Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітіліп, іске асырылуда

Жарияланған күні:

записи
Фото: pixabay

2022 жылы Қазақстанда 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілді. Оны іске асыру елімізде озық әлемдік тәжірибеге негізделген, тәуекелге бағдарланған еңбекті қорғау жүйесін құруға мүмкіндік береді, деді ҚР ЕХӘҚМ "Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты" ШЖҚ РМК Бас директоры Шолпан Әбікенова.

Қазақстан ратификациялаған еңбекті қорғау негіздері туралы халықаралық конвенция шеңберінде, әрбір мемлекет жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді бірлестіктерімен бірлесе отырып, еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясатты айқындауға тиіс.

"Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының басты мақсаты еңбекті қорғау саласындағы ұлттық саясатты айқындау болып табылады. Бұл ретте құжатта оны іске асырудың қадамдық жоспары қарастырылған", - деді Шолпан Әбікенова.

Тұжырымдамада республикада соңғы уақытта еңбекті қорғау саласында қандай жұмыстар атқарылғаны; қандай проблемалар қалып отырғаны туралы егжей-тегжейлі талдау бар және әрі қарайғы даму көкжиегіне байланысты төрт бағыт анықталған.

"Бұл міндеттердің барлығы Қазақстанда, біріншіден, нарықтық экономикаға сәйкес келетін, тәуекелге бағдарланған еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін құруға бағытталған; екіншіден, үздік әлемдік тәжірибеге негізделеді; үшіншіден, мемлекет пен оның әлеуметтік серіктестері - жұмыс берушілер мен қызметкерлердің белсенді өзара іс-қимылының оңтайлы моделін білдіреді", - дейді ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.

Тұжырымдаманың бірінші бағыты тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуды көздейді. Бұл бөлім тұрғысында, 2020 жылы ҚР Еңбек кодексіне, кәсіби тәуекелді бағалау және еңбекті қорғауды басқару жүйесі сияқты ұғымдар енгізілді.

Сондай-ақ екі нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Біріншісі кәсіби тәуекелдерді басқару ережелерін белгілейді. Екіншісі барлық нормативтік-құқықтық акт пен құралдарды еңбекті қорғауды басқарудың бірыңғай жүйесіне байланыстырады.

"Бұл ретте бұрын қабылданған нормативтік-құқықтық актілер тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу үшін өзектендіріледі. Яғни, еңбекті қорғаудағы алғашқы қадам тәуекелдерді бағалау болады. Осыған байланысты қызметкерлер, мысалы, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі, жоғары тәуекелге ұшыраған қызметкерлерді оқытуды жүргізеді", - деп жалғастырды Шолпан Әбікенова.

Екінші бағыт – жұмыс берушіні кәсіптік тәуекелді төмендету, еңбек жағдайларын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауға экономикалық ынталандыру. Бұл тұрғыда сақтандыру бірінші орынға шығады. Қазіргі таңда ол оқиға болғаннан кейін бір-ақ іске қосылып жатады. Жазатайым оқиға орын алса тиісті төлемдер жасалып, оңалту тағайындалады және т.б.

"Алайда сақтандыру бағдарламалары, қазіргі әлемдік трендтегідей, алдын алу сипатында болуы ләзім. Сақтандырушылар өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын қолдануы қажет. Кәсіпорындардың еңбек жағдайын жақсартуы үшін озық жұмыс істеу және инвестициялау жүргізген абзал. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бір қызметкерге қажетті шығындардың шекті деңгейлерін анықтаған жөн. Бұл еңбекті қорғауды қалдық қағидаты бойынша емес, жеткілікті дәрежеде қаржыландыруға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.

Үшінші бағыт еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттерді дамытуды көздейді. Мұнда жұмысшыларды оқытуға баса назар аударылады. Бұл ретте оқыту ұйымдарына қойылатын талап күшейтіледі. Ұлттық біліктілік жүйесін енгізуге байланысты осындай орталықтарды аккредиттеу жүргізілетін болады.

Бұл бағыттағы кейбір қадамдар биыл жасалып үлгерді. Оқытудың екі түрі бар: кәсіпорындардағы еңбекті қорғауға жауапты адамдарға қажет жалпы құзыреттер және арнайы құзыреттер. Оларға белгілі бір саладағы еңбекті қорғауға жауапты қызметкерлер ие болуы керек.

"Үшінші бағыт ғылыми зерттеулерді дамытуды көздейтінін атап өткім келеді. Халықаралық конвенцияға сәйкес олар еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесінің міндетті қыры болып табылады. Осы саладағы кез келген реформа ғылыми негізге ие болуға, сынақтан өткізілуге, әлеуметтік әріптестермен келісіліп, содан кейін ғана енгізілуге тиіс», - деп атап өтті Шолпан Әбікенова.

Төртінші бағыт бақылау мен мониторингтің артуына қатысты болып отыр. Атап айтқанда, жалпы республика бойынша ғана емес, сонымен қатар салалар, кәсіптер, нақты кәсіпорындарға дейін еңбекті қорғау саласындағы жағдайды бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай ақпараттық база құру межеленуде.

"Сондай-ақ кәсіби тәуекелдерді бағалаудың мемлекеттік сараптамасын енгізу жоспарлануда. Қазір өндірістік нысандарды еңбек жағдайы бойынша аттестаттаумен мамандандырылған ұйымдар айналысады және оларға осы бағалаудың сапасына қатысты сұрақтар туындауда. Мемлекеттік сараптама тетігі аттестаттау нәтижелерінің дұрыстығын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл өте маңызды, өйткені ол жұмыс берушінің өз қызметкеріне әлеуметтік қорғау және әлеуметтік кепілдіктер беру деңгейіне әсер етеді", - деп қорытындылады Шолпан Әбікенова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997051-qazaqstanda-2030-zylga-deiingi-qauipsiz-enbek-tuzyrymdamasy-bekitilip-iske-asyryluda/