Алматыда полицей өртеніп жатқан көлікті аман алып қалды

Опубликовано:

Полиция қызметкері өртенген көлікті сөндіруде
Өртенген көлікке су шашуда. Видеодан кадр: Рolisia.kz

Алматыда полицей Рысқұлов даңғылының бойымен келе жатып, өртеніп жатқан көлікті көріп, оны сөндіруге көмектескен. Көлік жүргізушісі тәртіп сақшысына ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция хабарлауынша, Медеу аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары Әділбек Қозыбеков Рысқұлов даңғылының бойымен келе жатып, өртеніп жатқан көлікті көрген.

"Көпірде өртеніп жатқан көлікті көрдім. Ойланбастан өрт сөндіргішті алып, көмекке қарай жүгірдім. Абырой болғанда, отты дер кезінде сөндірдім, көліктің толықтай жанып кетуіне жол бермедім.

Бұл көлікті әйел адам басқарған. Ол Балқаш қаласынан келген екен, қаланы жақсы білмейді. Халыққа адал қызмет ету, жан-жақты көмек көрсету – біздің парызымыз. Өзім де сәтті аяқталғанына өте қуаныштымын", – деді Қозыбеков.

Сонымен қатар, ол эвакуатор шақырып, көлікті тұраққа жеткізуге көмектескенін айтты.

Балқаш қаласының тұрғыны Наталья Дробытова Алматы ПД басшылығына видео үндеу арқылы алғысын жолдады.

"Бізге көмектескен Әділбекке алғысымды білдіргім келеді. Рысқұлов көшесінің бойымен келе жатқан едік, көлігіміз түтіндей бастады. Біз тоқтағанымызда, өтіп бара жатқан көліктен мына жас жігіт секіріп түсті.

Осындай жақсы тәрбие берген ата-анасына алғыс айтқым келеді. Бізге көмектесті, тынышталдырды. Оған үлкен рақмет айтқым келеді. Ешқашан ауырмаңыз", – деді Наталья өз үндеуінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996789-almatyda-zol-boiynda-kolik-ortenip-policei-ony-sondiruge-komektesti/