Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұрпақтар келісімшарты": жас мамандарға жәрдемдесетін тәлімгерлердің тәжірибесі мен даналығы

Опубликовано:

Мектеп
Фото: Айдана Қаршығаның жеке мұрағатынан алынды

Әрбір дерлік жас маман үшін жаңа жұмыс орнына бейімделу оңайға соқпайды. Бастапқы сәтте үнемі қасыңнан табылып, жөн сілтейтін, жақсы дағдыларға үйретіп, пайдалы іске баулитын тәлімгердің табылғаны маңызды. "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы осы мәселенің шешімін табуға арналған: бүгінгі таңда оқу орындарының түлектеріне жұмысқа орналасуға ғана емес, сонымен қатар мол жұмыс өтілі бар тәлімгерлерден тәжірибе жинауға мүмкіндік ашылып отыр.

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде іске асырылуда. Оған соңғы 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған, 29 жастан аспаған жастар қатыса алады. Оларға алған мамандығы бойынша немесе ұқсас кәсіп бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі. Қатысушыларға жаңа жерде ыңғайлы болу үшін оларға тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгерлер бекітіледі. Сөйтіп аға буын кәсіби білім беріп, іс жүзінде дағдыларды үйретіп қана қоймай, оларға психологиялық қолдау көрсетіп, жаңа қызметкерлердің жұмысқа деген ынта-жігерін, құлшынысын арттырады.

Мектеп
Фото: Айдана Қаршығаның жеке мұрағатынан алынды

Айдана Қаршыға - елордалық мектептердің біріндегі жас мұғалім. Бойжеткен осы жылдың жазында бастауыш сынып мұғалімі дипломын иемденіп, еңбек жолын таяуда – бір ай бұрын бастады. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден Астанаға көшіп келген. Екі ай бойы жұмыс табуға тырысқанымен, одан ештеңе өнбей, қыркүйек айының соңында халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген. Орталықта кейіпкерімізге "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына қатысу ұсынылған. Екі аптадан кейін Айдана мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.

"Мен Астана қаласының №54 мектеп-лицейінде еңбек етемін. Алғашқы күннен бастап менімен тәлімгерім, тәжірибесі мол педагог Гүлнар Мұхтарқызы Әлмағанбетова жұмыс істейді. Біз үшінші сыныптардың бірінде бірге сабақ береміз, онда ол негізгі мұғалім, ал мен кейбір пәндерден – математика, жаратылыстану, әлем танымы, қазақ тілі мен әдебиет пәндерін оқытамын. Тәлімгерімнің арқасында мамандықты іс жүзінде біртіндеп игеріп келемін – жұмысын көбірек бақылаймын, сұрақтар қоямын, педагогикалық шеберліктің қыр-сырын білуге тырысамын, көп нәрсені, соның ішінде балалармен дұрыс қарым-қатынас құруды үйренудемін", - деп әңгімелейді Айдана.

Айдана Қаршыға
Фото: Айдана Қаршығаның жеке мұрағатынан алынды

Айдананың айтуынша, тәлімгер оған көптеген пайдалы кеңес береді.

"Мысалы менде оқушыларға ақпарат беру барысында қиындықтар туындайтын. Балаларға материалды қолжетімді түрде түсіндіре алмағандықтан, оны игеру оларға қиын болды. Сонымен бірге алғашқы күндері сабақ уақытын дұрыс бөле алмадым, үлгермейтінмін. Гүлнар Мұхтарқызы маған сабақты қалай қызықты өткізуге және сабақ жоспарын ұстануға қатысты маңызды ұсыныстар берді. Бұл мен үшін өте пайдалы болды", - дейді жас мұғалім.

Айдана педагог мамандығын кездейсоқ таңдаған жоқ. Бала кезінен бастап көптеген адам оның бойында бұл үшін барлық қажетті қасиет бар екенін байқаған: өзгеше шығармашылық көзқарас, балалармен тіл табыса білу және зейінділік, шыдамдылық, ұйымдастырушылық қабілет және тағы басқалары. Мектепке жұмысқа келгеннен кейін ол өз таңдауына мүлдем өкінбеді. Керісінше, өзінің еңбек жолында өсіп-өніп, асқаралы асуларға қол жеткізгісі келетінін ұғынды.

"Мен көп нәрсені үйренуге және бойыма сіңіруге көмектесетін тәлімгердің жанымнан табылғанына қуанамын. Бұл еңбек жолының басында кез келген жас маман үшін өте маңызды. "Ұрпақтар келісімшарты" жобасының маған берген мүмкіндігін пайдаланғаныма да ризамын. Айтпақшы, менің кейбір курстастарым әлі жұмыс таба алмай жүр. Барлығына өз тәжірибемді кеңес етемін, мемлекеттік қолдаудың артықшылықтары туралы айтудан жалыққан емеспін. Көбісі бірден жоғары жалақыға ұмтылады, бірақ мен алдымен тәжірибе жинау абзал деп санаймын", - дейді Айдана.

Айта кетейік, жобаға қатысушылардың жалақысы кемінде 30 АЕК-ті құрайды - бүгінде бұл 91,9 мың теңге. Бұдан тыс, жұмыс істеген кезеңі еңбек өтіліне есептеледі.

Айдана Қаршығаның тәлімгері Гүлнар Әлмағанбетова 43 жылдан бері мұғалім болып тер төгіп келеді. Осы уақыт ішінде ол кәсіби жолға енді қадам басқан ондаған жас маманға куә болды. Педагогтің айтуынша, оны көбіне бұл асыл мамандыққа шынайы қызығушылығы болмаса да, бет бұруды шешкен жастар қынжылтатын. Алайда жаңа шәкірті оны аға буын әріптестерінің білімі мен даналығын сіңіруге дайындығымен, дамуға деген ұмтылысымен таң қалдырған.

"Айдана біздің ұжым қатарына жақында қосылды, бірақ мен оған шынымен ризамын. Оның мамандыққа ғашық екендігі, ең бастысы, балалардың нәтижелі болуына, олардың білім алуына мүдделі екені аңғарылады. Айдана маған оқушылардың дәптерлерін тексеруге көмектеседі, содан кейін балалардың қателерімен жұмыс жасайтынын, тақырыпты түсінуге, оны терең меңгеруге көмектесетінін жиі көремін. Бұл өте қуанышты және көп нәрсені білдіреді", - дейді тәлімгер.

Гүлнар Мұхтарқызы өткен жылы зейнеткерлік жасқа жетті, бірақ мектеп басшылығы одан өз сыныбын орта буынға іліктіру үшін тағы екі жылға қалуын өтінген. Ардагер ұстаз ұсынысқа қуана келісімін берген.

"Менде мол күш пен ынта бар, оқушыларыма, жас мұғалімдерге көп нәрсе бергім, біліміммен, даналықпен бөліскім келеді. Мұғалім еңбегінің тереңдігі мен маңыздылығын жеткізсем бе деймін. Тәлімгерлер үшін шәкіртімен жұмыс істеу - өзін-өзі шыңдаумен тең. Егер менің тәжірибем мұғалімдердің жас буынына пайда әкелсе және олардың дамуына, яғни, болашақ ұрпақтың дамуына үлес қосуға көмектессе, демек арманымның орындалғаны", - деп тұжырымдады Гүлнар Әлмағанбетова.

Айта кетейік, елімізде 2022 жылдың 10 айында "Ұрпақтар келісімшарты" жобасына 485 жас маман қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996625-urpaqtar-kelisimsarty-zas-mamandarga-zardemdesetin-talimgerlerdin-taziribesi-men-danalygy/

pixel