Жетісу облысында шаруалар қант қызылшасын егуден бас тартқан
Жарияланған күні:
Жетісу облысында шаруалар жаппай қант қызылшасын егуден бас тартқан. Өңірге қарасты Ақсу ауданындағы диқандардың 80 пайызы қызылшаның орнына басқа дақыл егуге көшкен, деп хабарлайды КТК арнасы.
Диқандардың айтуынша, өңірдегі судың жетіспеушілігі, жанармай бағасына қатысты мәселе әлі күнге шешімін таппаған.
Өңірде 1999 жылдан бері қант қызылшасын егіп, тіршілігін дөңгелетіп келген шаруа Александр Квитко биыл 80 гектар егістік алқабына жүгері еккен. Айтуынша, соңғы жылдары тәтті түбірдің пайдасынан көрі машақаты көбейген.
"Былтыр зауыт "бір келі қант қызылшасына 15 теңге" деп айтты. Мемлекет те өнімді өсіруге 15 теңге бөледі. Енді биыл 2023 жылы қынт қызылшасына бөлінетін баға жария болды. Келесі жылы мемлекет 25 теңге субсидия берсе, зауыт 15 теңге қылып қалдырды.
Көктемдегі егіс науқаны кезінде шекер 230-275 теңге болған. Бірақ қазір зауыттан шыққан тәттінің құны 450 теңге. Сонда зауыт шаруаларды ойламай ма?", - деді диқан Александр Квитко.
КТК арнасының мәліметінше, жылдар бойы шешімін таппаған түйткілді мәселелер әсерінен қызылша егетіндердің саны да күрт азайған. Үш-төрт жыл ішінде өңірдегі 50 шаруа қожалығы тәтті түбір өсіруден бас тартқан. Ал биыл қант қызылшасы 800 гектар алқапқа егілсе де, оның 200 гектардан астамы мүлде шықпай қалған.
"Жоспар бойынша 25 шаруа қожалық 800 гектар алқапқа қант қызылшасын септі. Енді көктем уақытында ауа райының қолайсыздығына байланысты 235 гектар алқапқа қызылша шықпай қалды. Жаңбыр жауды. Енді 565 гектар егіннің жинау, қазу жұмысы жүріп жатыр", - деді Ақсу ауданы жер қатынастары мен ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Азамат Қасымов.
Телеарна мәліметінше, қант қызылшасының бұл көлемі "АқсуҚант" зауытының көңілінен шықпайды. Зауыт басшысы 2017 жылдан бері қант қызылшасының қажетті көлемі келмей, шығынға батқанын мәлім еткен. Осы себепті зауы келесі жылдан бастап қамыстан қант шығаруды қолға алмақ. Алайда бір келі қант қызылшасына қарағанда, қамыс бағасы әлдәқайда қымбат әрі шикізат шетелден тасымалданады екен.
"2023 жылғы баға қылшаны өңдеп біткеннен кейін белгіленеді. 15 теңге бола ма немесе одан жоғары көтеріле ме, бағаны зауыт сол кезде айтады. Баға қызылшаның келген құрамына, сапасына және қанттың өзіндік құны қаншаға шығады осы мәселелерге байланысты болады", - деді "АқсуҚант" жауапкершілі шектеулі серіктестігінің бас директоры Самат Нәдірбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997318-zetisu-oblysynda-sarualar-qant-qyzylsasyn-eguden-bas-tartqan/