ірі көлемді шара өткізіліп, оған 165 мыңнан астам бала қамтылады.

Мерекелік шара танымал эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама және Оңтүстік цирк әртістерінің өнеріне ұласты.

30 маусым күні талантты жастардан құралған өнер ұжымы маусымның жабылуына орай белгілі режиссер-сценарист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың “Қалың елім, қазағым, қайран жұртым” трагифарс спектаклін сахналады.

Қойылымда Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының тағдыр тауқыметі, өмірінің шиеленісті сәттері суреттеліп, көрерменге ой салды және ерекше әсерге бөледі.

2 шілде күні қалалық мәдени және демалыс паркінде Ұлттық домбыра күніне арналған “Ұлттың үні - Домбыра” атты мерекелік шара өтті.

Шараға арнайы қатысқан шаһар басшысы Асылбек Шаменов алдымен ұлттық бұйымдар көрмесін, этноауыл үлгісіндегі алаңқайда ауыл өнерпаздарының өнерін тамашалады.

Мерекелік концерт қалалық Жастар театрының сахналауындағы тақырыптық қойылыммен басталып, 100 жас домбырашы бір мезетте Құрманғазының “Балбырауын” күйін орындады.

"Домбыра күнінің ұлттық мерекеге айналуы – көнеден жеткен рухани байлығымызға берілген лайықты баға деп білемін. Сондықтан, ұлттық мәдениетімізді әлемге асқақтататын қасиетті аспаптың ұлықталуы заңдылық", - деген қала әкімі Асылбек Шаменов мереке аясында қаламызда ұлттық аспабымыздың ұлықталуына үлес қосып, талантты шәкірттер тәрбиелеп жүрген бірқатар ұстазға алғыс хаттар тапсырды.

Сондай-ақ Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған “Күй керуен” атты жас домбырашылардың дәстүрлі облыстық байқауына қатысып, жүлдегер атанған жас күйшілерді марапаттады.

Мерекелік іс-шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, қала тұрғындары мен қонақтары әсерлі кештің куәсі болды.

5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай дәстүрлі ділмәр шешендер байқауы өтті.

Ұлттық мүдде мен халықтың рухын жандандыру, қазақы болмысымыздың өрнегін, тұлғаларымыздың өзіндік биік сипаттарын төл әдебиетіміздегі үздік шығармалары арқылы жас буынға насихаттау, кітап оқуға қызықтыру, бай сөздік қорымыз бен әдебиетіміздің негізінде көркем сөйлеуге үйрету, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылатын дәстүрлі байқау биыл төртінші рет өтіп, белгілі жазушы, драматург, қазақ әдебиетінің классигі, әдебиетші - ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдығына орай жазушының шығармашылығына арналды.

Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аясында өткен байқауды ашып беріп талапкерлерге сәттілік тілеген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов тілдер күнімен құттықтап, бірқатар тіл жанашырын марапаттады.

Байқауға белгілі жырау, Қазақстанның мәдениет қайраткері Берік Саймағамбетов, ақын, “Құрмет” орденінің иегері Мамыр Байдаулетов және Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамдық бірлестігі, Қызылорда қалалық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Мәмбетов Бағдат Сүлейменұлы қазылық етіп, барлық жеңімпаз бен жүлдегер алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Қызылорда қаласы – тарихы бай, өндірісі өркендеген, өткен ғасыр басында ұлт зиялылары қызмет еткен рухани орда. Сан ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының бейнесінде терең саяси, рухани мән жатыр. Бұл тек жарқын заманауи облыс орталығы ғана емес. Бұл біздің елімізге астана болған, әрі тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар.

Қалыптасу тарихының әр кезеңі жеке-жеке баяндалып, зерделенетін, сонымен қатар азат еліміздің думан байрағына, салтанат тұғырына айналған, өзгеріс ісімен өрнектелген толағай табысқа толы Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің қарқынды дамуына шолу жасалатын Қала күні барша қызылордалықтар асыға күтетін мерекелердің біріне айналды.

Алаштың Ақмешіті атанып, қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласының қала күні мерекесін тойлау биылғы жылы қыркүйек айының алғашқы он күндігінен бастау алып, бір ай бойына арнайы бекітілген жоспар бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Сонымен, қала тұрғындары мен қонақтарының мереке лебін емін-еркін сезінуі үшін қыркүйек айының әрбір жұма-сенбі, яғни жұмыс аптасының соңғы күндеріне орайластырылып, арнайы атау беріліп, қазан айының ортасына дейін шаһарымызды дүбірге бөлеген түрлі бағыттағы шаралар легі мынадай:

Жастар қашан да қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңі. Кез келген думанға жаңа леп әкеліп, ажарын келтіретін де жастар. Сол себепті қала күнін мерекелеудің алғашқы күні жалынды жастардың еншісіне беріліп отыр. Бұл күні "Менің сүйікті қалам" тақырыбында республикалық мобилографтардың конкурсы, Қалалық жастар театрының маусымдық ашылуы, сондай-ақ осы күні жастардың карнавал шеруі (түрлі тақырыптағы костюммен, арнайы ұран, тақырыптық афишалар) республикалық жайдарманшылардың фестиваліне ұласып, Қала күніне арналған бір айлық мерекелік шаралардың салтанатты ашылуы Орталық алаңда өткізілді.

Бұл күні "Сыр ана" монументі аумағында "Сыр елі – берекенің ақ бесігі" атты ашық аспан астында этно бағыттағы шара ұйымдастырылды. Шара аясында ауылдар жәрмеңкесі ("Қарбыз-қауын FEST", "Шұбат-қымыз FEST", "Бауырсақ PARTY"), Handmade (жергілікті Отандық өнім өндіретін кәсіпкерлердің және мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер жәрмеңкесі), мерекелік концерт өткізіліп, "Сырдың қырық қазаны" жобасы аталмыш шараның көрігін қыздырды. Жергілікті кәсіпкер, меценаттар Мұрат және Марат Сәрсенбавтардың ұсынысымен өткізілген жобаға Сыр елінің арнайы іріктелген аспаздары белсене қатысып, өз шеберліктерін көрсетті.

Әжелер ансамблі ән шашып, салт-дәстүрге сай рәсімдер көрсетіп, ақ шаңқан шатырлар мен керегелер, киіз үйлер, алтыбақандар құрылды.

Дәл осы күні Өнер арбатында дәстүрлі облыстық "Қызылорда менің көзіммен" атты фотографтар байқауы өткізіліп, қызылордалықтар назарына сүйікті қаламыздың көрікті жерлерін таспаға тартқан фотосуретшілердің еңбегі ұсынылды.

Қала күні мерекесінің кезекті тағылымды шарасы Өнер арбаты бойында өтіп, шаһар басшысы Асылбек Шаменов кітап көрмесі мен сатылым акциясына, сондай-ақ "Буккроссинг" кітап сөресінің ашылу салтанатына арнайы қатысты.

​Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы алдымен Өнер арбатын бойлай орналасқан “Өткені сырлы, келешегі нұрлы - Қызылорда” атты кітап көрмесі мен кітап жәрмеңкесін аралап шықты.

Кітап фестивалі аясында Алматы қаласынан "Отбасы хрестоматиясы" қоғамдық қоры және Түркістан қаласынан "Мазмұндама" қоғамдық қоры, сондай-ақ облыс орталығындағы "Кітап ал" кітап дүкені өз кітаптарын сатылымға шығарып, кітап мерекесінің көрігін қыздырды.

​Кітап жәрмеңкесін тамашалап болған соң қала әкімі бастаған құрметті қонақтар "Буккроссинг" өзің оқысаң, өзгеге табыс ет қағидасына негізделген кітап сөресінің ашылу салтанатына қатысып, кітапхананың үздік оқырмандарын марапаттады.

​Содан соң қала әкімі Асылбек Шаменов, қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр тарланы, режиссер Хұсейн Әмір-Темір бірге кітап сөресінің лентасын қиып, арнайы кітапшаға өз лебіздерін жазып қалдырды.

​Кітап мерекесі ары қарай қалалық кітапханалардың мәдени шарасы мен “Bookathon” зияткерлік сайысына ұласты.

Бір айға созылған шаралар легі 14 қазан күні Орталық стадионда өткен "Бірлік пен бақыт арнасы, қазақтың Қызылордасы" атты мерекелік гала-концертпен қорытындыланды. 12 мың адам тамашалаған концертте қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары өнер көрсетіп, қала халқына мерекелік көңіл-күй сыйлады.

25 қазан - Республика күні мерекесіне орай Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде салтанатты мерекелік шара өтті.

Сондай-ақ салтанатты кеште ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.

Мерекелік шара қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996333-madeniettin-ruxani-ordasy-qyzylordada-qandai-madeni-is-saralar-uiymdastyryldy/

pixel