Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет монетизациялануда

Опубликовано:

дети
Фото: pixabay

Қазақстанда 2023 жылы бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті (КӘП) монетизациялау жүргізіледі. Бұл ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктеріне қарай өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді, деп хабарлады ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында ана мен баланы қолдаудың бірқатар шарасы қарастырылған. Құжатта қолданыстағы мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер толығымен сақталғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар жобада балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды мемлекеттік деңгейде жақсартуға арналған жаңа қағидаттар қарастырылған.

Атап айтқанда, 2023 жылы Қазақстанда бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау жүргізіледі. Бұл атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтығын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.

Монетизация АӘК алушылар қатарындағы балаларға қосымша төлем белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алатын 190 мыңға жуық балаға әсер етеді.

Еске сала кетейік, кепілдендірілген әлеуметтік пакет аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау ретінде ұсынылады.

Бүгінгі таңда бір жастан алты жасқа дейінгі балалар үшін КӘП өнімдер мен тұрмыстық химия жиынтығын қамтиды. Ал мектеп жасындағы балалардың кейбір санаттары үшін білім басқармалары желісі бойынша ыстық тамақ, мектеп киімі мен жазу заттары жиынтығын сатып алу, сондай-ақ қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру қамтамасыз етіледі.

Анықтама үшін: 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 129,9 мың отбасынан 668,8 мың адамға тағайындалды. Осы мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 62,8 миллиард теңге бөлінді.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен азаматтарға тағайындалады.

Сондай-ақ АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

2022 жылдың 1 қазанындағы жағдайға жүгінсек, бір жастан алты жасқа дейінгі АӘК алушылар қатарынан 178,4 мың балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі КӘП тағайындалды.

Ел азаматтары тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы АӘК тағайындауға өтініш бере алады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда балалары бар отбасыларды қолдаудың кешенді үлгісі құрылып, оған мемлекеттік жәрдемақылар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар, салық жеңілдіктері және азаматтар өмірінің барлық кезеңіндегі басқа да әлеуметтік қорғау шаралары кіреді.

Отбасыларды әлеуметтік қолдау жүйесі әр түрлі өмір жағдайларын қарастырады және МӘСҚ-дан жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемді, баланың тууына, бала күтіміне арналған жәрдемақыны, көпбалалы отбасыларға және отбасының табысын есепке алмай төленетін марапатталған аналарға берілетін жәрдемақыларды қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996768-qazaqstanda-balalarga-arnalgan-kepildendirilgen-aleumettik-paket-monetizaciyalanuda/

pixel