Қазақстанның 153 кәсіпорнында төтебақылау енгізілді

Опубликовано:

көрнекі сурет
Фото: pixabay.com

Республиканың 153 кәсіпорнында қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша төтебақылау енгізілді, деп хабарлады ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті.

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдың 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес, Қазақстанда келісімшарттық қатынастар шеңберінде тапсырыс берушіден мердігерге дейін кәсіпорындарда төтебақылауды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Осыған байланысты ҚР Еңбек кодексіне 2022 жылы бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, құрылыс алаңында еңбекті қорғау талаптарының сақталуын жалпы үйлестіруді жұмысты ұйымдастырушы - бас мердігер жүзеге асыратын қағидат белгіленген.

Ал ҚР ЕК 184-бабының 6-тармағына сай, егер құрылыс алаңына бір мезгілде бірнеше ұйым тартылса, онда бас мердігер олардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарын сақтауы жөніндегі жұмыстарды жалпы үйлестірумен де айналысады.

Бұл ретте мердігерлік және қосалқы мердігерлік ұйымдардың құрылыс алаңында қауіпсіздік саласындағы талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторлары жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда республиканың Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, "Қазхром" ТҰК" АҚ, "Теңізшевройл" ЖШС және тағы басқа кәсіпорындарында төтебақылау енгізілді.

Жергілікті еңбек инспекциялары қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің аумақтық бірлестіктеріне, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармаларына, ірі құрылыс ұйымдарына төте бақылауды енгізу бойынша ұсынымдар жолдаған.

Естеріңізге сала кетейік, статистикаға сәйкес, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтардың 30%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне тиесілі.

Бұл ретте өндірістегі жазатайым оқиғаларға әкеп соқтыратын негізгі себептер: жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (34,9%); жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (28,3%); еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,1%); автожол қозғалысы қағидаларын бұзу (9,1%) болып табылады.

Келеңсіздіктердің алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2800-ден астам кәсіпорны OHSAS 18001 және ХЕҰ-ЕҚБЖ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізді.

2019 жылдан бастап республикада "Vision Zero- нөлдік жарақаттану" тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда оған 332 кәсіпорын қосылды.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдарды "Халықтық бақылаушылар" ретінде тартуды көздейтін "Халықтық бақылау" әлеуметтік маңызды жобасы енгізілуде.

Бүгінгі таңда бұл жобаны іске асыруға еліміздің 212 кәсіпорны қосылып, оларда 500-ден астам қызметкер ішкі бақылауды жүзеге асырады.

Өндірістік нысандарда ішкі бақылауды еңбекті қорғау жөніндегі 21 мыңнан астам техникалық инспектор жүзеге асырады. Сондай-ақ 16 мыңнан астам өндірістік кеңес жұмыс істейді.

Ең көп жазатайым оқиғаларға жол берілген 173 кәсіпорында, өңірлердің әкімдіктерімен тізе қосқан райда, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың жекелеген жоспарлары әзірленіп, бекітілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997490-qazaqstannyn-153-kasipornynda-totebaqylau-engizildi/