Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"2 жылда небір қорлық көрдік": Жат ағымға түскен ақтөбелік дәрігер Сирияда басынан кешкендерін баяндады

Опубликовано:

Сириядан оралған азамат
Сириядан оралған азамат KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беруде. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Бұдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбеден Сириядағы соғысқа аттанғандардың бірі - дәрігер Ержан. Абу Осман лақап атын алған қазақстандық Шам елінде 5 жылдан аса уақыт тұрып, "Ислам мемлекеті" (Қазақстанда тыйым салынған ұйым- ред.) террористік ұйымының құрамында қарулы қақтығыстарға қатысқан. "Жусан" операциясы арқылы елге жеткізіліп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған Ержан KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат беріп, басынан кешкендерін баяндады.

Қазіргі таңда Ержан Ақтөбе қаласындағы "КА-168/1" түзету мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Айтуынша, бір ғана қателік бүкіл өмірін өзгерткен.

"Қазақстанның түрмесінің өзі "айналайын" екен. Қазір Сириядағы 5 жылым көрген түстей. Мұсылманға тән бауырмалдық жоқ. Тек қатыгездік. Бір ғана қателік бүкіл өмірді өзгертті. Жат ағымның жақсылыққа апармайтынын кеш түсіндім.

Білімсіздіктен ақпаратты әлеуметтік желіден іздедім. Сананы улаған лекцияларды "шындық" деп қабылдағаным рас. Оның бәрі мұсылмандықты жамылған деструктивті топтардың тұзағы екенін кеш білдік. Өкініш бар", - дейді Ержан.

31 жастағы Ержан Қызылорда облысының тумасы. 2006 жылы отбасымен Ақтөбеге көшкен. 2009 жылы Ақтөбе қаласындағы мектепті бітіріп, М. Оспанов атындағы медициналық академияға түскен. 2014 жылы жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын алған. 2015 жылдың күзінде дінге келіп, 2016 жылы Сирияға аттанған.

"2015 жылы туған ағамды отбасымен Түркия еліне шығарып салдым. Олар шетелге демалуға бара жатыр деп ойладым. Ағам Шам еліне жеткеннен кейін ғана жағдайды айтты. Өзімді кінәлі сезіндім. Намазға келдім. "Сол жаққа баруым керек" деген алдыма мақсат қойдым. Соғысқа шақырған лекциялар тыңдадым", - дейді ол.

Сотталушы Шам еліне барудың қиын болмағанын айтады. Үйінен шыққанда қалтасында 150 мың теңгесі ғана болған. Желі арқылы ағасымен байланысып тұрған. Ал Шам еліне Ақтөбе-Алматы-Стамбұл арқылы кірген.

"Түркияда бір аптадай болдық. Баратындар бір жерге жиналды. Көзімізді жауып, жабық көліктерге отырғызып, жабық үйлерге апарды. 2016 жылдың 24 ақпанында Сирия аумағына кірдік. Ол жақта бірден жертөлеге қамады. Жаңадан келгендерді бірден сол жерге апарады екен.

Барғаннан ағаммен кездестіруді сұрадым. Дәрігер екенімді көрді. Бірақ олар жаттығудан кейін көрісетінімізді айтты. Олар күнде "ертең" деп жүрді. Үш айдан аса уақыт жертөледе тұрдық. Содан кейін жаттығу алаңына апарды. 20 күн дайындықтан өттік. Әскери медицина саласына қабылдады", - дейді Ержан.

Ержан Сириядағы соғысқа шыққаннан бастап, ағасымен қауышқан.

"2016-2017 жыл аралығында соғыс даласында болдым. Мағынасыз соғыс екенін түсініп, қаруды тастадық. Ол жақтағы әділетсіздікті көріп, адасып жүргенімізді түсіндік", - дейді ол.

Шам еліндегі өмір

Ақтөбелік дәрігер жігіт Шам елінде "Абул Осман. Қазақ. Әскери медицина" деген жазуы бар құжатпен жүрген. Сондай-ақ сол жақта қырғыз қызына үйленген. Екі баласы бар.

"Ол жаққа барғанда мұсылмандарды қорғаймыз "дін үшін соғысамыз" деп бәріне дайын болдық. Ойымыз қате болып шықты. Бәрін көрген соң оншақты қазақ кетуге дайындалдық. 2018 ақпанда түрмеге түстік. Ол жақта соғысты қойған, кеткісі келіп жүрген адамдарды түрмеге қамайды.

Ағам екеуміз түрмеде де бірге болдық. Төрт айдан кейін бізді түрмеден шығарды. Себебі олардың өздерінің арасында билікке талас болып жатты. Шетелдіктердің бәрін шығарып жіберді", - дейді Ержан.

"Өз еліңде өлу де бақыт екен…"

Кейіпкеріміз Сирия жеріндегі адам төзгісіз қатігездіктерді де баяндады.

"Сирия түрмесінде отырған төрт айда 4 қазақтың өлім жазасына кесілгенін көрдім. Бәрі де өзіміз сияқты жас балалар. Күнде біреуді өлтіреді. Шыны керек ол жерде біз де өлімімізді күтіп жаттық. Алақандай жерге 20-30 адамды қамайды. Өлім жазасына үкім шыққан адамды таңда алып кетеді", - деп еске алды Ержан.

Сирия түрмесінен шыққаннан соң Ержан сол жерде дүкен ашып, елге қайтуға ақша жинайды. Азын-аулақ ақшасына азық-түлік пен киім алып, бір жерден екінші жерге апарып сатқан. Тек 2019 жылы ғана соғыс даласынан ағасы екеуі отбасыларын шығарып жіберудің жолын табады. Артынан ер азаматтар бөлек шыққан.

"4-5 қазақ бірге жүрдік. Түркияға 1,5 шақырым қалғанда күрдтерге тұтқынға түстік. 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың ақпанына дейін тұтқында болдық. Бізді өлімнен "Жусан" операциясы құтқарды. Ол жақтағы өмір адам төзгісіз еді. 50 шаршы метр болатын ангарда 100-ден аса адам жатамыз. Қатты ұрып, қинайды. Аш жүресің. Күніге бір рет бір уыс тамақ, төрт күнде бір рет су береді. Оның өзі лай су немесе тұзды су.

Оны ішкеннен кейін міндетті түрде ішің өтеді. Ауызың кеуіп, шөлдеп тұрған соң қандай су болса да ішесің. Тұзды судан ішің ісіп кетеді. Үстіміз жара-жара. Үш күнде бір рет таза ауаға шығарады. Кішкентай дәлізден өткенде кірген-шыққан сайын сабайды. Үлкен кісілер жылайды. Бетонның үстіне ұйықтаймыз.

Қыста пакетке таласамыз. Пакет суық өткізбейді. Оранып аламыз. Түнде ұйықтамауға тырысасың. Отырып, тұрып, қозғалып жүресің. 2 жыл ішінде небір қорлықты көрдік. Сол кезде дұғамызға тек елге аман-есен қайтуды қосып, ата-анамызбен қауышуды тіледік", - дейді түрмеде жазасын өтеп жатқан ер адам.

Сотталушы қазір бостандыққа шығатын уақытын күтіп жүр. Ол "Жусан" операциясы жаңа өмірге жолдама бергенін жасырмайды.

"Сириядағы күндер түсім сияқты"

2021 жылдың қаңтар айында "Жусан" операциясының бірінші тасымалына іліге алмай қалғанда қатты қиналдық. "Қайта алмаймыз, осында өлетін шығармыз" деген қорқыныш болды. Ол жақта үш қазақ қалдық. Тек елге жетуді ойладық. Қанша жыл жыл түрмеде отыратынымыз маңызды болмады. "Жусан" операциясының адамдарымен қауышқанда туыстарымызды көргендей болдық. Сол күн әлі есімде. Түрмедегі жауап алу бөлмесіне көзімізді жауып апарды. Ол жақта кез келген жерге солай барамыз, ештеңе көрмейсің. Отырғызды.

Қорлықтың түрін көрдік қой. Не болар екен деп іштен тынып отырдым. Сәл үнсіздіктен кейін "Ержан, қалың қалай?" деген қазақша дауыс естідім. Мейірімді дауыс. Жанашырлықтың қадірін сол кезде түсіндім. Әсер бөлек. Жүрегім тоқтап қалғандай. Сезіміме ерік беріп, жылап жібердім. Көзімді ашқанда толып отырған қазақ жігіттерін көрдім. Сөйлестік. "Уайымдама. Ауылға қайтасың" деді. Сол жерде отырған үлкен кісілер "балам, жылама" деп жұбатты. Мұндай сөз естімегелі қашан?! Жылай беріппін. Олар бізді басында танымай қалған. Қолдарында Қазақстаннан кеткен кездегі фотомыз бар екен. Ол жақта өзгердік.

Сақал-мұрт өсіп, жүдеп кеткенбіз. Елге әкелді. Әр қазақты көрген сайын туысымды көргендей боламын. Бұрыннан танитын адамдар секілді. Сөзіме ешкім сенбес. Бірақ мен Отан деген сөз соншалықты ыстық болатынын сезіндім. Еліміздің түрмесіне дейін айналайын. Тамағы бар. Адам ретінде қарайды. Өмір үшін қорқыныш жоқ", - дейді кейіпкеріміз.

Ержан 60 жастан асқан ата-анасымен елге жеткізілген соң абақтыда отырып қауышқан.

"Шыққан соң кітап жазғым келеді. Өмір. Сезім. Адасу. Өкініш. Мүмкін біреуге сабақ болар", - деп қоштасты кейіпкеріміз.

Айта кетейік, "Жусан" операциясының бес кезеңінде Сирия мен Ирактан 607 адам елге қайтарылды. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және кәмелеттік жасқа толмаған 413 бала бар. Елге жеткізілген 34 бала тұл жетім.

Материал авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997042-2-zylda-nebir-qorlyq-kordik-zat-agymga-tusken-aqtobelik-dariger-siriyada-basynan-keskenderin-bayandady/

pixel