Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте полицейлер алтын бұйымдарды қолды еткені рас па: полиция пікір білдірді

Опубликовано:

Алтын әшекейлер
Алтын әшекейлер. Көрнекі фото: Рexels.com

Кеше, 8 қараша күні әлеуметтік желіде Шымкент полиция басқармасында заттай айғақтар ретінде алынған зергерлік бұйымдардың қолды болғаны жайлы ақпарат тарады. Салмағы екі келіге жуық алтын бұйымдардың жалпы сомасы 45 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Белгілі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек фейсбуктегі парақшасында аталған мәліметке қатысты әрбір ломбардты тексеру қажет екенін жазды.

"Бұл ақпаратты Шымкент полициясы теріске шығаруы әбден мүмкін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әрбір ломбард желілерін біртіндеп тексеріп, анықтауды сұраймын. Тіпті алтындардың иесіне толық ақшасын қайтарып, "арыз-шағымым жоқ" деп жаздырып алса, таң қалмаймын. Сол себепті бұл істі жоғарғы жақ бақылауға алу керек!

Дәл осы Абай аудандық полиция бөлімінде тағы бір азаматтың 96 миллионға бағаланатын заттары жоғалған. Әлі тауып берген жоқ!", – делінген жазбада.

Шымкент полиция департаменті аталған ақпаратқа қатысты ресми мәлімет берді.

Ведомствоның мәлімдеуінше, жергілікті тұрғын айғақты зат ретінде тәркіленген салмағы 1 келіден асатын алтын бұйымдарының өзіне қайтарылмай жатқаны туралы күні кеше полицияға шағымданған. Кейін алтын әшекейлеріне қол жеткізген азамат полиция қызметкерлеріне ешқандай арыз-шағымы жоқ екенін айтқан.

"8 қарашада Шымкент қалалық полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасына заттай дәлелдеме ретінде тәркіленген 1031,4 гр алтын бұйымдардың қайтарылмай жатқаны туралы жергілікті тұрғын арызданды.

​Жайт Қылмыстық кодекстің 371-бабы 1-бөлігі (салғырттық) бойынша СДТТБТ-не тіркелді.

Қазіргі таңда барлық алтын бұйымдар заңды иесіне қайтарылды. Азаматша одан әрі тергеп-тексеруден бас тартып, полиция қызметкерлеріне қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін хабарлады," – деп жауап берді Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996435-symkentte-policeiler-altyn-buiymdardy-qoldy-etkeni-ras-pa/

pixel