Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Темір тұрбамен ұрған": Атырау облысында ауыл тұрғынын өлтірді деп айыпталған 8 адам сотталды

Опубликовано:

Үкім оқып жатқан судья
Үкім оқып жатқан судья. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Атырау облысында бір жыл бұрын кісі өлтірді деп айыпталған 8 адамға сот үкімі шықты. Сотталушылардың үшеуі 15 жылға, бесеуі 6 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Агенттіктің жазуынша, 10 қарашада Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жәбірленушіні қасақана қазаға ұшыратқаны үшін айыпталған 8 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралған.

Күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 7-тармағы бойынша айып тағылған.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 2021 жылы тамыз айында болған. Яғни, 2021 жылдың 6 тамызында марқұм К. Индер ауданында сотталушы А-ны ұрып-соғып, оған дене жарақатын келтірген. Бұл туралы сотталушы А-ның достары Т., Х., Б. және У. естіп, 8 тамызда қаладан ауылға келген.

"Сағат 13:00 шамасында сотталушылар А., О. және куәлар М., И. жәбірленуші К-ның үйіне келіп, оған А-мен сөйлесу үшін ауыл сыртына шығуды ұсынған. Басқа адамдар жөнінде білмеген жәбірленуші К. сөйлесуге шыққанда Т., Ғ., Х., Б., Ә., У. бұларды сыртынан тығылып бақылап, оқиға орнына келген.

Жәбірленуші А-мен сөйлесіп тұрған кезде басқа адамдардың келгенін, Т-ның көліктен тұрбамен шыққанын көріп, дереу қаша жөнелген. Бәрі жәбірленушінің соңынан қуғанда, Ғ. бірінші болып жетіп, оны шалып құлатқан. Сол кезде сотталушылар Т., Ғ., О., Ә., А., Б., У., Х. жәбірленуші К-ні ұрып-соғып, теуіп, оған ауыр, орта, жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтірген.

Т. темір тұрбамен оның басынан, бетінен, аяқ-қолынан бірнеше рет ұрып-соққан. Олар жәбірленушіні ауыр дене жарақатымен оқиға орнында тастап кеткен. Сол күні жәбірленуші К. ауруханаға барар жолда қайтыс болған", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сотта сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, сотталушылардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындысымен, заттай дәлелдемелермен дәлелденген.

Сотталушылар кінәсін ішінара мойындаған. Сондай-ақ сотталушылар А., Б, Ә., Х., У-дың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі 5-тармағы бойынша қайта сараланған.

Сотта сотталушы О-ның алкогольді мас болып қылмыс жасағаны жазаны ауырлататын жағдай деп танылса, жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушылардың кінәсін ішінара мойындауы, Ғ., Ә. мен У-дың жасөспірім балаларының бары ескерілген.

Сот үкімімен Т., Ғ., О. Қылмыс кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 7-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға, А., Б., Ә., Х., У. Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сотталушылардан жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық зиян үшін 37 000 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндірілді", - деп қосты соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996680-temir-turbamen-urgan-atyrau-oblysynda-auyl-turgynyn-oltirdi-dep-aiyptalgan-8-adamga-sot-ukimi-syqty/

pixel