Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жас кәсіпкерлер өз ісін бастауға септік болған мемлекеттік қолдау туралы айтып берді

Опубликовано:

Фото
Фото: Нұрсұлтан Ыбырайдың жеке мұрағатынан

Соңғы 10 айда "Бастау Бизнес" жобасына 61961 жас кәсіпкер қатысса, 11807 адам өз ісін іске қосуға және одан әрі дамытуға грант алды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жастарға қандай мүмкіндіктер ашқаны туралы NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Еске сала кетейік, "Бастау Бизнес" жобасы мен 400 АЕК дейінгі көлемде гранттар беру түріндегі мемлекеттік қолдау 2025 жылға дейін әзірленген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тың тетіктері болып табылады.

Бұл шаралар, міне бірнеше жыл бойы, қазақстандықтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беріп жатыр. Осы орайда, кәсіпкерлік негіздерін оқуға және грант алуға жас кәсіпкерлер үлкен қызығушылық танытуда. Жас кәсіпкерлер, өз ісін аша отырып, көбінесе әлеуметтік маңызды бағыттарды таңдайды.

Астана қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Ыбырай студенттік кезінен бастап тәлімгерлікпен айналысып, оқушыларға физика және математика сияқты пәндерді меңгеруге көмектескен. Осылайша, біраз уақыт өте келе, сүйікті ермегі тұтас білім беру орталығына ұласты.

"Менің орталығым 1,5 жылдан бері жұмыс істейді. Шын мәнінде, білім беру орталығын ашу идеясы бұрыннан бар еді. Әрқашан мектепте немесе қандай да бір емтихандарда оқушыларыма сабақ беріп, нәтижесін көргенді ұнататынмын", - деп әңгемелейді Нұрсұлтан.

Фото
Фото: Нұрсұлтан Ыбырайдың жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, кез келген бизнес бастапқы кезеңде қаржыландыруды қажет етеді. Кәсіпкер мұндай қолдауға Ұлттық жобаға қатысудың арқасында ие болған.

"Бастапқыда мен мұндай жобаның бар екенін білгенде, оған бірден қызығушылық таныттым. "Бастау Бизнес" арқасында оқудан өтіп, 1 225 200 теңге көлемінде грант ұтып алуға мүмкіндік берген сертификат еншіледім. Осы ақшаға барлық қажетті материалдық-техникалық базаны сатып алдым. Мемлекетке және халықты жұмыспен қамту орталығына қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Қазір жастарға осындай көмек көрсетіліп жатқаны қуантады. Бұл одан әрі дамуға, сүйікті іспен айналысуға және басқаларға пайдалы болуға барынша ынталандырады", - деп бөліседі Нұрсұлтан.

Фото
Фото: Нұрсұлтан Ыбырайдың жеке мұрағатынан

Болашақта ол өз бизнесін кеңейтіп, қаланың басқа бөліктерінде бірнеше орталық ашуды жоспарлап отыр.

Кәсіпкердің пікірінше, ұлттық жоба аясында грант алу – бұл өз ісін жаңадан бастауға шешім қабылдаған немесе оны дамытып жатқан жастар үшін мол мүмкіндік және қолдау.

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласының тұрғыны Бағдад Бағдадов та бұл пікірмен келіседі. Кәсіпкер 22 жаста, бірақ жастығына қарамастан, бірнеше жыл бойы адамдардың аяққа тұруына көмектесуде.

Бағдадтың медициналық білімі бар, 2018 жылдан бастап студент кезінен-ақ адамдарды оңалтумен және емдік массаж жасаумен айналыса бастаған. Жұмыспен және негізгі оқумен қатар, жас жігіт мануалды терапия, емдік дене шынықтыру, инемен емдеу, от массажы саласында көптеген курстардан өтті. Жеке оңалту кабинетін ашу идеясы басқа қалаға көшкеннен кейін пайда болған.

"Семейде оқып жүргенде балаларды оңалту орталығында жұмыс істедім. Оқуды бітіргеннен кейін Шемонаиха қаласына көшіп келдім, сол жерде маған адамдарға көмектесетін кабинет ашу идеясы келді. Барлық қажетті дағдылар бар, науқастар ризалық танытуда, неге бақ сынамасқа? Осылайша, балаларды да, ересектерді де қабылдайтын оңалту кабинеті есігін айқара ашты", - деді Бағдад.

Алты ай өз бетінше жұмыс істегеннен кейін ол "Бастау Бизнес" жобасы, грант алу мүмкіндігі туралы біліп, өз күшін байқап көруді шешті. Бұл шешімге келуіне отбасы да өз септігін тигізген.

"Бұл жоба туралы маған жұбайым айтты. Қатысу шарттарын қарастырып едік, барлық критерийлер бойынша сәйкес келетіндігіміз анықталды. Өтінім беріп оқудан өткен соң өзіміздің бизнес-жобамызды қорғадық. Кейін өтеусіз грант иегерлері атандық", - деп бөліседі Бағдад.

Грант қаражатына жас кәсіпкер барлық қажетті жабдықты сатып алды: жүгіру жолы, швед тосқауылы, физиоаппарат, парафиноаппарат және жиһаз. Жоспарда - арқа ауруларын емдеуге көмектесетін қымбат жабдықты сатып алу және өз ісін одан әрі кеңейту.

Фото
Фото: Бағдад Бағдадовтың жеке мұрағатынан

"Бастау Бизнес" жобасы бізге көп жаңалық ашты. Ойға түйіп, санаға сақтаған білім ісімізді дамыту бойынша болашақ жоспарларды құруға көмектеседі", - деп атап өтті кәсіпкер.

Айта кетейік, "Бастау Бизнес" жобасына қатысу арқылы кәсіпкерлік негіздерін тек жас кәсіпкерлер ғана емес, азаматтардың басқа да санаттары оқи алады. Оқудан өткеннен кейін, қатысушылар ережеде бекітілген санаттарға сәйкес болған кезде, 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант беру конкурсына қатысуға құқық беретін сертификат табысталады.

Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша жақын арада жас кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа құралы іске қосылады. Қазіргі уақытта ведомство жастарға 2,5%-бен несие беру және ұйымдастыру тетігін пысықтауда. Бағдарлама келесі жылдан бастап іске қосылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997185-zas-kasipkerler-oz-isin-bastauga-septik-bolgan-memlekettik-qoldau-turaly-aityp-berdi/

pixel