Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жұмыс берушілер жарнасы Қазақстандағы зейнетақы көлемін арттыруға мүмкіндік береді

Опубликовано:

пенсионеры
Иллюстративное фото: pixabay

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарнасы есебінен қызметкердің пайдасына шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу қазақстандықтарға қосымша төлемдер алуға мүмкіндік береді. Бұл шараны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары қарастырылған. Соның бірі – жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖБМЗЖ) біртіндеп енгізу. Бұл жаңашылдық еңбек демалысына шыққан азаматтарға жинақталған жүйеден қосымша зейнетақы төлемдерін алуға жол ашады.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыларды, сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы төлемін қамтитын көпдеңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты. Соңғысы қызметкердің зейнетақы жинағы есебінен қалыптасады.

Бұл ретте зейнетақының ынтымақты бөлігі жыл сайын азаяды. Өйткені оны тағайындау кезінде тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтау жүйесі енгізілгенге дейін болған еңбек өтілі ескеріледі. Алайда, қызметкердің ЖБМЗЖ-ға жарналарының 10%-ы зейнетақының тиісті мөлшерін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.

Ел ішінде ЖБМЗЖ енгізу халықты зейнетақымен қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуге септігін тигізеді. Оның үстіне, бұл жоғалған табысты тиісті зейнетақы төлемдерімен алмастыруды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Министрліктегілер бұл шара 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталғанын атап өтті. Азаматтардың осы санатындағы зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Олардың зейнетақылары үш тармақтан тұрады: мемлекеттің базалық зейнетақысы, жинақтаушы зейнетақы – БЖЗҚ-ға дербес аударымдар есебінен және жұмыс берушілердің жарнасы арқылы толығып отыратын шартты-жинақтаушы зейнетақы есебінен.

Ковидтен кейінгі кезеңде жұмыс берушілерге жүктемені азайту мақсатында 2024 жылғы қаңтардан бастап бес жыл ішінде ЖБМЗЖ-ні кезең-кезеңімен енгізу межеленген.

Айтпақшы, әлемдік тәжірибеде мұндай міндетті жарналар өте кең таралған дүние. Мысалы Малайзияда жұмыскердің табысының 23%-ынан жұмыс берушілер зейнетақы қорына 12%, ал қызметкер 11% үлес қосады; Австралияда 9,5%-ды тек жұмыс беруші төлейді; Белоруссияда – 29%, оның ішінде жұмыс беруші 28%; Германияда – 18,6%, оның ішінде жұмыс беруші 9,3%.

Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік кодекс жобасында еліміздің зейнетақы жүйесін азаматтарды зейнетақының лайықты мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндей жетілдіру жөніндегі басқа да шаралар көзделген.

Атап айтқанда, 2023-2027 жылдар аралығында ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен 54-тен 70%-ға дейін, ең жоғарысын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100-нан 120%-ға дейін жеткізу мақсат етілген.

Осы уақыт ішінде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін көтеріледі. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсімі шамамен 13%-ды құрайды. Ол Қазақстанның барлық 2,2 миллион зейнеткеріне, сондай-ақ болашақ зейнеткерлерге қатысты болады.

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлікке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделеді.

Бұл шараларды іске асыру 2025 жылға қарай үш жыл ішінде жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға, 109-дан 138 мың теңгеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996716-zumys-berusiler-zarnasy-qazaqstandagy-zeinetaqy-kolemin-arttyruga-mumkindik-beredi/

pixel