Субсидияланатын жұмыс орындары: қазақстандықтарға нені біліп, ескерген жөн
Жарияланған күні:
Әр түрлі себеппен жұмыссыз қалғаннан кейін көптеген адамдар өз бетінше жұмысқа орналасуға тырысады. Басым бөлігінде бұл әрекеттер сәтсіз болып шығып, кейбір жандар еңсесін түсіруге шақ қалып жатады. Десе де жағдай айтарлықтай күдер үзерлік емес: жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтарды қолдау үшін мемлекет субсидияланатын жұмыс орындарын құруда. Бұл қандай шаралар және олардың аясында қандай қолдау көрсетілетінін NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Субсидияланатын жұмыс орындары - бұл жұмыспен қамтылғандардың жалақысын мемлекет ішінара немесе толық төлейтін еңбек түрлері. Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сәйкес келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорнында ұйымдастыра алады. Ол үшін Электронды еңбек биржасы (Еnbek.kz) арқылы қажетті орындарға өтініш беру жеткілікті. Субсидияланатын жұмыс орындарына халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген барлық жұмыссыздардың орналасу мүмкіндігі бар.
Жұмыс орындарын субсидиялау жұмыссыздар санатына байланысты бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, "Алғашқы жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас" жобалары. Тиісті бағыттардың әрқайсысына тоқталып өтсек.
Қоғамдық жұмыстар
Жұмыстың бұл түріне әлеуметтік пайдалы жұмыстар жатады. Әдетте, бұл жерде жұмыспен қамту уақытша, бір жылдан аспайды. Бірақ осы кезеңде қатысушы кәсіби дағдыларын жоғалтпаудан тыс, болашақта кәдеге жарауы мүмкін жаңаларын игереді. Ең бастысы, ол тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі, ал жұмыс жасаған кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Жалақы кемінде 20 АЕК-ті құрайды және оны жұмыспен қамту орталығы толығымен көтереді. Алайда орындалатын жұмыстың күрделілігіне байланысты жұмыс беруші осы жалақыға қосымша үстемеақыны өз қаражаты есебінен белгілегені абзал.
Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздар, студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында (денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда) қатыса алады. Сондай-ақ өндірісі тоқтап қалуына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдарға да қатысуға болады.
Бүгін ЭЕБ-ның "Қоғамдық жұмыстар" бөлімінде іс жүргізуші, тәрбие жұмысының маманы, заңгер, қосалқы жұмысшы, слесарь, педагог-ұйымдастырушы және басқа да көптеген бос орындар ұсынылған.
Айта кетейік, 2022 жылдың 10 айында, қоғамдық жұмыстар аясында 113,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Әлеуметтік жұмыс орындары
Әлеуметтік жұмыс орны - бұл жұмыссыздар үшін бір жылдан аспайтын уақытша жұмыс. Мұндағы жалақыны жұмыс беруші белгілейді, ішінара 20 АЕК-тен аспайтын мөлшерде жұмыспен қамту орталығы жабады. Жалақының 35%-ын мемлекет қамтамасыз етсе, 65%-ын жұмыс беруші төлейді.
Әлеуметтік жұмыс орындары кәсіпорындар мен кеңселерден бөлек, үйде де ұйымдастырылады. Соңғысы көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелеріне, сондай-ақ мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолжетімді.
Айта кетсек, еңбек жағдайы зиянды, ауыр және қауіпті жұмыстарға әрі біліктілігі төмен мамандықтар бойынша жұмыстарға әлеуметтік жұмыс орындары ашылмайды.
Еnbek.kz алаңында аталған бағытта бүгінде әлеуметтік қызметкер, мұрағатшы, сатушы, тәрбиеші, күзетші және тағы басқа жұмыс орындары ұсынылып отыр.
Жыл басынан бері Қазақстанда 14 мыңға жуық адам әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Оның 2,8 мыңы тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жастар практикасы
Жастар практикасы - бұл жастар үшін алғашқы тәжірибе жинаудың тамаша мүмкіндігі. Бағдарламаға өткен 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған және алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, колледждер мен жоғары оқу орындарының 29 жастан аспаған түлектері қатыса алады. Жалақы 30 АЕК-тен кем емес және оны мемлекет толығымен жабады. Жастар практикасында да жұмыс уақытша, қатысу мерзімі бір жылдан аспайды. Алайда егер жас мамандар тәжірибе барысында өздерін жақсы көрсетсе, жұмыс берушілер оларды жиі тұрақты жұмысқа қалдырып жатады.
Жастар практикасы бойынша Электрондық еңбек биржасында экономист, ассистент, бағдарламашы, IT-дизайнер, жалпы тәжірибелік дәрігер, бухгалтер және тағы басқа жұмыстардың табуға болады.
Қаңтар-қараша аралығында жастар практикасына 27 мыңнан астам адам қатысты.
Алғашқы жұмыс орны
"Алғашқы жұмыс орны" жобасы да 29 жасқа дейінгі жастарды, соның ішінде жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Жоба өмірдегі алғашқы жұмыс орнында кәсіби білім мен дағдыларды иемденгісі келетіндерге арналған. Қатысу мерзімі - 18 ай, ол аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссызға кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнын ұсынады.
Оқу орындарының түлектеріне арналған "Алғашқы жұмыс орны" жобасы аясындағы жұмыс орындары олар алған мамандық немесе ұқсас мамандық бойынша құрылады. Қаржылық жағына келетін болсақ, мұндай жұмыста қатысушылар кем дегенде 30 АЕК алады. Алғашқы бір жарым жылдағы жалақыны жұмыспен қамту орталығы төлейді, ал келесі 12 айда жалақы мөлшерін жұмыс беруші анықтайды.
Бүгін ЭЕБ-да осы бағыт бойынша келесідей бос жұмыс орындарын табуға болады: саяхаттанушы, мұғалімнің көмекшісі, фельдшер, бала күтуші және т.б.
2022 жылдың 10 айында "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мүмкіндігін 3,6 мыңнан астам жас қазақстандық пайдаланды.
Ұрпақтар келісімшарты
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында жұмыс орны 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектеріне жұмыс істеп жатқан, зейнет жасына тақаған қызметкерлердің тәжірибесі мен дағдыларын үйрету үшін құрылады. Сонымен бірге, қатысу ұзақтығы 6 айдан аспайды. Осы уақыттан кейін жұмыс беруші жұмыссыздарға тұрақты жұмыс орнын ұсынады немесе жұмыссыз адам зейнеткерлік жасқа толған тәлімгерді алмастырады. Қатысушылардың жалақысы - кемінде 30 АЕК.
Бүгінгі таңда "Ұрпақтар келісімшарты" аясында үміткерлерге құрылыс инженері, дене шынықтыру және спорт мұғалімі және т. б. жұмыс түрлері ұсынылуда.
2022 жылдың басынан бері жоба аясында 485 жас қазақстандық жұмысқа орналасты.
Күміс жас
"Күміс жас" жобасы зейнеткерлікке шығуына 2 жыл қалған адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталған. Олар үшін жұмыс орындарын құратын жұмыс берушіге мемлекет жалақы мөлшерінің 50%-ын субсидиялайды. Қатысу мерзімі - 12 айдан аспайды. Бірақ келесі жылдан бастап жасы 50-ден асқандарға да қатысу мүмкіндігін беріп, мерзімін 12 айдан 36 айға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Жоба аясында зейнет жасына тақаған адамдар enbek.kz порталынан санитар, жол жұмысшысы, қосалқы жұмысшылар бригадирі, суретші және т. б. жұмыстар таба алады.
10 айда "Күміс жасқа" 2,6 мыңнан астам адам қатысты.
Көріп отырғаныңыздай, қол қусырып отырғысы келмейтіндер үшін адамның жасына, білім деңгейіне немесе мәртебесіне қарамастан жұмыс әрқашан табылады. Бүгінде мемлекет жұмыссыздарға - жоғары сынып оқушыларынан бастап зейнет жасына тақағандарға дейін - жұмысқа орналасу мүмкіндігінің кең көлемін қарастыруда. Ең бастысы - алғашқы қадамды жасап, өзіңізді таныта білу, әрі қарай табысты еңбек жолы күтіп тұруы ықтимал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997072-subsidiyalanatyn-zumys-oryndary-qazaqstandyqtarga-neni-bilip-eskergen-zon/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.