Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күміс жас" жобасының қатысушылары бірегей жерлерде қызықты жұмыс табуда

Опубликовано:

Нағима Мұратова
Фото: Нағима Мұратованың жеке мұрағатынан алынды

Зейнет жасына жеткен қазақстандықтар "Күміс жас" жобасына қатысу арқылы жоғары зейнетақыға қажетті еңбек өтілін жинақтау, тату ұжымда немесе бірегей жерде жұмыс табу, өз әлеуетін іске асыру және өмірлік тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігіне ие болуда.

Зейнет жасына жеткен адамға тұрғынға жұмыс табу оңайға соқпайды. Тың, сұранысқа ие мамандықтарды игеріп жатқан жастармен бәсекелесу қиын. Жас кездегідей шапшаңдық жоқ, денсаулық та бұрынғыдай емес, бұл тұрғыда жұмыс беруші тәжірибесі мол қызметкерден гөрі жас мамандарды жұмысқа алуды құп көреді. Сондықтан 50 жастан асқанда жұмыссыз қалған қазақстандықтар қиын жағдайға тап болады.

Таяуда, Ақмола облысына жұмыс сапары барысында, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда 50-60 жас аралығындағы 325 мыңнан астам әйелдің табысы мүлдем жоқ екенін, яғни олар жоғары зейнетақыға иек арта алмайтынын айтты.

Зейнет жасына тақаған (зейнетке шығуға 2 жыл қалған) қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін "Күміс жас" жобасы құрылды. Ол 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға арналған орындарды жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп құрады, жалақыны мемлекет 50% субсидиялайды.

Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны Нағима Мұратова 60 жасқа толған кезде жұмыс табу қаншалықты қиын екенін жақсы біледі. Бейнеу ауданның әкімшілік орталығы болғанына қарамастан, жұмыс орындары көп емес, бірінші кезекте бос жұмыс орындарын жастар иемденеді. Аға буынға тек тазалаушы, ас үй жұмысшысы сынды жалақысы төмен, ауыр жұмыстар қалады. Нағима Идреисовнаға мұндай жұмыстарға тұру мүмкін болмады, себебі денсаулығы көтермейді.

"Күміс жас" жобасы туралы бір кездесуде таныстарымнан естідім. Содан кейін Бейнеу аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркелгенім сол еді, тамыз айында мені жоба бойынша жұмысқа шақырды", - деді Нағима Мұратова.

Бүгінде ол "Ақниет" дәмханасының әкімгері. Жұмыс өте қолайлы болып шықты, мұнда жаңа қызметкердің ашық-жарқын мінезі, тың идеяларымен ұжымды шабыттандыра білуі, жұмысқа жауапкершілікпен қарауы, ұйымдастырушылық қабілетінің болуы – бәрі кәдеге жарауда. Мейрамхана басшылығымен де достық қарым-қатынас орнатты. Мұнда Нағима Ыдырысқызы зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеуді және егер күш-жігері сарқылмаса, әрі қарай жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бүгінде жұмыссыз әйелдерді қолдау үшін "Күміс жас" жобасына өзгерістер енгізілуде. Келесі жылдан бастап қазақстандықтар бұл жобаға 50 жастан бастап қатыса алады, оларға мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері, әлеуметтік қызметкерлер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілер, жас қызметкерлер үшін тәлімгер болу және тағы басқа қызметтер ұсынылады.

Осылайша, ел азаматтары үшін, оның ішінде табысы жоқ әйелдер үшін жұмысқа орналасу мүмкіндігі пайда болып, жобаға қатысу еңбек өтілі ретінде есептелінеді. Бұл олардың зейнетақысының базалық және жинақтаушы бөліктерінің мөлшеріне әсер етеді. Осы орайда "Күміс жасқа" қатысу мерзімі келесі жылдан бастап үш жылға дейін ұзартылып, жалақыны мемлекет бірінші жылы 70%-ға, екінші жылы – 65%-ға, үшінші жылы - 60%-ға субсидиялайтын болады.

"Күміс жас" жобасына қазақстандықтар бүгінде белсенді қатысуда. 10 айда 2576 адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде Алматы облысында – 522 адам, Түркістан облысында – 454, Жамбыл облысында – 269, Қарағанды облысында – 258 адам жұмысқа тұрған.

Еліміздің түрлі аймақтарында "Күміс жасқа" қатысушылар өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісе алатын жұмыс табуда. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны Василий Пилюшкин 62 жасында жұмыс іздестірген. Таныстар арқылы тек жалақысы төмен жұмыстар табылып отырды. Содан кейін ол жұмыспен қамту орталығына жүгініп, онда оған "Күміс жас" жобасына қатысу ұсынылды. Нәтижесінде Алтай ботаникалық бағында токарь бос жұмыс орны тез табылды. Бақтың тарихы бай, 1935 жылы құрылған және бүгінде бірегей өсімдіктердің саналуан түрін ұсынылған. Әлбетте бүкіл осы үлкен шаруашылыққа қызмет көрсету керек. Дәл осы сәтте Василий Тимофеевичтің токарлық жұмыстардағы кәсіби тәжірибесі зор пайдасын тигізді. Басшылық жаңа қызметкерге үлкен құрметпен қарайды, оның жауапкершілігі мен тиянақтылығын мақтан етеді.

"Күміс жас" жобасының басты мақсаты - зейнеткерлікке шыққанға дейін 2 жыл қалған жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Жобаға қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды, бірақ мерзім аяқталғаннан кейін қатысушыға зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін тұрақты жұмыс орны беріледі.

"Күміс жас" аясында қызметкерлерге де, жұмыс берушілерге де талап қойылатындығын атап өткен жөн. Жобаға салықтар мен басқа да аударымдарды үнемі төлейтін, жалақы бойынша мерзімі өткен қарыздары жоқ кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады. Зейнет жасына тақаған адамдарға ұсынылатын бос жұмыс орындары ауыр, зиянды немесе қауіпті болмауға тиіс. Сондай-ақ жоба аясында қатысушыларға кәсіптердің ұлттық классификаторына сәйкес біліктілігі төмен жұмысшылардың 9-шы тобына жататын кәсіптер бойынша жұмыс ұсынуға тыйым салынған. Жобаға қатысушының жалақысынан барлық салықтық және міндетті әлеуметтік аударымдар жасалуы қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997196-kumis-zas-zobasynyn-qatysusylary-biregei-zerlerde-qyzyqty-zumys-tabuda/

pixel