Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қаржылық қолдау және қоғамға пайда әкелу: қазақстандықтар "Күміс жас" жобасының артықшылықтары туралы айтып берді

Опубликовано:

Сәуле Ермекова
Фото: Сәуле Ермекованың жеке мұрағатынан

Зейнет жасына тақаған адамдар көбінесе жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болады. Әдетте, жұмыс берушілер егде жастағы қызметкерлерді алуға немесе ұстап отыруға дайын емес. Халықтың осы санатын қолдау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Қазақстанда "Күміс жас" жобасы іске асырылуда. Оның мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы қатысушылар айтып берді.

"Күміс жас" жобасы зейнет жасына тақаған жұмыссыз қазақстандықтарға арналған. Олар үшін жұмыс орындарын құратын жұмыс берушіге мемлекет 50% жалақы мөлшерін субсидиялайды. Қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жақын арада жобаға жасы 50-ден асқан азаматтарды қатыстырып, қатысу мерзімін 12 айдан 36 айға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Жоба аясында жұмыс тапқандардың бірі - Өскемен қаласының 60 жастағы тұрғыны Сәуле Ермекова. Ол бұрынғы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-нің "Химик" мамандығы бойынша түлегі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ол ірі геологиялық ұйымда жұмыс істеп, кейін кәсіпкерлікпен айналысты. Ал 90 жылдардың соңында аймақтағы ең ірі металлургиялық зауытқа жұмысқа орналасып, оның зертханасында 20 жылдан астам адал қызмет етті.

"Зауыттағы жұмыстың арқасында мен балаларымды тәрбиелеп, оларға білім бере алдым. Бірақ 2019 жылы маған отбасылық жағдайыма және денсаулығыма байланысты өз еркіммен жұмыстан кетуге тура келді. Өйткені талай жыл мен еңбек жағдайы зиянды өндірісте еңбек еттім", - дейді Сәуле.

Біраз уақыттан кейін Сәуле Ермекова өзіне қолайлы жұмыс іздей бастады. Қажетті көмек алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінуді шешіп, онда бірден әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылды. Көп ұзамай оған "Күміс жас" жобасына қатысу ұсынылды. Осылайша кейіпкеріміз "Твой шанс" тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар қоғамы" ҚБ-де клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджердің бос орны бар екенін біліп, жұмысқа қабылданды.

Сәуле Ермекова
Фото: Сәуле Ермекованың жеке мұрағатынан

"Біздің ұйым кір жуу және жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметтерін ұсынады. Жаңа ұжымымда негізінен ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыс істейді. Мен оларға клиенттермен байланыс орнатуға көмектесемін. Өмір жолымда үлкен тәжірибе жинадым. Оны бөлісіп, қоғамға пайдалы бола алатыныма қуаныштымын", - деп атап өтті жобаға қатысушы.

Кейіпкеріміздің зейнетке шығуына тура бір жыл қалды. Сәуле зейнеткерлік жасын қол қусырып күтіп отырмауы өзі үшін өте маңызды болғанын айтады. Жобаға қатысу оны қаржылық жағынан ғана емес, өзіне-өзі тағы бір белесті бағындыруға септігін тигізді.

Айта кетейік, 2022 жылдың 10 айында "Күміс жас" жобасымен 2576 қазақстандық қамтылса, оның 76-сы Сәуле Ермекова тұратын Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары болып отыр.

Қатысушыларды қамту бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында Қарағанды облысы бар, онда жыл басынан бері жоба аясында 258 адам жұмысқа орналастырылды. Олардың қатарында ұзақ уақыт жұмыс таба алмаған 62 жастағы Рахмат Абдуллаев бар.

Тәжірибелі экономист Өзбекстаннан тарихи отанына көшкеннен кейін көптеген мамандық ауыстырды – Шахан мектептерінің бірінде директордың орынбасары болды, кейін автобус жүргізушісі, күзетші және от жағушы болып жұмыс істеді.

"Мамандық бойынша жұмысқа орналасудағы қиындықтар зейнеткерлік жасқа және мүгедектікке байланысты туындады. Бірнеше жыл бұрын жүрегіме операция жасаттым. Істеген жерлерімде жалақысы ұнамады. Бірақ осы жылдың мамыр айында Шахтинск қаласының халықты жұмыспен қамту орталығында маған "Күміс жас" жобасы туралы айтып берді. Ал маусым айында жалақысы 180 мың теңгені құрайтын тігін өндірісіне бас бухгалтер болып жұмысқа тұрдым. Менің ойымша, бұл жақсы жалақы", - дейді ер адам.

Қалыпты жұмыс кестесі, сырқаттанған күндердің төленуі, демалыстың болуы, сүйікті мамандық аясында қызмет ету мүмкіндігі - осының бәрі Рахмат Абдуллаев үшін елеулі көмек болуда.

"Менің ортамда зейнет жасына тақаған адамдар аз емес, олар да жұмыс табуда қиындықтарға тап болады. Мен олардың барлығына жобаға қатысуға кеңес беремін, бірақ адамдар түсінбейді немесе әуреленгісі келмейді. "Күміс жас" мемлекеттің тиімді қолдау құралы екеніне өз тәжірибем арқылы көз жеткіздім", - деп қорытындылады кейіпкеріміз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996733-qarzylyq-qoldau-zane-qogamga-paida-akelu-qazaqstandyqtar-kumis-zas-zobasynyn-artyqsylyqtary-turaly-aityp-berdi/

pixel