Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҚР Еңбек министрлігі: қызметкердің өмірі мен денсаулығы - ұлттық саясат басымдықтары

Опубликовано:

Дәрігер құралы
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясатының қағидаттары қызметкердің өмірі мен денсаулығының басымдықта болуына негізделеді, дейді ҚР ЕХӘҚМ "Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты" ШЖҚ РМК Кәсіптік тәуекелдерді бағалау орталығының басшысы Жанат Есбенбетова. 

"Қазақстанның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясаты: жұмыскердің өмірі мен денсаулығының өндірістік қызмет нәтижелеріне қатысты басымдығы; өндірістік факторлардың жұмыскердің өмірі мен денсаулығына зиянды әсерінің қайтымсыз салдарын болдырмау; еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау саласында бірыңғай талаптар белгілеу; жұмыскерлердің лайықты еңбек жағдайына құқығын мемлекеттің қорғауына кепілдік беру; жұмыскерлердің еңбек жағдайына құқығын мемлекеттік реттеу сияқты қағидаттарға негізделген еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау; еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жағдайы туралы ақпараттың жариялылығы, толықтығы және дұрыстығы", - дейді Жанат Есбенбетова.

Еңбекті қорғау - бұл еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі. Еңбек қауіпсіздігі - бұл жұмысшыларға зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын еңбек жағдайының ахуалы. 

"Еңбекті қорғау жүйесінің құрамына: өндірістік санитария, еңбек гигиенасы, электр және өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі және кәсіптік тәуекелдер кіреді", - деп жалғастырды Кәсіптік тәуекелдерді бағалау орталығының басшысы. - Еңбек қауіпсіздігін басқарудың негізгі мақсаты қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жарақаттану мен апаттарды, кәсіптік ауруларды азайту; қауіпсіз және қалыпты еңбек жағдайын жасау жөніндегі міндеттер кешені негізінде еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру болып табылады. 

Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаусаласындағы қызметкерлер мен жұмыс берушілердің құқықтары да, міндеттері де бар. 

Мәселен қызметкерлердің келесідей құқығы бар:  

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарына сәйкес жабдықталған жұмыс орнына;

- жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарын қамтамасыз етпеген жағдайда жұмысты орындаудан бас тарту;

- санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуі;

- еңбек міндеттерін қауіпсіз орындау үшін қажетті білім және кәсіптік даярлық;

- жұмыс берушіден жұмыс орнының сипаттамасы және еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жағдайы туралы сенімді ақпарат алу;

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты жұмысты тоқтата тұру уақытына жалақысының сақталуы. 

Қызметкерлер міндетті: 

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтардың талаптарын сақтау;

- әрбір өндірістік жарақат пен денсаулықтың өзгеде зақымданулары туралы жұмыс берушіге дереу хабарлау;

- міндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өту;

- жеке және ұжымдық қорғау құралдарын мақсатына сай мүлтіксіз қолдану және пайдалану;

- мемлекеттік еңбек инспекторының, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектордың, ішкі бақылау мамандарының талаптарын орындау;

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша білім алу, нұсқамадан және тексеруден өту. 

Жұмыс берушілер құқылы: 

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша талаптарды бұзатын қызметкерлерді жұмыстан шеттету және тәртіптік жауапкершілікке тарту;

- қызметкерден жұмысты қауіпсіз жүргізу жөніндегі нормалардың мүлтіксіз сақталуын талап ету;

- қызметкерлерді өз қаражаты есебінен профилактикалық медициналық тексерулерге жіберу;

- жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайын жасауға жәрдемдескені, қауіпсіз еңбек жағдайын құру бойынша ұтымды ұсыныстары үшін қызметкерлерді көтермелеу. 

Жұмыс берушілер міндетті: 

- алдын алу жұмыстарын жүргізу, жабдықтар мен технологиялық процестерді анағұрлым қауіпсіз процестерге ауыстыру арқылы кәсіби тәуекелді бағалау жүргізу және оны барынша азайту және жою жөнінде шаралар қабылдау;

- еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселелері бойынша басшыларды және еңбекті қорғау мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаларды оқытуды және білімін тексеруді 3 жылда кемінде 1 рет ұйымдастыру;

- қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселелеріне оқыту, нұсқау беру, білімін тексеру;

- қызметкерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасау, арнайы киім мен аяқкиімді, жекеқорғаныс құралдарын беруді және жөндеуді қамтамасыз ету; 

- еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды, кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыру;

- жазатайым оқиғаларды тергеуді заңнамамен белгіленген тәртіппен қамтамасыз ету;

- еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу және оның жұмыс істеуін бақылау. 

- Еліміздің кәсіпорындарында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатқанын және осы мақсаттарға қомақты қаражат бөлінетінін атап өткен жөн. Өндірістерде арнайы қауіпсіздік қызметтері бар. Олар қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды әзірлейді, қауіпсіздік техникасының жай-күйін бақылайды, қызметкерлердің қауіпсіз жұмыс тәсілдерін оқытудан уақтылы өтуін қадағалайды. Сондай-ақ кәсіпорындарда жарақаттануды азайту және жазатайым оқиғалардың туындау мүмкіндіктерін жою бойынша іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде", - деп қорытындылады Жанат Есбенбетова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996868-qr-enbek-ministrligi-qyzmetkerdin-omiri-men-densaulygy-ulttyq-sayasat-basymdyqtary/

pixel