Полицияны 99 рет шақырған Астана тұрғынына айыппұл салынды
Жарияланған күні:
40 жастағы Астана тұрғыны жыл басынан бері полицияға 99 рет қоңырау шалған. Тәртіп сақшыларын себепсіз шақыра берген тұрғынға айыппұл салынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиа-порталы 102 нөмірінің көп жағдайда ойын құралына айналатынын алға тартады.
Мысалы, жыл басынан бері елорданың 40 жастағы тұрғыны полицияға 99 рет қоңырау шалған. Барлық қоңыраулар бойынша дереу қызмет көрсетілген. Алайда қоңыраулардың бір-екеуі ғана полицияның араласуы қажет оқиғаларға қатысты болған.
Басылымның хабарлауынша, қоңыраулардың көбісі жалған болып шыққан, бірақ әрбір шалынған қоңырау бойынша полицияның кешенді күштері, кейбір жағдайларда жедел-тергеу топтары қызмет көрсетуге шыққан.
Мәселен, жоғарыда аталған азаматтан полицияның 102 арнасына сағат 04.24-те Абай даңғылындағы супермаркеттің жанында белгісіз ер адам пышақпен жүріп, адамдарға қауіп төндіріп жүргені туралы бірнеше қоңырау келіп түскен. Қоңырау шалушы тез әрекет етуді сұраған. Оқиға орнына дереу полиция жасағы шыққан. Алайда тексеру барысында факті расталмаған.
"Полиция қызметкерлері қоңырау шалушының жеке басын анықтады. Ол қоңырауларды мас күйінде шалғанын айтты. Құқық бұзушы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 438-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оған 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, оған қатысты қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды", - деп жазады медиа портал.
Қазіргі уақытта Астана қаласының полиция департаменті залалды өндіріп алу үшін азаматтық сотқа материал дайындауда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996646-policiyany-99-ret-saqyrgan-astana-turgynyna-aiyppul-salyndy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.