Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы жастарға жұмыста өзін көрсетіп, дами түсуіне мүмкіндік беруде

Опубликовано:

Жансая Зайнолда
Фото: Жансая Зайнолданың жеке мұрағатынан алынды

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында жұмысқа орналасқан жас мамандар батыл шығармашылық идеялар ұсынып, мамандығының жаңа қырларымен танысуда.

Қазақстандағы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның бөлігі ретінде жүзеге асырылуда және 29 жастан аспаған, жұмыс тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа орналастыруды көздейді. Оған кәсіби білімі жоқ жастар да қатыса алады. 10 ай ішінде Қазақстанның барлық өңірінде «Алғашқы жұмыс орны» аясында 3639 адам жұмысқа орналастырылды.

Зайсан қаласында жобаға қатысқандардың бірі - Жансая Зайнолда. Мектеп кезінен ол аналитикалық химия пәнін ерекше жақсы көретін. Кейіпкерімізді күрделі реакциялар, зертханалық жағдайда заттардың өзара әрекеттесуі, әртүрлі компоненттің қосылу нәтижесін есептеу қатты қызықтыратын. Мектепті бітіргеннен кейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсті. Мамандық таңдауда көп ойланбай сүйікті ісін таңдаған ол химия бойынша бакалавр дәрежесін алды.

Жансая Зайнолда
Фото: Жансая Зайнолданың жеке мұрағатынан алынды

"Химия тек формулалар мен бақылау жұмыстарынан тұрмайды. Шын мәнінде, бұл өте қызықты іс, әсіресе зертханалық жұмыстар. Химияда өте қызықты тақырыптар бар, тіпті өзіне тартып, баурап әкетеді. Кәдімгі заттардың өзара әрекеттесуі арқылы белгілі бір жағдайларда ерекше нәтижелерге қол жеткізуге болады. Реакциялар өте әсерлі, ерекше. Өмірде қажетті, кейде тіпті адам өмірін сақтап қалатын білімді игеруге де болады", - дейді ол.

Оқуды бітіргеннен кейін Жансая Зайнолда жұмыс іздеп, халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, "Алғашқы жұмыс орны" жобасының қатысушысы болды. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап химия пәнінің мұғалімі болып жұмысқа тұрды. Мектеп ұжымының жас маман туралы көзқарасы жақсы, ал оқушылар ұстазын креативтілігі үшін жақсы көреді. Химияға деген қызығушылығы ерекше ұстаз оқушыларына үлгі, одан бөлек ол оқушылардың пәнге деген ынтасын арттыру үшін Tik-Tokке бейнежазбалар түсіріп, сабағын ерекше форматта өткізуде.

"Оқушылармен қарым-қатынас жасау өте қызық. Олардың әрқайсысы жеке тұлға, әрқайсысының өзіндік қыры бар. Олармен тіл табысып кетсеңіз, онда жұмыс істеу де оңай болады. Бүгінгі таңда Tik Tok және Instagram сияқты платформалар мектеп оқушылары арасында өте танымал. Мен оларды жұмыста қолданамын. Мысалы, халықаралық және біздің оқулықтарымыздан кей тақырыпты қазақ тіліне аударып, олар бойынша Tik Tok-та бейнеролик түсіремін. Сондай-ақ мектеп базасында жоқ құралдар немесе мектеп жағдайында жасауға болмайтын зертханалық жұмыстар бойынша бейнежазба түсіремін", - деп әңгімелейді жас мұғалім.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасы туралы айта келе, Жансая бұл қазақстандық жоғары оқу орындары түлектеріне өте маңызды және қажет қолдау екенін атап өтті. Кез келген диплом негізінен теориялық білім болып саналады және бұл жобада мамандық бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға, болашақта пайдалы болатын нақты дағдыларды игеруге мүмкіндік бар.

Жобаға қатысу белсенділігі әр аймақта әртүрлі. Мысалы, 1 қарашадағы жағдай бойынша Түркістан облысында "Алғашқы жұмыс орны" жобасы арқылы 672 адам, Алматы қаласында 344, Алматы облысында 308 адам жұмысқа орналасқан.

Елордада "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 10 айда 155 адам қатысқан. Қатысушылардың бірі – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жанындағы колледж түлегі Ақнұр Ермұхан. Ағымдағы жылдың шілде айында ол жұмыс іздеп жұмыспен қамту органдарына жүгінген. Алғашқы кәсіби тәжірибе алу үшін ол ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жіберілді. Қазір Ақнұр - мұрағат ісі жөніндегі әдіскер. Жұмыс мұқият назар аударуды, дәлдікті, жауапкершілікті қажет етеді. Бұл міндеттерді Ақнұр жақсы атқаруда.

Жастар "Алғашқы жұмыс орны" жобасына 18 ай ішінде қатыса алады, оны аяқтағаннан кейін қатысушыға тағы бір жылға тұрақты жұмыс орнына орналасуға мүмкіндік беріледі. Жобаға қатысу қағидасы бойынша жалақы кемінде 30 АЕК-ті (91 080 теңге) құрайды, бірақ жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша одан жоғары еңбекақы белгіленуі мүмкін. Сондай-ақ жұмыс беруші жалақыға қосымша үстемақы төлей алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996749-algasqy-zumys-orny-zobasy-zastarga-zumysta-ozin-korsetip-dami-tusuine-mumkindik-berude/

pixel