Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы орта есеппен 27%-ға өседі

Опубликовано:

пенсионерка
Фото: pixabay

Қазақстанда 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы орта есеппен 27%-ға ұлғаяды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің зейнетақы жүйесінде тағы қандай өзгерістер болатыны туралы айтып берді.

Бүгінде Қазақстанда көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасып, жұмыс істеп жатыр. Ол базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін қамтиды. Соңғысы, баршаға мәлім, еңбеккердің зейнетақы жинағы есебінен қалыптасады.

Сонымен бірге ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқартылуда. Өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін болған еңбек өтілі ескеріледі.

Еліміздің қарт тұрғындары арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін мемлекет Әлеуметтік кодекс жобасы аясында бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр. Оларды іске асыру зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға және азаматтарды лайықты зейнетақы мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Біріншіден, 2023-2027 жылдар кезеңінде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін біртіндеп 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғарысын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100-ден 120%-на дейін жеткізу көзделген.

Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін көтеріледі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсімі шамамен 13%-ды құрайтын болады және ол Қазақстанның барлық 2,2 миллион зейнеткеріне әсер етеді.

Екіншіден, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделуде.

Осы шараларды іске асыру 2025 жылға қарай үш жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға, 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағының артуына әкеледі.

Қазақстан Республикасының Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, базалық зейнетақының мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақының мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға көп индекстелетінін еске салған жөн.

Мәселен 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5%-ға, ынтымақты зейнетақы мөлшері 7%-ға ұлғайтылды. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4%-ға индекстелді. Бұл зейнетақының 2021 жылмен салыстырғанда 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті.

Зейнетақы мөлшерін арттыруға жұмыс берушілердің қызметкердің пайдасына міндетті зейнетақы жарналары есебінен шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізуі де ықпал ететін болады. Бұл норма 2024 жылғы қаңтардан бастап бес жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сонымен қатар «Күміс жас» жобасына қатысушылардың төменгі шекті жасы кеңейтіледі. Келесі жылдан бастап оған 50 жастан асқан әйелдер қосыла алады. Еңбек министрлігінде түсіндірілгендей, қазіргі уақытта елде жұмыс істемейтін 325 мыңнан астам егде жастағы әйел бар.

Шекті жасты кеңейту 50 жастан асқан әйелдерге жоба аясында жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. «Күміс жасқа» қатысу уақыты еңбек өтіліне есептеледі, ал 30 АЕК мөлшеріндегі төлем сомасы зейнетақыны есептеу кезінде табыс ретінде қарастырылады. Айта кетейік, 2023 жылы 30 АЕК 100 мың теңгені құрайды.

Нәтижесінде, әйелдердің бұл санаты зейнеткерлікке шыққан кезде жобаға қатысу өтіліне байланысты 70 мың теңгеге дейін алады.

Сайып келгенде, қабылданып жатқан шаралар еліміздің қазіргі ғана емес, болашақ зейнеткерлерінің де лайықты зейнетақы мөлшерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996704-qazaqstanda-2025-zylga-qarai-ziyntyq-zeinetaqy-orta-eseppen-27-ga-osedi/

pixel