Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағанды тұрғыны: мүгедектікті сырттай белгілеу - бұл тез әрі ыңғайлы

Опубликовано:

арба
Көрнекі фото: pixabay.com

Қарағанды тұрғыны Ақзипа Әшімова сырттай сипатта ұлына мүгедектік белгілеу бойынша мемлекеттік қызметті пайдаланып, оны көрсету жылдамдығы мен сапасына риза болды, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Ақзипа Әшімованың ұлы туғаннан бастап ауыр дерттермен, соның ішінде Даун синдромымен ауырады және мүгедектік тобына жатады. Алайда биыл Аян 16 жасқа толғандықтан, қайта куәландырудан өту қажет болған.

"Расы керек, өткен жылдардағы бастан кешкенім есіме түсіп, еріксіз алаңдай бастадым. Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) балама таныс емес жерде жүргізілетін. Осының өзі оған кәдімгідей соққы. Кезекте тұратыны тағы бар. Сонымен қатар әр баланың өз диагнозы бар. Салдарынан біздің кезегіміз келгенде, Аян қатты мазасызданған күйде болды және дәрігерлерге өзін қарауға мұрша бермеді" - дейді Ақзипа.

Сондықтан емдеуші дәрігер Ақзипаға қазір бұл процедураны сырттай өтуге болатынын айтқан кезде, ол оны бірден пайдалануға асықты.

"Енді МӘС-ке бармай-ақ, өз емханамызда тексеруден өту жеткілікті екені белгілі болды. Әрине, мен бұған қуандым. Ұлым емхананы, дәрігерлерді жақсы біледі. Сондықтан бұл жолы бәрі өте тыныш өтті", - деп атап өтті әйел.

Тексеруден өткеннен кейін Ақзипаға SMS-хабарлама келіп түсті, онда ол құжаттарды одан әрі өңдеуге келісім бере ме, жоқ па деген сұрақ қойылды. Ақзипа, әрине, "иә" деп жауап берді. Көп ұзамай оған Аянға бірінші мүгедектік тобы тағайындалғаны туралы хабарлама келді.

"Ұлым 18 жасқа толғанда және біз қайтадан қайта куәландыруымыз керек болғанда, мен бүкіл процедураны сырттай өткізгім келеді. Бұл тез әрі ыңғайлы", - дейді Ақзипа Әшімова.

Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап мүгедектікті сырттай сипатта белгілеу қызметі республиканың барлық өңірлерінің тұрғындарына қолжетімді. Өтініш берушіге бұдан былай құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып, анықтамалар жинауға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Тұрғылықты жері бойынша емханаға барып, дәрігерлерден қажетті тексеруден өту жеткілікті.

Әрі қарайғы барлық жұмыс адамның қатысуынсыз жүргізіледі. Денсаулық жағдайы туралы деректер және медициналық ақпараттық жүйелер арқылы өтініш берушінің ағзасы функцияларының бұзылу дәрежесі туралы дәрігерлердің қорытындылары Еңбек министрлігіндегі мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған дерекқорына түседі.

Бұдан әрі ақпарат автоматты режимде, бірақ дербес деректерді көрсетпей, бұрын болғандай тұрғылықты жері бойынша емес, басқа өңірлердегі үш экстерриториялық сарапшыға жіберіледі. Олардың қорытындылары негізінде байыпты шешім шығарылады.

Азаматтар куәландыру нәтижесін электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттен немесе тұрғылықты жері бойынша МӘС бөлімінен ала алады.

Бұл ретте өтініш берушіге қандай да бір мүгедектік тобы анықталған жағдайда жәрдемақы, сондай-ақ оған ұсынылатын техникалық құралдар мен оңалту қызметтері проактивті, яғни автоматты түрде тағайындалатын болады.

Бүгінгі таңда мүгедектікті сырттай белгілеу рәсіміне 625-тен астам медициналық ұйым атсалысып, бес медициналық ақпараттық жүйе қосылған: Дамумед, Жетісу, Надежда, Авиценна, және "Infomed Kazakhstan".

Еңбек министрлігінің мәліметіне жүгінсек, МӘС-ті сырттай сипатта өткізуге 40 мыңнан астам өтінім келіп түсті, бұл мүгедектікті белгілеу бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 22,1 пайызын құрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996954-qaragandy-turgyny-mugedektikti-syrttai-belgileu-bul-tez-ari-yngaily/

pixel