Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Техник-бағдарламашы немесе агроном – қазақстандық жастар "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында жанына жақын жұмыс тауып жатыр

Опубликовано:

Фото
Фото: pixabay

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясындағы "Ұрпақтар келісімшарты" жас қазақстандықтарға тәлімгердің жетекшілігімен сүйікті мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді.

Алматылық Алуа Мэлс – бағдарламашы. Жас кезінде ол өзі үшін сенімді түрде дәл осы мамандықты таңдаған.

"Қазір заман сондай, компьютерлік, цифрлық десе де болады. Компьютерлермен, бағдарламалаумен байланысты мамандықтар сұранысқа ие. Одан бөлек, өзіме де осындай жұмыс қатты ұнайды", - дейді ол.

Алуа Мэлс
Фото: Алуа Мэлстің жеке мұрағатынан

Оқуын аяқтаған соң Алуа жұмыс іздеп, Алматыдағы жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Онда оған "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында "Ана тілегі" қоғамдық қорына техник-бағдарламашы ретінде жұмыс ұсынылған. Оның мұнда жұмыс істеп жүргеніне жарты жылдан асты.

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Владислав Зайнулин де "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында ұнатқан жұмысына орналасқандардың бірі. Агробизнес колледжін "Агрономия" мамандығы бойынша тәмамдап шыққан ол СҚО Ақжар ауданы Горковьское ауылынан жұмыс іздеген. 2022 жылдың қаңтарында осы мақсатта Жұмыспен қамту орталығына жүгінген жас маманды сұранысқа ие мамандықтың түлегі ретінде "Ақ-Ниет и К" ЖШС-не жұмысқа жіберген.

Ол тәлімгердің жетекшілігімен жұмысындағы алғашқы тәжірибесін жинақтады. Ал аға маман зейнетке шыққан соң, ірі шаруа қожалығына агроном болып жұмысқа тұрды. Жас қызметкер сүйікті ісін тапқанына сенімді және алдағы уақытта біліктілігін арттырып, агротехника саласындағы жаңа технологияларды меңгеруге ниетті.

Владислав Зайнулин
Фото: Владислав Зайнулиннің жеке мұрағатынан

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатындағы бағыт ретінде іске қосылған.

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысудың мәні зейнет жасына жетіп қалған мамандардың тәжірибесі мен дағдыларын ЖОО мен колледж түлектеріне үйрету, тәлім беру. 29 жастан аспаған және оқу орнын бітіргеніне 2 жыл толмаған жас маман жоба аясында жұмысқа орналастырылып, 6 ай бойы тәлімгердің қанатының астында жұмыс істейді. Ал аға маман зейнетке шыққаннан кейін ол тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасады.

Жұмысқа қойылатын талаптарды жұмыс беруші қояды, ал "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясындағы жалақы мөлшері 30 АЕК-тен кем болмауға тиіс (91 890 тенге), десе де жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жоғары жалақы тағайындалуы мүмкін. Одан бөлек, жұмыс беруші іс жүзінде атқарылған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілей алады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың 10 айында "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы шеңберінде 485 жас маман жұмыспен қамтылған. Аталған жоба бойынша ең көп жұмысқа орналасқандар саны Ақтөбе облысында тіркелген – 99 адам. Сондай-ақ Алматы облысында 67 адам, Алматы қаласында 60 адам, Қызылорда облысында 40 адам және Қарағанды облысында 36 адам жұмысқа тұрған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996524-texnik-bagdarlamasy-nemese-agronom-qazaqstandyq-zastar-urpaqtar-kelisimsarty-zobasy-ayasynda-zanyna-zaqyn-zumys-tauyp-zatyr/

pixel